09.02.2023, 12:36 30116

Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды

Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды
Соңғы мәліметтер бойынша, Сирияда 1 200-ден астам адам қаза тапты

Астана. 9 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, жер сілкінісі Сирияға да әсер етті: Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинциялары. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, 1 200-ден астам адам қаза тауып, екі мыңнан астам адам зардап шекті.

Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды", - деді министр.


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатайға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі.

6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді. Түркияда жер сілкінісі үш күннен бері жалғасып келеді. Елде жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланды және апаттан зардап шеккен он провинцияда үш айға төтенше жағдай енгізілді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 12 873-ке дейін өсті, 62 937 адам жараланды.

Кеше Түркиядағы жер сілкінісі кезінде Қазақстан азаматтары хабар-ошарсыз кеткені белгілі болды. 8 ақпан күні кешке үйінділердің астынан тірі қазақстандық Сабина Мамадиярова табылды. Іздеу жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Қазақстан Түркия Республикасына шұғыл көмек көрсетуге 1 миллион доллар бөледі. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі 2023 жылғы 8 ақпанда қабылдады.

Сондай-ақ, Қазақстан Түркияға құтқарушылардың екінші тобын жіберді. Қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны