Бакуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық бастамалары талқыланды
Сурет: gov.kz
Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орны, Әзербайжан дипломатиялық академиясында (АДА) Каспий теңізінің таяздануы мәселелеріне арналған "Каспий мәселесі: себептері, салдарлары және шешімдері" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында Қазақстанның Бакудағы Елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге академиялық орта, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік органдар, дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шарада Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Милли Мәжіліс депутаты, АДА Университетінің проректоры Фариз Исмаилзаде, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Таза энергия орталығының атқарушы директоры Айсель Ягубова, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Зүлфия Сүлейменова, Әзербайжан Республикасы СІМ Климаттық дипломатия департаментінің директоры Эльчин Аллахвердиев, Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының басшысы Серік Ахметов, Әзербайжан Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің басшысы Назим Махмудов, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, сондай-ақ экология, су мәселелері және климаттық дипломатия саласындағы басқа да жетекші сарапшылар сөз сөйледі.
Ә. Байел өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экология мәселелеріне айрықша мән беретінін атап өтті. 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өтеді. Ата заңның жаңа жобасында азаматтардың табиғатты сақтау және оның байлықтарына ұқыпты қарау жөніндегі міндеттері алғаш рет айқындалған. Ал мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
Сондай-ақ Елші дөңгелек үстел қатысушыларын сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы хабардар етті. Дипломат Қазақстан көшбасшысы Қ. К. Тоқаевтың БҰҰ жүйесі аясында толыққанды су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы мәлімет берді.
А.Ягубова Каспий теңізінің таяздану себептері мен оның жағалаудағы мемлекеттер үшін салдарларына тоқталып, бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын аудару қажеттігін атап өтті. З.Сүлейменова Каспий мәселелерін талқылау бастамасына жоғары баға беріп, бүгінгі күні теңіздің таяздануын тек циклдік үдерістермен байланыстыруға болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, теңіздің жағдайына жаһандық жылыну елеулі теріс әсер етуде. З. Сүлейменова сондай-ақ Қазақстанның табиғатты қорғау шараларындағы жетістіктері туралы айтып берді.
Э.Аллахвердиев Каспий маңы елдерін теңіздің экологиялық мәселелерін шешу үшін күш-жігерді біріктіруге шақырып, таяздану алғаш рет тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық проблемаларға да әкеп отырғанын атап өтті. С.Ахметов қатысушыларға Каспий теңізінің онжылдықтар бойынша экологиялық жағдайы туралы презентация ұсынып, су үнемдеу технологияларын енгізуді қоса алғанда, мәселенің ықтимал шешімдерін ұсынды.
Жалпы, дөңгелек үстел барысында өңірдегі экологиялық дағдарыстың себептері талқыланып, ықтимал шешімдер бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау мәселелерін бірлесіп шешу жолындағы Қазақстан мен Әзербайжанның іс-қимылдарына жоғары баға берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

