15.06.2026, 18:31 1221

Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері КОПУОС-тың 69-сессиясында таныстырылды

Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері КОПУОС-тың 69-сессиясында таныстырылды
Сурет: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасының делегациясы 2026 жылғы 10-18 маусым аралығында Венада өткізіліп жатқан БҰҰ Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану комитетінің (КОПУОС) 69-сессиясына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ұлттық мәлімдеме барысында Қазақстан ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттарына, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, өзара сенімді нығайтуға және барлық мемлекеттердің ғарыш технологияларының игіліктеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бейілділігін растады.

Еліміздің ғарыш саласы үшін тарихи оқиғаға - 2026 жылғы 30 сәуірде "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенінен жүзеге асырылған жаңа буындағы "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышының алғашқы сынақтық ұшырылымына ерекше назар аударылды. Зымыран-тасығыштың ұшу-конструкторлық сынақтарының сәтті өткізілуі Қазақстанның әлемдік ғарыш қызметтері нарығындағы позициясын нығайтуға және ел аумағында заманауи ұшыру инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

Сонымен қатар, Қазақстан Ассы-Түрген обсерваториясын дамыту туралы ақпарат ұсынды. Оның базасында ғарыштық ахуал туралы хабардарлық жөніндегі өңірлік орталық және халықаралық телескоптарды орналастыруға арналған ашық платформа - International AstroHub құрылуда.

Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде OTS SAT ғылыми наноспутнигін іске асыру жеке атап өтілді.

Сөз соңында Қазақстан Республикасы КОПУОС-қа мүше мемлекеттерді, халықаралық ұйымдар мен серіктестерді 2026 жылғы 7-9 қыркүйек аралығында Астанада өтетін "Space Days Kazakhstan - 2026" халықаралық форумына қатысуға шақырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны