07.12.2022, 12:56 14531

Тоқаев Литва СІМ басшысымен екі елдің қарым қатынасын дамыту перспективаларын талқылады

Президент Литва еліміздің Балтық жағалауы аймағы мен Еуропалық Одақтағы басымдыққа ие серіктесі екенін атап өтті
Астана. 7 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергисті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріле отырып, Қазақстан мен Литва қарым-қатынастарын дамыту перспективалары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы іс-әрекет мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Габриэлюс Ландсбергиске ілтипат білдіре отырып, Литва еліміздің Балтық жағалауы аймағы мен Еуропалық Одақтағы басымдыққа ие серіктесі екенін атап өтті.

Кездесуде үкіметаралық ынтымақтастықты және екі елдің іскер топтары арасында көлік, логистика, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы іс-әрекетті жандандырудың маңыздылығы сөз болды.

Өз кезегінде Габриэлюс Ландсбергис Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Литва Президенті Гитанас Науседаның жүрекжарды сәлемін және ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар Литва Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Бұдан бөлек, олар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны