14.03.2023, 15:45 34741

Тоқаев Ресей және Қытай елшілерін қабылдады

Ресей басшысы Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы сапары және Тоқаевтың Қытайға жоспарланған сапары талқыланды
Астана. 13 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ресей мен Қытай елшілері Алексей Бородавкин мен Чжан Сяоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкинмен әңгімелесу барысында Президент Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы сапарының, сондай-ақ биыл күзде Қостанайда өтетін XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуде биыл мамыр айында Сиань қаласында өтетін "Орталық Азия + Қытай" саммитінің және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жоспарланған мемлекеттік сапарының өзектілігі сөз болды.

Сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту маңызды екеніне назар аударылды.

Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Украинаға қатысты жағдайды саяси тұрғыда реттеу жөніндегі бітімгершілік әрекетіне жоғары баға берді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 наурызда Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының депутаттары Си Цзиньпинді үшінші бес жылдық мерзімге ҚХР төрағасы лауазымына бірауыздан қайта сайлады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысын қайта сайлануымен құттықтады.

Қазақстан басшысы Владимир Путинмен 6 наурызда телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшылары алдағы іс-шаралар кестесін талқылады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны