Қазақстан маусым айында бірқатар халықаралық іс-шара өткізеді
Сурет: ҚР СІМ
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев маусым айында Қазақстанның қатысуымен өтетін негізгі халықаралық іс-шаралар туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Оның айтуынша, 15-16 маусым күндері Қазақстанға Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Штефан Раунхофф келеді. Ал, 29-30 маусымда Германияның Федералдық экономика және энергетика министрі Катарина Райхенің сапары жоспарланған.
Сапар аясында ел басшылығымен және салалық мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер өтеді. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, энергетика және шикізат салаларындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және бірлескен жобаларды, оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары саласындағы бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылайды", - деп мәлім етті Ерлан Жетібаев.
16 маусымда Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев "Орталық Азия - Корея Республикасы" ынтымақтастық форумының жоғары лауазымды тұлғаларының екінші отырысына қатысады. Сондай-ақ, оның Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасарымен екіжақты кездесуі жоспарланған. Кездесуде форумның алғашқы саммитіне дайындық және өңірлік ынтымақтастық мәселелері де қаралмақ.
Дәл осы күні Астанада Қазақстан мен Испанияның сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың сегізінші раунды өтеді. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал Испания делегациясын Испанияның мемлекеттік хатшысы Диего Мартинес Бельо басқарады деп жоспарлануда.
Келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.
Сонымен қатар, Астанада мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық, сарапшылар және академиялық институттар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа алаңы болатын Қазақстан-Испания форумының алғашқы отырысы өтеді.
17 маусымда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Хатшылығының құрылғанына 20 жыл толады. Жалпыазиялық форум құру бастамасын Қазақстан 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында ұсынған болатын. Бүгінде АӨСШК 28 мүше мемлекетті біріктіреді, ал оның штаб-пәтері Астанада орналасқан. 2022 жылғы Астана мәлімдемесіне сәйкес, форум толыққанды халықаралық ұйымға айналу үдерісін жалғастырып келеді.
18-20 маусым аралығында Қазақстанға жұмыс сапарымен Польша Сенатының маршалы Малгожата Кидава-Блоньска келмек. Сапар аясында ел басшылығымен, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағаларымен кездесу өткізу жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

