19.02.2026, 20:54 3581

Қазақстан мен Өзбекстан ядролық энергетика саласындағы өзара әрекеттестікті жандандыруда

Қазақстан мен Өзбекстан ядролық энергетика саласындағы өзара әрекеттестікті жандандыруда
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұловтың Өзбекстан Министрлер Кабинеті жанындағы "UzAtom" атом энергетикасы агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаевпен кездесуі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында тараптар атом энергетикасы саласындағы қазақ-өзбек ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, оның ішінде кадрларды даярлау, экология және қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара үйлестіру және өзге де мәселелерді талқылады.

Елші атом энергетикасы бойынша Өңірлік құзыреттер орталығын құру бастамасының маңыздылығын атап өтіп, оның мамандар даярлау мен қолданбалы бағыттарды дамыту алаңына айнала алатынын айтты.

Өзбекстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық конвенцияларға қосылуы өңірлік ядролық қауіпсіздік архитектурасын нығайтудың маңызды қадамы екені атап өтілді. Осы тұрғыда дипломатиялық миссия басшысы радиациялық мониторинг деректерімен алмасуды жолға қоюды, қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша консультациялар өткізуді, сондай-ақ бірлескен сарапшылық кездесулер, техникалық консультациялар және шекара маңындағы ден қою жаттығуларын ұйымдастыруды ұсынды.

Өз кезегінде "UzAtom" агенттігінің директоры А.Ахмедхаджаев Қазақстанның атом саласындағы тәжірибесінің маңыздылығын атап өтіп, атом электр станциясын салуға дайындық барысы мен енгізіліп жатқан технологиялық шешімдер туралы хабардар етті.

Директор нормативтік-құқықтық базаны халықаралық нормаларға сәйкестендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және МАГАТЭ-мен тығыз өзара іс-қимыл туралы айтты.

АЭС-тің шекараға жақын орналасуын ескере отырып, А.Ахмедхаджаев Қазақстанның бейінді мемлекеттік органдарымен тығыз өзара іс-қимыл орнату және ортақ тәсілдер қалыптастыру қажеттігі туралы ұсынысты қолдады.

Кездесу соңында тараптар атом энергетикасы саласындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстан мен Өзбекстанда атом электр станцияларын салу жобаларының іске асырылуына байланысты атом энергетикасы саласындағы қазақстан-өзбек ынтымақтастығының өзектілігі айтарлықтай артты. Өткен жылдың соңында Қазақстанда болашақ АЭС алаңында жобалық-іздестіру жұмыстары басталды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны