Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 255 млн доллардан асты
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 255,1 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. Агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі, логистика, цифрлық экономика, туризм және инвестициялық ынтымақтастық салаларында өзара іс-қимылды кеңейтудің елеулі әлеуеті сақталуда, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметіне.
Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Корольдігінің Премьер-Министрінің Орынбасары, Сауда министрінің кеңесшісі Адис Харинсутпен және Таиланд Корольдігінің Сауда министрлігінің Ішкі сауда департаменті бас директорының орынбасары Чантхапат Панджаманондпен кездестіКездесу барысында тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ өзара сауда, инвестициялар және іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейту жөніндегі шараларды талқылады.
Қыркүйек айына жоспарланып отырған Қазақстан–Таиланд бірлескен сауда комитетінің бірінші отырысына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар Ауыл шаруашылығы жөніндегі жұмыс тобының қызметін және көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, салалық ынтымақтастық тетіктерінің жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді, сондай-ақ Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімді ілгерілетуді қоса алғанда, екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдірудің маңыздылығы атап өтіліп, аталған құжаттардың инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.
Қытай және Орталық Азия арқылы өтетін бағыттарды қоса алғанда, халықаралық көлік дәліздерін дамыту және логистикалық кедергілерді жою мәселелері бойынша пікір алмасылды. Қазақстан тарапы Таиланд компанияларының Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына шығуы үшін Қазақстанның көлік-логистикалық және сауда хабы ретіндегі әлеуетін неғұрлым белсенді пайдалануға мүдделі екенін жеткізді.
Ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, логистика, цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту және үшінші елдердің, оның ішінде Африка мемлекеттерінің нарықтарында бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары да қарастырылды.
Таиланд тарапы Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық танытып, Қазақстан нарығының жоғары әлеуетін және тай өнімдерінің қазақстандық тұтынушылар арасында оң қабылданатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда, инвестициялар және логистика салаларындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады, сондай-ақ Қазақстан–Таиланд әріптестігінің қолда бар әлеуетін іске асыру мақсатында екі елдің бейінді мемлекеттік органдары мен іскер топтары арасындағы белсенді диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

