17.02.2026, 18:58 30376

Қазақстан мен Кувейт мұнай саласындағы серіктестікті тереңдетуде

Қазақстан мен Кувейт мұнай саласындағы серіктестікті тереңдетуде
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Кувейттегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Oil Company компаниясының атқарушы директоры Ахмад Әл-Эйданмен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар көмірсутектерді барлау және өндіру саласындағы тәжірибе алмасу, мұнай өңдеуді дамыту және салалық кадрларды даярлау мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан мен Кувейттің мұнай саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Сонымен қатар қазақстандық мұнай сервистік компаниялардың технологиялық және сервистік міндеттерді іске асыруға қатысу мүмкіндіктері, оның ішінде инжиниринг, бұрғылау жұмыстары және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету салалары талқыланды.

Өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қазақстандық инженерлер мен техникалық мамандарды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мұнай-газ саласында қазақстандық кадрларды даярлаудың жоғары деңгейі және олардың Қазақстанның аумағында іске асырылып жатқан ірі халықаралық жобаларға, соның ішінде Теңіз және Қашаған кен орындарын игеру жобаларына қатысу тәжірибесі аталып өтті.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Кувейттің бейінді құрылымдары арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын пысықтауға және салалық диалогты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.

Kuwait Oil Company - мұнай барлау, өндіру және сақтау саласына жауап беретін Кувейттің мұнай секторындағы негізгі мемлекеттік компания. Компания елдің негізгі мұнай кен орындарын басқарады және ұлттық мұнай өндіру көлемінің елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Кувейтте мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 2,5-2,7 млн баррельді (жылына 120 млн тоннадан астам) құрайды. Компанияда шамамен 11-12 мың қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 1,5 мыңнан астамы - шетелдік мамандар. Олар негізінен Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен (Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Филиппин), сондай-ақ бірқатар араб және батыс мемлекеттерінен тартылған. Шетелдік қызметкерлер қатарында Қазақстанның азаматтары да бар, олардың саны 50-ден асады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны