14.10.2022, 15:08 34246
Ресей Қазақстанның орыс тілін ілгерілету жөніндегі ұсынысын қолдайды - Путин
Сурет: Ақорда
Достарға айту
Астана. 14 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - 14 қазанда Астанада өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің жиынында сөйлеген сөзінде Ресей президенті Владимир Путин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орыс тілін дамыту жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы идеясын қолдайтынын айтты.
Ресей басшысы 2020 жылғы желтоқсанда ТМД мемлекеттерінің басшылары 2023 жылды ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілі жылы деп жариялау туралы шешім қабылдағанын еске салды.
Оның басталуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған жаңа қызықты жобамен жақындап қалғанымыздың символдық мәні бар. Бұл – ТМД аясында орыс тілін насихаттайтын халықаралық ұйымның құрылуы. Әрине, біз бұл бастаманы іске асыруға барынша көмектесеміз", - деді Владимир Путин.
Ол әріптестеріне бұл қандай да бір дайындық емес, шын мәнінде Қазақстан Президентінің идеясы екенін айтты.
Бұл ұсынысты ол маған бұрын айтқан. Әрине, Ресей бұл бастаманы қолдамай тұра алмайды", - деді Владимир Путин.
Ол сондай-ақ Ресейдің Достастықтағы алдағы тақырыптық жылдарға арналған шешім жобасын қолдайтынын атап өтті: 2024 жыл еріктілер қозғалысы жылы, 2026 жыл денсаулықты қорғау жылы болады.
14 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД-ға мүше мемлекеттердің Мемлекет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтті.
Ақпарат көзі: zakon.kz
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
04.06.2026, 15:28 661
Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алу керек - Президент
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада ел ішінде жасалып жатқан реформалар нәтижесі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл - қасиетті Отанымыз - Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз.
Қастерлі рәміздеріміз - ұлт құндылықтарының жарқын символы.
Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады. Елтаңба - елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран - азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз - Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды.
Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді.
Бәріңізге белгілі, наурыз айында біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдумға қатыстық. Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, дауыс берді. Осылайша, біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды.
Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды. Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды.
Конституцияда әр адам еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс деп көрсетілді. Себебі ұлттық нышандарымызды қадірлеу отаншылдық рухының ең биік өлшемі екені сөзсіз. Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз - жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі. Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру, бұл - аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді. Ұлттық нышандарымызды ұлықтау - ортақ парыз, бұл - әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу - мемлекетімізді құрметтеу деген сөз.
Құрметті отандастар!
Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие. Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек. Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция - Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде Негізгі заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі.
Еліміздің бас құжаты - Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.
Осылайша, біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз. Қазірдің өзінде халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі, тіпті, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың басым көпшілігі заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту стратегиясын қолдайды, сондай-ақ "Таза Қазақстан" акциясына белсене қатысады.
Алайда бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға - жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет.
Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын.
Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл - елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы.
Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және ілгері қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз.
Еліміздің Егемендігі, Тәуелсіздігі - ең маңызды, ең қастерлі құндылығымыз.
Біз өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде өзімізге сенімді болуымыз керек. Ешкімге жалтақтамай батыл әрекет етуіміз қажет. Бұдан басқа жол жоқ. Мақсаты айқын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мемлекет тағдырына жауапты екенін терең түсінеді. Олар еріктілер қатарына қосылып, қайырымдылық жасап, маңызды бастамаларды табысты іске асырып жүр.
Нағыз отаншыл адам көзбояушылыққа бармайды, шын патриот ел мүддесі үшін табанды еңбек етеді. Жасампаз отаншылдық дегеніміз де - осы.
Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды. Сондықтан біз Абайдың ұлағатына сай "ақырын жүріп, анық басамыз". Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, алысқа көз тігеміз. Төл тарихымызға құрметпен қарап, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға баса назар аударамыз.
Бұл бағытта белсенді жұмыс істелуде. Жошы хан жерленген Ұлытау аймағына облыс мәртебесі берілді. Елімізде Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. Біз бұл мекеменің ғылыми әлеуетін күшейте береміз.. Көп ұзамай Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарыққа шығады. Оның бір томы түгелдей Алтын Орда тақырыбына арналды.
Бұдан бөлек, біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік. Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді. Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды.
Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Алтын Орданың ең басты мұрасы - оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді.
Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады. Сондықтан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде біз Еуразияның біртұтастығын, өсіп-өркендегенін, ондағы мемлекеттердің барлығы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ қауіпсіздікті сақтап, халықтарының игілігі үшін қызмет еткенін құптаймыз.
Біздің мақсатымыз - өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу.
Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары дамудың бұрын-соңды болмаған үлгісі мен тәсілдеріне жол ашатын жаңа әрі шексіз кеңістік қалыптастырды. Мыңның біріне берілетін дәл осы тарихи мүмкіндікті тек қуатты, күшті, болашаққа бағдар түзеген халықтар пайдалана алады.
Бұл міндетті еңсеру біздің өскелең ұрпақтың қолынан келеді. Мен бұған сенімдімін.
Қазақстанның орнықты дамуының негізінде ұлы тарихымыз, одан кем түспейтін қазіргі сәт және, ең бастысы, жарқын болашақ арасындағы ажырамас байланыс жатыр.
Қазір Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналды. Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік. Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс - өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз.
Құрметті жас сарбаздар!
Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай "лейтенант" емес, "аға лейтенант" шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден "аға лейтенант" шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл - өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік.
Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің "атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын" деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді. Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін. Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр. Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын!
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.06.2026, 13:22 16681
Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысты
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі кезде қала ауданы 88 мың гектарды құрайды. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын 4 арнаулы аумаққа бөлінген. Сонымен қатар қаланың негізгі даму аймақтары мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистралды инфрақұрылымды ілгерілету бойынша жол картасы қолға алынған. Басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын Конституциялық заң қабылданды.
Бүгінде Gate City тұрғын үй алабы жедел өркендеп келеді. Мұнда "жайлы мектеп" бой көтеріп, "Маревен Фуд Тянь-Шань", "КНАУФ", Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді жүйе құрайтын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Оның жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асады. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін өңірдегі алғашқы заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. "Исткомтранс" және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда.
Мемлекет басшысына Iconic Complex жобасы таныстырылды. Бұл Алатаудағы көпфункционалды озық кешен саналады. Қаладағы негізгі нысанның бірі Gate District ауданында бой көтермек.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 20:09 82441
KEGOC Үкіметке Ұлттық электр желісінің қызметінің негізгі қорытындылары мен даму жоспарларын таныстырды
Достарға айту
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтің төрағалығымен "KEGOC" АҚ қызметі мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның барысында Мемлекет басшысының Ұлттық электр желісін дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық, сондай-ақ энергия жүйесін басқаруда цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындаудың ағымдағы қорытындылары қарастырылды.
2025 жылы KEGOC жөндеу науқанын жоспардан 18%-ға артығымен орындап аяқтады. Инвестициялық бағдарлама нақты 99,5 млрд теңгеге игерілді. 2026 жылы жалпы инвестиция көлемі 181,9 млрд теңге деңгейінде жоспарланған.
Қазіргі кезеңде KEGOC "Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту" және "Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен біріктіру" жобаларын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша оларды іске асыру мерзімдері қысқартылды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жиында Ұлттық электр желісін 2035 жылға дейін дамыту бойынша перспективалы жобалар жеке қарастырылды, ол шамамен 7 мың шақырым жаңа электр беру желілерін салуды көздейді.
KEGOC цифрландыру және ЖИ қолдану аясында энергия жүйесінің жұмыс режимдерін және жаңартылатын энергия көздері өндірісін онлайн бақылау, болжау, деректерді талдау және өндірістік процестерді автоматтандыру жобаларын жүзеге асырып жатыр. Іске асырылған цифрлық және интеллектуалды шешімдердің жиынтық әсері 16,6 млрд теңгеден асты.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындықты қамтамасыз ету, негізгі энергетикалық жобаларды іске асыру барысы мен мерзімдеріне бақылауды күшейту, сондай-ақ еліміздің энергетикалық кешенін жаңғыртуда нақты нәтижелерге қол жеткізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 18:38 81001
Қазақстанда жағармайды молекулалық таңбалау қарастырылуда
Достарға айту
29 мамырда "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ алаңында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілиястің және Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтің қатысуымен отынның молекулалық таңбалау мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігнің баспасөз қызметінен.
Кеңеске Энергетика министрлігінің, Сауда және интеграция министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның, "Цифрлық экономиканы дамыту орталығы" ЖШС-нің, сондай-ақ Сингапурдың Nanolumi компаниясының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар отын нарығының ашықтығын арттыруға, мұнай өнімдерінің айналымын бақылауды күшейтуге және отынның заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған цифрлық технологиялар мен мұнай өнімдерін молекулалық таңбалауды қолданудың халықаралық тәжірибесін қарастырды.
Nanolumi компаниясының өкілдері арнайы молекулалық маркерлерді пайдалануға негізделген технологиялық шешімді таныстырды. Бұл шешім отынның өндіріс пен импорттан бастап түпкілікті өткізуге дейінгі барлық қозғалыс кезеңдерінде сәйкестендірілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар шет мемлекеттерде осындай шешімдерді енгізу тәжірибесі ұсынылды.
Кеңеске қатысушылар мұнай өнімдерінің айналымын мониторингтеу және бақылау тетіктерін жетілдіру үшін инновациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ мұндай шешімдерді саланың қолданыстағы процестеріне интеграциялау мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған тәсілдер бойынша пікір алмасты және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын ескере отырып пилоттық жобаны іске асыру жөнінде шешім қабылдады.
Энергетика министрлігі мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға және мұнай өнімдері нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи технологиялық шешімдерді зерделеуді жалғастырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 15:02 82436
Батыс Қазақстан облысында стратегиялық коммуналдық нысандар жаңғыртылуда: Қанат Бозымбаев ЭКСЖ жобаларының құрылыс қарқынын тексерді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы (ЭКСЖ) шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Бүгінде өңірде коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жылумен, электрмен қамту, сумен жабдықтау және су бұру салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Өңір алдағы жылыту маусымына қарқынды дайындалуда. Жаңғыртылып жатқан негізгі нысандардың бірі - Орал қаласын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін "ЖайықТеплоЭнерго" АҚ. Қазіргі уақытта кәсіпорын "қызыл аймақта" тұр. 2029 жылға дейін жүргізілетін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейін 83%-дан 60%-ға дейін төмендетіп, нысанды "сары аймаққа" шығару жоспарланған.
Сонымен қатар, тозу деңгейі 65%-ды құрайтын ұзындығы 1,8 шақырым болатын №7 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды. Аталған жылу магистралі 24 бюджеттік мекеме мен 130 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру желілердің тозуын азайтуға, жүйенің өткізу қабілетін арттыруға және пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Келесі нысан Орал қаласының Зачаган кентіндегі №29 кәріз-сорғы стансасы болды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 40%-ы орындалған. Жобаның құны - 1,7 млрд теңге. Жаңғырту аяқталғаннан кейін, 2027 жылдың соңына қарай станса тәулігіне 14 700 текше метрге дейін сарқынды суды айдай алады. Бұл жүйеге жаңа абоненттерді қосуға және кенттің коммуналдық инфрақұрылымын тиімді басқаруға жол ашады.
Одан кейін вице-премьер "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС-нің қалалық электр желілері кешеніне барды. Мұнда 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңді жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жобаның екі кезеңі аяқталып, үшінші кезең бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қанат Бозымбаев қазіргі жаңғырту қарқынын сақтау өңірдің коммуналдық инфрақұрылымындағы жүйелі мәселелерді шешуге және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендеді.
Жұмыс сапары барысында отандық өндірушілерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жобаларда қазақстандық темірбетон тіректері, кабельдік-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялар, трансформаторлық қосалқы стансалар, полиэтилен құбырлары және өзге де жабдықтар пайдаланылуда. Кейбір нысандарда қазақстандық қамту үлесі 80-99%-ға дейін жетеді.
29 мамырдағы мәліметке сәйкес ЭКСЖ электрондық платформасында Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы сомасы 113,7 млрд теңгені құрайтын 38 жоба тіркелген. Жалпы құны 21,9 млрд теңге болатын 10 пилоттық жоба белсенді жүзеге асырылу кезеңінде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 09:58 82716
Үкімет Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сапалы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚР Үкіметі 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Кешенді жоспар халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға, сондай-ақ жануарларды аурулардан сақтау мен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстанда бүгінде аусыл, африкалық жылқы обасы, африкалық және классикалық шошқа обасы секілді жануарлардың бірқатар аса қауіпті аурулары бойынша тұрақты эпизоотиялық ахуал қалыптасып, халықаралық мәртебеге ие болып отыр. Бұл өз кезегінде отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді", - деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Жоспардың негізгі басымдықтары ретінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес, ветеринария мамандарының жалақысын көтеру, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту және ішкі нарықты қорғау, зертханалық бақылауды күшейту, өнімнің өмірлік цикінің барлық кезеңінде (туған сәтінен бастап өнімді өткізуге дейін) қадағалау, ветеринария саласын цифрландыруды кеңейту және ветеринариялық фармацевтика технологияларын дамыту мәселелері айқындалды. Қазіргі таңда елімізде ветеринариялық препараттар өндіретін 21 зауыт жұмыс істейді.
Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларынан қорғау, еліміздің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау және техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа енуіне жол бермеу үшін шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық 67 бақылау бекеті жұмыс істейді.
2025 жылы Қазақстан шекарасы арқылы импорттық, экспорттық және транзиттік операциялар барысында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тасымалдаған 60 мыңға жуық автокөлікті тексеруден өткізді.
Процестерді цифрландыру, сондай-ақ деректерді жинау мен беруді автоматтандыру аясында "Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру" ақпараттық жүйесіне бастапқы және нақты деректерді ақпараттық жүйелерге автоматты түрде тікелей жолдауға мүмкіндік беретін жаңа функционалдар әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Олардың қатарында ISZH-MOBILE, TortTulik жүйелері бар. Мал шаруашылығы өнімдерін қадағалауды "фермадан үстелге дейін" қағидаты бойынша қамтамасыз ету шеңберінде "Ветеринариялық-санитариялық сараптама" модулі жүзеге асырылуда. Аталған жүйеге ішкі сауда, зертхана, сою нысандары қосылған. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану объектілерін модульге кезең-кезеңімен қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Процестерді цифрландыру және автоматтандыру бағытындағы барлық жұмыс Кешенді жоспар шеңберінде алдағы уақытта да жалғасады.
Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын 80%-ға дейін жаңарту және толықтыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға қатысты ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу қоры 1,5-2,5 есеге дейін артады.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, тұрақты эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз етуге, аккредиттеу саласын кеңейте отырып, зертханалық базаны күшейтуге, ел аумағына әкелінетін және ішкі нарықта өткізілетін бақылаудағы жүктерге мемлекеттік бақылауды күшейтуге, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.05.2026, 13:49 81621
Қазақстанда егіс алқаптарының 77%-ы егілді
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Өңірлерде көктемгі егіс жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдары 16,3 млн гектар алқапқа егілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, дәнді дақылдар 11,2 млн га, майлы дақылдар - 3,6 млн га, мал азықтық дақылдар - 973,2 мың га, мақта - 167,6 мың га, картоп - 116,9 мың га, көкөніс дақылдары - 112 мың га, бақша дақылдары - 81,1 мың га, қант қызылшасы - 22 мың га алқапқа егілді.
Егіс науқаны еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысында 4,1 млн га, Қостанай облысында - 3,7 млн га, Солтүстік Қазақстан облысында - 2,7 млн га жерге егін егілді.
Егіс науқанына 133,9 мыңнан астам трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы жұмылдырылды. Аграршыларға үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық қамтамасыз етуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.05.2026, 10:17 81831
Ақтөбе облысында "Ақтөбе - Қарабұтақ - Ұлғайсын" автомобиль жолы учаскесін реконструкциялау жобасына ресми түрде бастау берілді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Ақтөбеде KAZ06 "Ақтөбе - Қарабұтақ - Ұлғайсын" автомобиль жолы учаскесін реконструкциялау жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, мемлекеттік органдар, мердігер ұйымдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары мен өңір жұртшылығы қатысты.
Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген облыс әкімі Асхат Шахаров жобаның жүзеге асырылуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін едәуір арттырып, соңғы жылдардағы облыстағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналатынын алға тартты. "Бүгін біз Ақтөбе облысы мен бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы зор маңызды жобаны бастап отырмыз. Реконструкция аяқталғаннан кейін елді мекендер арасындағы көлік қатынасы айтарлықтай жақсарады, жол қозғалысының қауіпсіздігі артады, жол жүру уақыты қысқарады және халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілеті ұлғаяды", - деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, "Ақтөбе - Хромтау - Қарабұтақ - Ұлғайсын" автожолының "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізін дамытуда және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуда рөлі зор.
Асхат Шахаров сондай-ақ жобаның өңір экономикасына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бизнестің дамуына қосымша мүмкіндіктер беретінін айтты.
ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев KAZ06 учаскесін реконструкциялау республикалық жол желісін жаңғыртудың маңызды кезеңі болатынын атап өтті. "Жоба автомобиль жолын заманауи инженерлік шешімдер мен құрылыс стандарттарын қолдана отырып, I техникалық санатқа ауыстыруды көздейді. Бұл трассаның өткізу қабілетін арттыруға, жол жабынының сенімділігін күшейтуге және транзиттік әрі жүк көліктерінің қозғалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", - деді Дархан Иманашев.
Оның айтуынша, жобаны іске асыру жүк тасымалының тиімділігін арттырып, жолдың халықаралық көлік дәліздерінің заманауи талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Автожолды реконструкциялау жұмыстарының жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды және жеті учаскеге бөлінген.
Іс-шара барысында Үкіметтің қолдауының арқасында соңғы үш жылда Ақтөбе облысында шамамен 1,6 мың шақырым автожол жөнделгені атап өтілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 75%-дан 82%-ға дейін артқан.
Биыл өңірдің жол саласын дамытуға 36,4 млрд теңге бөлінді. 290,7 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.
Ақтөбе - Қарабұтақ - Ұлғайсын" автомобиль жолы учаскесін реконструкциялау Ақтөбе облысының көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңге айналып, аталған бағыттағы жол қозғалысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
04.06.2026, 11:33Қазақстан мен Кипр бизнес байланыстарын нығайтуға ниетті 04.06.2026, 12:00 6126Дубайда "Орталық Азия назарда: Қазақстан және Қырғызстан" атты іс-шара өтті04.06.2026, 12:05 1441Білім экономикасы - Қазақстан мен Еуропалық Одақ серіктестігінің жаңа қозғаушы күші04.06.2026, 13:20 511Қазақ дипломаттары Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен "Рәміздер рухы - Конституция күші" акциясына қатысты04.06.2026, 15:28 311Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алу керек - Президент
29.05.2026, 20:02 115056Мемлекет басшысы Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті29.05.2026, 14:51 114851Қазақстан Шаңхайда туристік әлеуетін таныстырды29.05.2026, 20:26 114221Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыруға арналған Жол картасына қол қойылды29.05.2026, 21:20 113926Қазақстан мен Еуропалық Одақ әріптестікті тереңдетудің жаңа стратегиялық мақсаттарын айқындады29.05.2026, 19:59 113501Қазақстан мен Ресей биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ведомствоаралық консультациялар өткізді
13.05.2026, 07:10 289196Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының Атқарушы директорын қабылдады15.05.2026, 21:02 276906Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды22.05.2026, 20:31 245746Үкіметте ЕАЭО-ның шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері талқыланды15.05.2026, 20:45 243336Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді15.05.2026, 19:53 242706Түркістан қаласында ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы өтті

