10.02.2023, 11:32 21566

Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы өтіп жатыр

Мемлекет басшысы халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тығыз әрі достық қарым-қатынасы соңғы жылдарда жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен
Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы өтіп жатыр
Сурет: senate.parlam.kz
Түркістан. 10 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Түркістан шаһарында Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр. Екі күнге жалғасатын Форумда олар парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттарын және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
 
Форумға қатысып жатқан қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен делегацияларын тиісінше Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзода және Түрікменстан Меджлисінің Төрағасы Гурбанмурат Ашыров бастап келді.
 
Іс-шара кезінде депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайту мәселесін және Парламенттердің осы үдерістегі рөлін талқылайды. Сонымен қатар форумға қатысушылар ортақ тарихи-рухани мұраға негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударады.
 
Форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады. Құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрсетіледі.
 
10.02.2023, 11.45 толықтырылды
 
Сенат Спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Форумға қатысушыларға арналған Үндеуін оқып берді. Мемлекет басшысы халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тығыз әрі достық қарым-қатынасы соңғы жылдарда жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен. Мұндай үдеріс аймақтағы елдердің ұлттық мүддесімен толық үндеседі.
 

Парламентаралық форумды өткізу халықтарымыздың мүддесіне сай келетін уақтылы бастама. Бүгінгі шиеленіскен геосаяси ахуал және құбылмалы әлемдік экономика жағдайында парламенттік дипломатияның маңызы айтарлықтай артып отыр. Екіжақты келісімдерді қамтамасыз етуде, достық және тату көршілік қатынасты сақтауда, өңірдегі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда парламентшілердің қызметі айрықша рөл атқарады. Қазіргі таңда біздің елдеріміз үшін экономикалық кооперацияны дәйекті түрде дамытудың мәні зор. Бұл ретте өңірлік және шекара маңындағы сауда-саттықты арттыруға, көлік-транзиттік саладағы серіктестікті дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды қолға алуға баса мән берген абзал. Орталық Азияның ортақ рухани мұрасын сақтау және біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа қарқынмен жандандыру маңызды", - делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуінде.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны