26.01.2023, 17:51 33011

Елена Рыбакина Australian Open-2023 турнирінің тарихи финалына шықты

Елена Рыбакина Australian Open-2023 турнирінің тарихи финалына шықты
Сурет: sports.kz
Елена финалда белоруссиялық Арина Соболенко немесе Польша өкілі Магда Линеттің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады

Мельбурн. 26 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі.
 

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 24-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, өткен жылы Индиан-Уэллсте (АҚШ) қазақстандық теннисші басым түскен еді. Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте В. Азаренко брейк жасап, алға кетті. Дегенмен, Елена қатарынан үш геймді алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Әйтсе де, өзі доп бергенде, сетболды пайдалана алмады. Тай-брейкте Елена дегеніне жетті - 7:6 (7:4). Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті - 2:1. Тағы бір брейк - 5:2. Дегенмен, Елена матчқа доп бергенде, В. Азаренко қайыра брейк жасады. Бірақ, қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен матчты түйіндеді - 6:3", - деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясы.

 
Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Е. Рыбакина 9 эйс жасап,11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
 
Осылайша, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.
 
Елена финалда әлемнің 5-ракеткасы, тағы бір белоруссиялық Арина Соболенко немесе рейтингіде 45-сатыдағы Польша өкілі Магда Линеттің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.
 
Өткен жылы Рыбакина Уимблдонда тарихи жеңіске жетті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны