26.03.2021, 17:47 15309

ҚР Бас санитариялық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды

НҰР-СҰЛТАН. 26 НАУРЫЗ - ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов "Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 25 наурыздағы №12 жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "Қазақстан Республикасы туроператорларының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елдерде демалысын ұйымдастыру кезінде Қазақстан Республикасына COVID-19 әкелінуінің алдын алу жөнінде қосымша шаралар қабылдасын.
 
Медицина қызметкерлері демалыстан, іссапардан, ауруына байланысты жұмыс орнында болмағаннан кейін, медициналық ЖОО-лар мен медициналық колледждердің студенттері медициналық ұйымдарда практиканың басталуы алдында медициналық ұйымға нәтижесі берілген күннен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен, ПТР әдісімен COVID-19 тестінің теріс нәтижесі бар анықтама болған кезде жіберіледі.
 
Құжатқа сәйкес, 2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанында республиканың барлық өңірлерінде контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат етіледі.
 
Білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етіледі.
 
Тәуекелі төмен және орташа аймақтарда (жасыл және сары аймақтар) орналасқан өңірлердегі жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат етіледі.
 
Тәуекелі жоғары аймақта (қызыл аймақ) орналасқан өңірлерде жалпы білім беретін мектептерде 1 сыныптан бастап 5 сыныпты қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1 сыныптан бастап 7 сыныпты қоса алғанда, мектеп алды сыныптарының оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат етіледі. Оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтықтан аралас форматта оқытуға рұқсат етіледі (сыныпта 15 адамнан асырмай, "1 сынып - 1 кабинет" қағидаты бойынша оқыту, санитариялық-дезинфекциялық және маска режимін сақтау).
 
Осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар негізінде әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметі шектеледі. Бұл ретте, шектеу шараларын қатаңдату эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда ("жасыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа көшу) 5 күн ішінде жүргізіледі, карантиндік шараларды жеңілдету "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "жасыл" аймаққа көшкеннен кейін 7 күннен кейін жүргізіледі.
 

КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингент және оларды вакцинациялау басымдылығы КВИ-мен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайға және КВИ-ге қарсы вакциналар көлемінің жеткізілуіне байланысты жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің қарап шешуі бойынша қайта қаралады", - делінген қаулыда.

 
КВИ-ды қоса алғанда, инфекциялық аурумен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін егіледі. Бұл ретте өзінің кәсіптік қызметінің түріне байланысты жеке қорғаныш құралдарымен КВИ-мен ауыратын науқаспен байланыста болған медицина қызметкерлері жатпайды.
 
Жекелеген жағдайларда (халық санының аздығы, стационарлық егу кабинетінің болмауы, ұйымдастырылған, температуралық режимі төмен тоңазытқыш жабдығының болмауы, ұйымдастырылған ұжымдарда, адамдар көп жиналатын орындарда вакцинация жүргізу кезінде) вакцинация жүргізу үшін жылжымалы егу пункттері немесе көшпелі егу бригадалары ұйымдастырылады.
 
Вакцинацияны екі кезеңмен жүргізеді: ең алдымен I компонентпен 0,5 мл дозада, содан кейін 3 аптадан кейін (вакцинация күнін есептемегенде 21-күн) - II компонентпен 0,5 мл дозада; бұл ретте, 21-күні II компонентпен вакцинация жүргізу мүмкін болмаған жағдайда (демалыс, мереке күндеріне сәйкес келу, басқа елді мекенге жолға шығу және т.б.) егуді келесі 7 күн ішінде жүргізуге жол беріледі; I және II компоненттерді енгізу арасындағы аралықты негізсіз ұзартуға жол бермеу ұсынылады, себебі бұл иммундық жауаптың қалыптасуына және вакцинацияның тиімділігінің төмендеуіне алып келеді. Жекелеген жағдайларда 21-күні II компонентпен егу жүргізу мүмкіндігі болмағанда (ауру, жолға шығу және басқалары) I компонентпен егуден кейін 60 күнге дейінгі кезеңде II компонентпен егуді жүргізуге жол беріледі.
 
Осы қаулы 2021 жылғы 26 наурызда сағат 00-ден бастап күшіне енеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны