01.04.2022, 18:34 26251

Алматы облысы қалай бөлінетіні туралы әкімдікте айтылды

Алматы облысы қалай бөлінетіні туралы әкімдікте айтылды
Сурет: Depositphotos
ТАЛДЫҚОРҒАН. 1 СӘУІР - Алматы облысының әкімдігінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірдің қалай бөлінетіні туралы айтылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жаңадан құрылатын Жетісу облысының аумағында 352 елді мекені бар 8 аудан мен 2 қала, Алматы облысының құрамына 380 елді мекені бар 9 аудан мен 1 қала енгізілетін болады. Облыста Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі Іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Осы іспен айналысатын арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады", - деді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.

 
Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару процесін оңтайландырады, азаматтардың облыс орталығына барып-қайтуын жеңілдетеді, ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді. Екі өңірдің дамуына қуатты серпін береді, деп атап өтті Қ.Бозымбаев. 
 
Облыс әкімінің айтуынша, маңызы бар әкімшілік-аумақтық бірліктердің жаңа шекаралары және басқа да географиялық деректер көрсетілген схемалық карта дайындалып, Қапшағай қаласының жаңа бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Экономикалық есептеулер жасалып, Алматы және Жетісу өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша талдау материалдары дайындалды. Қолданыстағы штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдарды орналастыру үшін объектілерді айқындау жұмыстары басталды.
 
Көшуге байланысты шығындарды, соның ішінде қызметтік үй-жайларды жалдау, көтерме жәрдемақы төлеу, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін тұрғын үй жалдау және басқа да шығындарды қаржыландырудағы бірқатар проблемалық мәселелер де айтылды. Осыған байланысты есептеулер жүргізілуде, республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім берілетін болады.
 
Сессия барысында сөз алған депутаттар бір ауыздан облыстарды бөлу туралы Президент бастамасын қолдап, бұл қос өңірдің де тиімді дамуына мүмкіндік беретінін айтты.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің наурыз айындағы жолдауында елімізде екі жаңа облыс: Абай және Ұлытау облыстарын құруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Алматы облысы Жетісу және Алматы облыстарына бөлінеді. Қазақстанда жаңа облыстар бірінші жартыжылдықтың соңында пайда болады деп күтілуде.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны