10.01.2023, 09:52 21631

Қазақстанда теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеуге өтінім беру мерзімі ұзартылды

Өтемақыны төлеу Қағидалардың осы тармағына сәйкес 2023 жылғы 10 ақпаннан кешіктірмей өз келісімін өтініш арқылы растаған депозиторларға жүзеге асырылады
Қазақстанда теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеуге өтінім беру мерзімі ұзартылды
Астана. 10 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Үкімет жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгемен) орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидаларын бекіту туралы қаулыға түзетулер қабылдады, деп хабарлайды ҚР нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі.

Өтемақыны (сыйлықақыны) төлеу Қағидалардың осы тармағына сәйкес 2023 жылғы 10 ақпаннан кешіктірмей өз келісімін өтініш арқылы растаған депозиторларға (салымшыларға) жүзеге асырылады. Депозитор (салымшы) қайтыс болған жағдайда қайтыс болу туралы растайтын құжаттар 2023 жылғы 10 ақпанға дейін ұсынылған кезде өтемақы (сыйлықақы) төлеу үшін өтініш беру талап етілмейді", - делінген құжатта.


Өтемақы төлеу мынадай депозиттер бойынша жүзеге асырылмайды: талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар және ағымдағы банктік шоттар.

Депозиторға (салымшыға) өтемақы (сыйлықақы) төлеу әрбір қатысушы банкте 20 миллион теңге шегінде 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңындағы жағдай бойынша қолданыста болған өтелетін депозиттегі ақша сомасына жүзеге асырылады. Депозиторда (салымшыда) бір қатысушы банкте біреуден артық өтелетін

депозит болған кезде өтемақы (сыйлықақы) төлеу осындай қатысушы банктегі өтелетін депозиттерде 20 жиырма миллион теңге шегіндегі жалпы ақша сомасына жүзеге асырылады.

Мұрагерге өтемақы төлеген кезде және мұрагердің дәл сол қатысушы банкте салымы (салымдары) болған кезде осындай қатысушы банкте өтемақы қайтыс болған салымшыға және мұрагерге тиесілі салым (салымдар) бойынша бөлек-бөлек, бірақ қайтыс болған салымшының барлық салымдары бойынша жиынтығында 20 жиырма миллион теңгеден асырмай және осындай қатысушы банктегі мұрагерге тиесілі барлық салымдар бойынша жиынтығында 20 жиырма миллион теңгеден асырмай жүргізіледі.

Өтемақы (сыйлықақы) төлеу мынадай шарттарға сәйкес келетін депозиторлардың (салымшылардың) өтелетін депозиттері бойынша жүзеге асырылады:

  • өтелетін депозиттің мерзімі аяқталмаған не кемінде 2023 жылғы 23 ақпанды қоса алғанға дейінгі мерзімге бір немесе бірнеше рет ұзартылған;

  • өтелетін депозитті толық алып қою жүзеге асырылмаған, оның ішінде банктік салым шарты мерзімінен бұрын тоқтатылмаған.

Егер өтелетін депозиттің мерзімі өтіп кетсе және 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап 2023 жылғы 1 қаңтар аралығын қоса алғандағы кезеңде ұзартылмаса, салымшының келісімімен осындай өтелетін депозиттен ақшаны өтелетін жаңа депозитке(терге) аударуға жол беріледі, бұл ретте мұндай аударымның жинақ шотынан, оның ішінде "Жеке тұлғалардың талап етілгенге дейінгі салымдары" шотынан не 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңында қолданыста болған өтелетін депозиттің қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты қатысушы банк ақшаны қайтарған жағдайда депозитордың (салымшының) ағымдағы шотынан жүзеге асырылуы шарт.

Құжаттың толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл шара қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және теңгелік депозиттердің тартымдылығын қолдау үшін қаржы нарықтарындағы өсіп келе жатқан геосаяси тәуекелдер мен құбылмалылық аясында теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы шеңберінде қабылданды. Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақыны есептеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны