15.06.2026, 15:45 921
Қазақстан мен Швеция cауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссия құрды
Сурет: KAZAKHSTAN TODAY
Достарға айту
Қазақстан мен Швеция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған жаңа тетік құрды. Тараптар екіжақты комиссияны құру туралы меморандумға қол қойып, оның алғашқы отырысын өткізді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың 10-12 маусым аралығында Қазақстанға Швецияның Сыртқы істер министрлігінің сыртқы сауда мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсе ресми сапармен келді.
Сапардың негізгі нәтижесі Қазақстан-Швеция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссияны құру туралы меморандумға қол қою және комиссияның алғашқы отырысын өткізу болды", - деді Ерлан Жетібаев.
Комиссияның алғашқы отырысында тараптар тау-кен металлургия кешені, сирек жер металдары, машина жасау, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және медициналық технологиялар, орнықты даму мен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ швед компанияларының қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларды практикалық тұрғыда ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
15.06.2026, 16:09 141
Қазақстан маусым айында бірқатар халықаралық іс-шара өткізеді
Сурет: ҚР СІМ
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев маусым айында Қазақстанның қатысуымен өтетін негізгі халықаралық іс-шаралар туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Оның айтуынша, 15-16 маусым күндері Қазақстанға Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Штефан Раунхофф келеді. Ал, 29-30 маусымда Германияның Федералдық экономика және энергетика министрі Катарина Райхенің сапары жоспарланған.
Сапар аясында ел басшылығымен және салалық мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер өтеді. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, энергетика және шикізат салаларындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және бірлескен жобаларды, оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары саласындағы бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылайды", - деп мәлім етті Ерлан Жетібаев.
16 маусымда Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев "Орталық Азия - Корея Республикасы" ынтымақтастық форумының жоғары лауазымды тұлғаларының екінші отырысына қатысады. Сондай-ақ, оның Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасарымен екіжақты кездесуі жоспарланған. Кездесуде форумның алғашқы саммитіне дайындық және өңірлік ынтымақтастық мәселелері де қаралмақ.
Дәл осы күні Астанада Қазақстан мен Испанияның сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың сегізінші раунды өтеді. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал Испания делегациясын Испанияның мемлекеттік хатшысы Диего Мартинес Бельо басқарады деп жоспарлануда.
Келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.
Сонымен қатар, Астанада мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық, сарапшылар және академиялық институттар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа алаңы болатын Қазақстан-Испания форумының алғашқы отырысы өтеді.
17 маусымда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Хатшылығының құрылғанына 20 жыл толады. Жалпыазиялық форум құру бастамасын Қазақстан 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында ұсынған болатын. Бүгінде АӨСШК 28 мүше мемлекетті біріктіреді, ал оның штаб-пәтері Астанада орналасқан. 2022 жылғы Астана мәлімдемесіне сәйкес, форум толыққанды халықаралық ұйымға айналу үдерісін жалғастырып келеді.
18-20 маусым аралығында Қазақстанға жұмыс сапарымен Польша Сенатының маршалы Малгожата Кидава-Блоньска келмек. Сапар аясында ел басшылығымен, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағаларымен кездесу өткізу жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 15:01 2476
Тоқаев: Қазақстан АҚШ пен Иран қол жеткізген келісімді құптайды
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген келісімді құптады. Мемлекет басшысы өз ұстанымын X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Тоқаевтың айтуынша, қол жеткізілген уағдаластықтар өңір үшін де, бүкіл әлем үшін де аса маңызды.
Қазіргі күрделі халықаралық жағдайда бұл келісімнің өңір үшін де, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін де маңызы зор. Тараптардың сенімді қалпына келтіріп, өзара қолайлы шешімдер табуға мүмкіндік берген саяси ерік-жігерін жоғары бағалаймыз", - деп жазды Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ келісімге қол жеткізудегі АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Иран басшылығының рөлін атап өтті.
Осы жауапты кезеңде табандылық пен стратегиялық көзқарас танытқан Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамптың көшбасшылығын ерекше атап өтеміз. Сондай-ақ, Иран Ислам Республикасы басшылығының сындарлы ұстанымын құптаймыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құжатқа қол қою Таяу Шығыста және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудың берік негізіне айналады деген үміт білдірді.
РИА Новости агенттігінің Mehr агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы қорытынды меморандум мәтіні бойынша бірнеше ымыралы шешімге келген.
Дүйсенбіге қараған түні тараптар мәмілеге қол жеткізілгенін жариялады. Құжатқа 19 маусымда қол қою жоспарланып отыр. Екі ел билігінің мәліметінше, АҚШ-тың теңіз блокадасы бүгін тоқтатылады, ал Ормуз бұғазын ашу және оны минадан тазарту жұмыстары келісім ресми түрде күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 14:47 1671
Қазақстан Израильде өткен іс-шарада конфессияаралық диалог саласындағы бастамаларын таныстырды
Сурет: СІМ
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиев Араб халықаралық қатынастар кеңесі мен Израильдегі араб мәдени қауымдастықтары форумының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Іс-шараға дипломаттар, қоғам қайраткерлері, академиялық орта өкілдері және азаматтық қоғам мүшелері қатысып, мәдениетаралық диалогты дамыту, өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және Таяу Шығыс пен әлемнің басқа да өңірлері халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайту мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Д.Ембердиев Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді, конфессияаралық диалогты дамытуды және өңірлік тұрақтылықты нығайтуды қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның халқының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын зайырлы мемлекет ретінде діни төзімділік, адам құқықтарын қорғау және азаматтардың этникалық немесе діни ерекшеліктеріне қарамастан теңдігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударатыны айтылды.
Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформаларға ерекше көңіл бөлінді. Елдің жаңартылған Конституциясы мемлекеттік құрылыстың демократиялық қағидаттарын нығайтқаны, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейткені, азаматтардың этникалық немесе діни тиесілігіне қарамастан теңдігін бекіткені, сондай-ақ мемлекеттік оқу орындарындағы білім беру ғылыми білім мен жалпы азаматтық құндылықтарға негізделетінін көздей отырып, мемлекеттің зайырлы сипатын растағаны атап өтілді. Бұл өзгерістер Қазақстанның әділетті әрі заманауи қоғам құруға бағытталған дәйекті бағытын айқын көрсетеді.
Іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның конфессияаралық диалог саласындағы халықаралық бастамалары туралы ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, Астанада өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі туралы айтылды. Бұл форум жиырма жылдан астам уақыт бойы әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға арналған маңызды халықаралық алаң ретінде қызмет етіп келеді.
Пікірталас барысында Авраам келісімдері аясындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, Газаны соғыстан кейін қалпына келтіруге бағытталған гуманитарлық бастамалар, сондай-ақ Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдері арасындағы экономикалық және технологиялық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстанның аталған іс-шараға қатысуы елдің сындарлы диалог, бейбіт қатар өмір сүру және өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына берік екенін тағы бір мәрте растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 14:04 4661
DFC Қазақстанда тұрақты өкілдігін ашуы мүмкін
https://t.me/aqorda_resmi/33478
Сурет: Ақорда
Достарға айту
Мемлекет басшысы АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат танытып, бұл сапар Вашингтонда қол жеткізілген келісімдердің жалғасы, сондай-ақ АҚШ-пен сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам саналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ақ үй әкімшілігіне Дональд Трамп келгеннен бастап Вашингтон Астанамен және Орталық Азия аймағымен ықпалдастықты айтарлықтай жандандыра түскен.
Біз АҚШ Президентінің дипломатияға деген батыл көзқарасын және прагматикалық ұстанымын толық қолдаймыз. Қазақстан Американың Ибраһим келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, TRIPP бастамасы және басқа да негізгі жобаларын ілгерілетуге белсенді атсалысуда. Бірлескен күш-жігеріміз бүгінде бұрынғыдан да беки түскен кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізге тың серпін берді. Сіздің сапарыңыз Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл реформалар елімізді ресурстарға тәуелді модельден білімге бағдарланған әртарапты экономикаға көшіруге бағытталған. Корпорацияңыздың инвестициялық басымдықтары Қазақстанның даму күн тәртібіне сай келеді. Біз нақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз", - деді Президент.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 12:17 8876
Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Сурет: ҚР СІМ
Достарға айту
Алматыда Ауғанстан мәселелері бойынша Еуропалық Одағы мен Орталық Азия мемлекеттерінің Арнайы өкілдері мен уәкілдерінің 8-інші кездесуі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында қатысушылар Ауғанстандағы ахуалдың қазіргі жай-күйіне, оның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсеріне, сондай-ақ Ауғанстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне қатысты жан-жақты пікір алмасты.
Тараптар өңірлік өзара байланыстарды нығайту мәселелерін, оның ішінде Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік-логистикалық және транзиттік дәліздерді дамыту перспективаларын талқылады. Мұндай бастамалар Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік-коммуникациялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Еуропалық кеңістігіндегі байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне назар аударылды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының өңірлік сын-қатерлерді шешуде саяси-дипломатиялық тетіктерді нығайтуға, тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған дәйекті ұстанымы ерекше аталып өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саяси бағдарға сәйкес, еліміз Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға, тепе-теңдік қағидаттарын ілгерілету және халықаралық қатынастардағы Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруші рөлін күшейтуге айрықша мән береді. Қатысушылар Қазақстанның Ауғанстан мәселесі бойынша өзара халықаралық диалогты дамытудағы, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудегі, білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудағы және өңірлік экономикалық ықпалдастықты ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалады.
БҰҰ-ның Ауғанстанды қолдауға бағытталған халықаралық күш-жігерді үйлестірудегі маңызды рөліне ерекше назар аударылды. Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі жоғары бағаланып, оның құрылуы Қазақстан Президентінің БҰҰ алаңдарында көтерген халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларының нақты нәтижесі екендігі аталып өтті.
Пікірталас барысында Алматы қаласының көпжақты дипломатияның, өңіраралық өзара іс-қимылдың және қауіпсіздік, орнықты даму мен гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша келісілген ұстанымдарды қалыптастырудың маңызды халықаралық орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқаны айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық Одақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, орнықты дамуды қолдауға, сондай-ақ бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен өркендеуіне жәрдемдесуге бейілділігін растады.
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және сындарлы дипломатияны ілгерілетуге бағытталған күш-жігерін алдағы уақытта да жалғастыра береді. Бұл қызмет бейбітшілік, өзара құрмет және ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделеді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасының Еуропалық Одақтың және Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 12:01 9796
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасының туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент хатта ҚХР Төрағасының Қазақстан мен Қытай арасындағы мызғымас достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосқанын атап өткен.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі "алтын отызжылдық" кезеңінде екіжақты ынтымақтастық жоғары қарқынын сақтай отырып, одан әрі нығая түсетініне және ықпалдастықтың жаңа бағыттарын қамтитынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің мемлекеттік қызметіне табыс, ал достас Қытай халқына бақ-береке тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 11:52 10021
Қазақстан Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті (дербес деректерді қорғау) жанындағы бақылаушы мәртебесін алды
Сурет: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Достарға айту
Қазақстанға жеке тұлғаларды дербес деректерді автоматтандырылған өңдеуге байланысты қорғау туралы Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті жанындағы бақылаушы мәртебесі ресми түрде берілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тиісті шешім Страсбург қаласында өткен Комитеттің 50-ші пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму Вице-Министрі Досжан Мұсалиев қатысты.
Пленарлық отырыс аясында қазақстандық делегация Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы А.Берсемен және №108 Конвенция комитетінің төрағасы Б. де Анкоренамен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар дербес деректерді қорғау, цифрлық трансформация және заманауи технологияларды дамыту салаларындағы одан арғы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар, пленарлық отырыс барысында Д.Мұсалиев халықаралық сарапшылар алдында Қазақстанның дербес деректерді қорғау саласындағы тәжірибесі туралы баяндама жасады.
№108 Конвенция комитеті цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында дербес деректерді қорғау және жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығын қамтамасыз ету саласындағы тәсілдер мен стандарттарды қалыптастыратын негізгі халықаралық алаң болып табылады.
Қазақстанға бақылаушы мәртебесінің берілуі халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, дербес деректерді қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге қосымша мүмкіндіктер ашады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 11:48 10321
Қазақстан мен Нидерланд 160 млн еуро көлеміндегі бірлескен жобаларды іске асыру туралы келісімге қол жеткізді
Сурет: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Нидерланд Корольдігіне жұмыс сапары аясында Қазақстан-Нидерланд бизнес-форумы өтіп, оның қорытындысы бойынша жалпы құны 160 млн еуроны құрайтын бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі келісімдерге қол қойылып, уағдаластықтарға қол жеткізілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
GreenTech Amsterdam 2026 халықаралық көрмесі алаңында өткен форум Қазақстанның Нидерландтағы сауда-экономикалық миссиясының негізгі іс-шарасына айналды. Форум жұмысына екі елдің мемлекеттік органдарының, іскерлік қауымдастықтарының және салалық ұйымдарының өкілдері қатысты.
Нидерланд Еуропалық одақтағы Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 970 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,9%-ға өсті. Бұл ретте Қазақстан экспортының көлемі 930,4 млн АҚШ долларын құрап, 65%-дық өсімді көрсетті.
Бүгінгі қол жеткізілген келісімдер екі ел бизнесінің өзара қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстан Еуропа нарықтарына сапалы өнім жеткізуді ұлғайтуға және нидерландтық серіктестердің қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын", - деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Бизнес-форум аясында агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі және логистика салаларын ұсынатын қазақстандық компаниялар отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін таныстырып, нидерландтық серіктестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Сапардың мазмұнды бағдарламасы сондай-ақ Нидерландтың жетекші мемлекеттік және салалық ұйымдарымен келіссөздерді қамтыды. Негізгі тақырыптардың бірі мемлекеттік органдар мен аккредиттелген салалық қауымдастықтардың тиімді өзара іс-қимылына негізделген нидерландтық инспекциялық бақылау моделін зерделеу болды. Мұндай тәсіл өнім қауіпсіздігінің жоғары деңгейін, рәсімдердің ашықтығын және экспорттық операциялардың жеделдігін қамтамасыз етеді.
Naktuinbouw басшылығымен өткен кездесуде тараптар тұқым шаруашылығы, сертификаттау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылау салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Халықаралық стандарттарға сәйкестікті растау мен өнімнің қадағалануын қамтамасыз ететін заманауи жүйелерді енгізу тәжірибесімен алмасуға ерекше назар аударылды. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін одан әрі кеңейтуге ықпал етеді.
Келіссөздердің жеке блогы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналды. Роттердам портына сапар барысында халықаралық тасымалдар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, қазақстандық өнімдерді еуропалық логистикалық тізбектерге интеграциялау және Еуропадағы ең ірі теңіз портының әлеуетін пайдалана отырып, отандық экспортты ЕО нарықтарына ілгерілету мәселелері қарастырылды.
Тараптар сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударып, оның жаһандық логистикалық тізбектердің трансформациясы жағдайында Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты, қауіпсіз әрі тиімді жүк тасымалдарын қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Damen Shipyards Group компаниясымен өткен келіссөздер барысында өнеркәсіптік кооперация және кеме жасау саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша озық технологияларды енгізуді, өндірісті жергіліктендіруді және кадрлық әлеуетті дамытуды көздейтін Маңғыстау облысында кеме жасау және кеме жөндеу кластерін құру жобасын іске асыру жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Axia Seeds және DENSO AgriTech Solutions компанияларының өкілдерімен кездесулер өтіп, олардың барысында заманауи агротехнологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту және жылыжай шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, аса маңызды минералдық ресурстар, инновациялық технологиялар және халықаралық сауда айқындалды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
15.06.2026, 11:34Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы инвестициялық, экономикалық және гуманитарлық салалардағы әріптестікті кеңейтуде 15.06.2026, 11:48 10286Қазақстан мен Нидерланд 160 млн еуро көлеміндегі бірлескен жобаларды іске асыру туралы келісімге қол жеткізді15.06.2026, 11:52 9981Қазақстан Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті (дербес деректерді қорғау) жанындағы бақылаушы мәртебесін алды15.06.2026, 12:01 9756Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасының туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады15.06.2026, 12:17 8836Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
08.06.2026, 11:23 138821Елімізде 2026 жылғы егіс науқаны табысты аяқталды08.06.2026, 12:18 137391Түркістан облысының прокуроры тағайындалды12.06.2026, 20:00 131136Қазақстанның Сыртқы істер министрі Франция Елшісін қабылдады12.06.2026, 15:51 130791Корея Республикасының Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды12.06.2026, 21:12 129931Қазақстан СІМ басшысы Таиланд Елшісін қабылдады
22.05.2026, 20:31 251401Үкіметте ЕАЭО-ның шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері талқыланды22.05.2026, 17:13 237011Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады22.05.2026, 14:48 207476ШҚО-да "Ұлан" көлік-логистикалық кешені пайда болады21.05.2026, 13:04 194561Италия сенаторы Қазақстандағы саяси реформалардың жоғары деңгейін атап өтті21.05.2026, 14:05 194531Қазақстан мен БАӘ авиация мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

