06.03.2026, 22:30 1446

Қазақстан Мен Халықаралық Қызыл Крест Комитеті халықаралық гуманитарлық құқық мәселелері бойынша ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады

Қазақстан Мен Халықаралық Қызыл Крест Комитеті халықаралық гуманитарлық құқық мәселелері бойынша ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстанға алғаш сапармен келген Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) Президенті Мирьяна Споляричпен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Е.Ашықбаев БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген көпжақты жүйеге Қазақстанның қолдауын растады. Сондай-ақ, еліміздің халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын толық сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық күш-жігер аясында ХҚКК-мен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылысын атап өтті.

М.Сполярич халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға және қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған халықаралық бастамаларды ілгерілетудегі Қазақстанның үлесін жоғары бағалады және осы тұрғыда өзара іс-қимылды жандандыруға дайындығын растады.

Сұхбаттастар Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілдікті күшейту жөніндегі Жаһандық бастама шеңберіндегі бірлескен іс-қимылдарды, сондай-ақ 2026 жылдың соңында Амман қаласында (Иордания) өтетін соғыс уақытындағы гуманизм мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі конференцияға дайындық барысын талқылады.

Тараптар Қазақстан мен ХҚКК арасындағы халықаралық, өңірлік және ұлттық деңгейлердегі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны