Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Баршаңызды Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Бұл – мұсылман қауымының ерекше ықыласпен қарсы алатын ұлық мерекесі.
Қасиетті Рамазан айында жұрт адамгершілік құндылықтарға баса мән береді, рухани тазаруға ұмтылады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қайырымдылық көрсетеді. Отыз күн оразадағы сабыр мен қанағатқа негізделген игі амалдың бәрі Айт мерекесінің шынайы болмысын айшықтай түседі.
Ата дініміз адамзатты татулық пен тыныштыққа, қамқорлық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа үндейді. Адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырады. Мұның барлығы, түптеп келгенде, бүкіл еліміздің ырысты ынтымағын арттыруға ықпал етеді.
Халқымыздың салт-дәстүрі Ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасып жатыр. Бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқарады.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әр шаңыраққа бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Айт қабыл болсын, ағайын!", деп көрсетілген құттықтауда.
Emirates әуе компаниясы Алматы мен Дубай арасында жүк рейстерін іске қосты
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Алматы мен Дубай арасында енді жүк тасымалымен айналысатын ұшақтар қатынайды, деп хабарлайды Қазинформ.
2026 жылдың 16 маусымында Emirates SkyCargo компаниясы Дубай – Алматы бағыты бойынша Boeing 777F ұшағымен алғашқы жүк тасымалын жасады.
Алматы халықаралық әуежайының мәліметінше, алғашқы жүк рейсін орындаған ұшақ авиациядағы дәстүр бойынша су доғасымен қарсы алынған. Қызметкерлер экипаж мүшелерін салтанатты түрде күтіп алып, тұсаукесер рәсімін өткізген.
Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша апталық жүк рейстері әр сейсенбі күні орындалады. Әуе компаниясы аптасына 100 тоннадан астам жүк тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл Алматы мен халықаралық нарықта электроника, тез бұзылатын өнімдер, өнеркәсіптік жабдықтар және басқа да тұтыну тауарларын қоса алғанда, әртүрлі жүк түрлерін тиімді әрі үздіксіз тасымалдауға мүмкіндік береді", - деп хабарлады әуежайдан.
Алматы Emirates SkyCargo компаниясының Орталық Азиядағы алғашқы бағытына айналған.
Еліміздің СІМ АҚШ-та терроризмге қатысы бар деген күдікпен ұсталған жерлесімізге қатысты пікір білдірді
Достарға айту
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та терроризмге қатысы бар деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматы туралы ақпараттан хабардар екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, барлық мән-жайлар анықталуда. Қосымша ақпарат ресми деректер келіп түскен кейін ұсынылатын болады", - деп хабарлады СІМ Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі қойған сауалға берген жауабында.
БАҚ тараған ақпараттарға сүйенсек, 5 маусым күні америкалық арнайы қызметтер Қазақстан азаматын Коммерс қаласында ұстаған. Басылымдардың хабарлауынша, ұсталған азамат террорлық құрылымдармен байланысы болуы мүмкін деген күдікке іліккен.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Чикаго қаласында із-түзсіз жоғалған қазақстандықтың қаза тапқанын растаған болатын.
Алматы тұрғындары Көкжайлауға баратын бағыт бойындағы ағаштарға салынған белгілерге алаңдаушылық танытуда
Достарға айту
Алматы тұрғындары Казачка шатқалы арқылы Көкжайлауға баратын жол бойындағы ағаштарға белгілер салынғанына алаңдаушылық танытып, ағаштардың фото және бейнематериалдарын агенттік редакциясына жолдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, ағаш діңдеріне әртүрлі белгілер, соның ішінде цифрлар да бейнеленген. Бұл тауда серуендейтін тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып, жасыл желектердің кесілуі мүмкін күдіктің пайда болуына себепкер болып отыр.
Ағаштардағы белгілер үлкен мәселе болып тұр... Егер орман шаруашылығы құрылыстың қарқынды дамуын пайдаланып, осыншама ағашты жойып жіберсе, бұл нағыз қылмыс болады. Белгі қойылған ағаштардың басым бөлігінде қурау немесе жойылу белгілері мүлдем байқалмайды",- делінген редакцияға жолданған хатта.
Кадрлардан ағаш діңдерінің қабығы аршылған тұстарына цифрлар мен басқа да белгілер салынғанын көруге болады. Алайда әзірге бұл аумақтағы ағаштарды таңбалаудың себептері туралы ресми ақпарат жоқ.
Тұрғындардың өтініштеріне байланысты агенттік Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілігіне, сондай-ақ сала мамандарына ағаштардағы белгілердің мақсатын түсіндіру туралы сұрау жолдады. Редакция ресми түсініктемелерді күтуде.
Қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасады
Достарға айту
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу көзделген. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде: жыл сайын нысандардың кемінде 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы Картадағы нысандардың 20%-ы, 2024 жылы - 40%-ы, 2025 жылы - 60%-ы, 2026 жылы - 80%-ы, ал 2027 жылы 100%-ы толық бейімделуі жоспарланған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.
2026 жылдың соңына дейін республика бойынша 34 318 нысанды бейімдеу көзделген. 2026 жылғы 15 маусымдағы жағдай бойынша 30 571 нысан толық бейімделіп, жоспарланған көрсеткіштің 71%-ын құрады.
Бейімделген нысандардың ішінде денсаулық сақтау ұйымдары - 5 020; білім беру ұйымдары - 9 574; мәдениет нысандары - 2 257; сауда және қызмет көрсету нысандары - 6 369; мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар - 4 222; өзге де нысандар - 3 129.
Ең көп бейімделген нысандар Алматы қаласында (6 189 нысан), Түркістан (2 512 нысан), Қызылорда (1 887 нысан) облыстарында, Шымкент қаласында (1 623 нысан), Атырау облысында (1 559 нысан) және Астана қаласында (1 456 нысан) орналасқан.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Нысандарды бейімдеу кезінде кіреберістің қолжетімділігіне, санитариялық-гигиеналық бөлмелерге, навигация жүйесіне, сондай-ақ азаматтардың барлық санаты үшін қауіпсіз әрі дербес қозғалуына жағдай жасауға ерекше назар аударылады.
Мүгедектігі бар азаматтардың пікірінше, жүзеге асырылып жатқан шаралар олардың өмір сүру сапасын арттырып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Жыл сайын кедергісіз орта аясы кеңейіп келеді және бұл біздің өмір сапамызға тікелей әсер етеді. Әсіресе қоғамның көзқарасы өзгеріп жатқаны қуантады: кәсіпкерлер мен нысан иелері инклюзияның шынайы маңызын түсіне бастады. Өйткені қолжетімді орта - ең алдымен біздің тәуелсіздігіміз", - дейді бірінші топтағы мүгедектігі бар Дастан Раушанбеков.
Қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары мемлекеттік инклюзивті саясат аясында белгіленген жоспарларға сәйкес еліміздің барлық өңірінде жалғасатын болады.
Ішкі істер министрлігі азаматтарға күш құрылымдары мен құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескерту жасады.
Хабарламаға сәйкес, қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс адам ретінде көрсетеді. Әртүрлі сылтаумен шұғыл түрде қарызға ақша беруді сұрайды.
Сондай-аө, ақша аударуды сұраған хабарламаларға, тіпті олар өзіңіз танитын адамның атынан келсе де сенбеуді, ешкімге SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және басқа да жеке мәліметтерді бермеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды орнатпауды ескертеді.
Осындай хабарламалар алған жағдайда, ақпараттың рас-өтірігін міндетті түрде өзіңіз білетін телефон нөмірі немесе ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіздер", - деді ІІМ.
Халықаралық волонтерлер жылы 200 мың қазақстандықты біріктірді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
2026 жылдың басынан бері Халықаралық волонтерлер жылы 200 мың қазақстандықты біріктірді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда түрлі іс-шараларға қатысқан белсенді волонтерлер санының өсуі бойынша оң динамика байқалып отыр. Олардың саны 200 мың адамға жетті.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Бұл бастама Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың дамуына маңызды серпін берді.
gov.kz
Жыл аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі 23 сәуірде Астанада өткен өңірлік экологиялық саммит шеңберіндегі "Волонтерлік және экологиялық іс-қимыл" атты сессия болды. Аталған іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сюй Хаолянь және Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы, Жапония мен Ауғанстаннан келген 200-ге жуық қатысушы қатысты.
Сонымен қатар волонтерлер қауымдастығының қатысуымен тарихи-мәдени нысандарды абаттандыруға бағытталған "Мәдени мұраны бірге сақтайық" акциясы, "Игі істер марафоны" ұлттық жобасының көктемгі кезеңі және халықаралық "Таза жағалаулардың бірыңғай іс-қимыл күні" акциясы өткізілді.
gov.kz
Сондай-ақ жыл басынан бері шамамен 120 мың волонтер "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысты.
Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Осы мақсатта еліміздің ірі қалаларында 250-ден астам белсенді волонтердің қатысуымен көшпелі фокус-топтар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 120-ға жуық ұсыныс пен ұсыным жиналды. Сонымен қатар экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы дайындалу үстінде.
Бұдан бөлек, биыл республикада Волонтерлікті дамытудың ұлттық индексі мен Волонтердің цифрлық паспорты енгізіледі.
gov.kz
Қазіргі уақытта Қазақстандағы волонтерлердің жұмысын Ұлттық фронт-офис үйлестіреді. Сондай-ақ өңірлерде 20 фронт-офис, бірыңғай колл-орталық және 1200-ден астам жобаны және 3884 ұйымды біріктірген Qazvolunteer.kz онлайн платформасы жұмыс істейді. Қазіргі кезде 56 волонтерлік жоба мен әрқайсысы 1 миллион теңгеден болатын 60 шағын грант іске асырылып жатыр.
БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен бірлесіп Алматы қаласындағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығы базасында "Азиялық волонтерлерді даярлау орталығын" құру мәселесі пысықталуда.
Сондай-ақ толық қаржыландыру бағдарламасы аясында қазақстандық 5 волонтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНИСЕФ және БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) миссияларына Аргентина мен Қытайға жіберілді.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев баруға ұсынылмайтын елдер туралы жаңартылған ақпаратты жариялады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Африка елдерінде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Таяу Шығыстағы қақтығыс баршаға белгілі. Қазіргі уақытта Иранға бару ұсынылмайды. Сондай-ақ Африканың бірқатар елдеріне бармауға кеңес береміз", - деді вице-министр.
Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Сыртқы істер министрлігі әлемнің әртүрлі елдеріндегі саяси, экономикалық және табиғи жағдайды тұрақты түрде бақылап отырады. Осы мәліметтердің негізінде мемлекеттік органдар азаматтарға арналған ұсынымдар мен ескертулер жариялайды.
Вице-министр сондай-ақ қазақстандықтарды ел ішіндегі саяхат мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Оның айтуынша, бұл Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, туристік саланың дамуына да қолдау көрсетеді.
СІМ: қазақстандықтардың АҚШ визасына берген өтініштерінің шамамен 45-46%-ына бас тарту беріледі
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстан азаматтарының Америка Құрама Штаттарының визасына берген өтініштерінің шамамен 45–46%-ына бас тарту беріледі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Сенаттағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Виза беруден бас тарту мәселесіне келсек, бұл - біздің серіктестеріміздің егеменді құқығы. Көп жағдайда ол жеке ақпаратқа қол жеткізуге қатысты мәселелермен реттеледі және жария етілмейді, соның ішінде бізге де хабарланбайды. Сондықтан мұндай бас тартулардың нақты саны туралы айту қиын. Кейбір елдер ғана осындай статистиканы, яғни бас тарту пайызын жариялайды", - деді ол.
Оның айтуынша, әлемдегі жағдай өзгермелі болып қала береді және көптеген мемлекеттер шетел азаматтарының елге кіру тәртібін тұрақты түрде жаңартып отырады.
Ержан Ашықбаев сондай-ақ Қазақстан азаматтарына барған елдердің заңнамасын сақтаудың маңыздылығын еске салды.