11.06.2026, 14:53 1026

Қазақстандағы БҰҰ өңірлік орталығы: жобаларды іріктеуде қандай критерийлер қолданылады

Қазақстандағы БҰҰ өңірлік орталығы: жобаларды іріктеуде қандай критерийлер қолданылады
Сурет: depositphotos.com
Қазақстанда Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы өз жұмысын бастайды. Орталық жүзеге асыратын жобаларды іріктеу кезінде қандай критерийлер қолданылатыны туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сенат отырысында айтып берді.

Ең алдымен өңірлік жобаларға басымдық беріледі. Әрбір мемлекеттің стратегиялық даму жоспарларын үйлестіру және өзара ықпалдастыру арқылы БҰҰ орталығы жекелеген елдерде тиісті жобаларды іске асыратын болады. Бұл жобалар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларда жүзеге асырылады, ал әрбір мемлекет аталған басымдықтарға негізделген кешенді өзара іс-қимыл жоспарын әзірлейді", - деді Ержан Ашықбаев.


Сонымен қатар, спикер барлық бағдарламалар Біріккен Ұлттар Ұйымының қатаң талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, орталық жыл сайын іске асырылған жобалар туралы, сондай-ақ өзінің қаржылық жағдайы мен бөлінген қаражаттың пайдаланылуы жөнінде есеп беріп отырады.

Еске салсақ, бүгін ҚР Парламенті Сенаты "Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.

Орталық техникалық көмекті кеңейтумен, тәжірибе алмасуды және сараптамалық қолдауды ұйымдастырумен, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-мен және Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанмен өзара іс-қимылын нығайтумен айналысады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны