25.01.2022, 16:49 50106

Бір айда инфекциялық төсек-орындардың толтырылуы екі еседен астам өсті - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Бір айда инфекциялық төсек-орындардың толтырылуы екі еседен астам өсті - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Сурет: unsplash.com
НҰР-СҰЛТАН. 25 ҚАҢТАР - ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында елдегі коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы айтты. Соңғы аптада коронавирустық инфекциямен сырқаттану деңгейі 1,5 есе өсті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері республикада 178 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясымен ауырды. Пандемияның бүкіл кезеңімен салыстырғанда алғаш рет вирус жұқтыру жағдайларының тәуліктік тіркелуі 16 мыңнан асты, бұл "Омикрон" нұсқасының өте жоғары жұқпалығына және таралу жылдамдығына байланысты. Бүгінгі таңда Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел "қызыл" аймақта орналасқан.
 

Республика бойынша соңғы аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейі 1,5 есе өсті. Қаңтар айының басынан бастап желтоқсанмен салыстырғанда сырқаттанушылық 11 есе өсіп отыр. Инфекцияның өсуі барлық аймақтарда байқалады. КВИ-дің күрт өсуі республикадағы инфекциялық ауруханалардың толуына әсер етті. Соңғы айда инфекциялық төсек-орындар 18-ден 38%-ға дейін 2 есеге толды. Төсек қорының 50%-дан астам науқастармен қамтылуы Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы және Павлодар облыстарында анықталып отыр. 50%-дан астам реанимациялық төсектердің толуы Нұр-Сұлтан қаласында анықталды", — деді А. Ғиният.

 
Вакциналау мәселесіне тоқталсақ, бүгінгі күні КВИ-ге қарсы вакцинаның 1-компонентімен 9,7 млн астам адам егілді, екінші компонентін 9 млн астам адам алды. Вакциналауға жататын ересек халықтың 80,2%-ы немесе Қазақстан Республикасы халқының 51%-ы бірінші компонентпен және 76,4% немесе 47% астамы екінші компонентпен қамтылған.
 
Еліміздің екі өңірінде — Маңғыстау және Қостанай облыстарында вакциналаумен қамту 60%-дан төмен болып отыр. 
 
Вакциналауға жататын контингентті — жасөспірімдерді, жүкті және жас аналарды "Pfizer" вакцинасының 1-компонентімен вакциналау 28,2%-ды, 2-компонентімен вакциналау 15%-ды құрады. 
 
Жалпы вакциналау қарқыны қараша айында 7 мың болса, қаңтар айында вакцина алған адамдардың саны 30 мыңға дейін өсті. 
 
Халықты ревакциналау белсенді түрде жалғасуда және қамту 37%-ды құрады.
 
Ажар Ғиният Білім және ғылым министрлігі мен Біріккен ұлттар ұйымының балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұсынымдары бойынша білім беру ұйымдарында оқыту форматы қайта қаралғанын еске салды. Мәселен, министрдің айтуынша, барлық мектепке дейінгі ұйымдар, бастауыш сынып және 600 оқушыға дейін оқитын мектептер штаттық форматта жұмыс істейді.
 
600-ден астам оқушысы бар білім беру ұйымдарында оқушылар саны 50%-дан аспауы керек, бастауыш мектеп оқушылары штаттық режимде білім алады. Бұл ретте оқыту форматын таңдау кезінде міндетті түрде вакциналаумен қамту деңгейі ескеріледі. 
 
Жоғары оқу орындары мен колледждерде де сараланған тәсіл енгізілген: лекциялар – онлайн, қалған сабақтар икемді кесте бойынша штаттық режимде өтеді.
 

Бұған қоса, балалардың арасында да ЖРВИ мен КВИ-ден сырқаттанушылықтың 1,3 есе көбейіп отырғанын ескеріп, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары карантиндік шаралардың орындалуына мониторингті жалғастыратынын және бұзушылықтар анықталған жағдайда, оқыту онлайн форматқа ауыстырылатынын атап өткен жөн. Осыған байланысты облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктері оқушылардың арасында сырқаттанушылықтың күрт өсуіне жол бермеу үшін білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі қажет", — деді А. Ғиният.

 
 "Омикрон" нұсқасынан туындаған коронавирус инфекциясының таралу жылдамдығы мен ағымының ерекшеліктерін ескере отырып, карантин және "Ashyq"-тағы мәртебенің өзгеру мерзімдері қайта қаралды. Сонымен, жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14-тен 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл ретте, 7 тәуліктен кейін ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер қандай да бір себептермен 7 тәулікке арналған ПТР-тест тапсырылмаса, онда карантин тестті қосымша тапсырусыз 10-шы күні аяқталады.
 
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, Ведомствоаралық комиссияда бизнес субъектілері үшін шектеулерді төмендету тәсілдері қаралды және мақұлданды. Атап айтсақ: Бизнес объектілерінде "Ashyq" жобасын одан әрі енгізу жалғастырылады; "Жасыл" және "көк" мәртебесі бар келушілерді кіргізетін барлық аймақта, барлық объектілерде жұмыс уақыты бойынша шектеулер алып тасталады; Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, "Ashyq"-та тек жасыл мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар шектеулерсіз өткізіледі. Спорт кешендерінің, сауықтыру және діни объектілердің, ойын-сауық объектілерінің, сауда-ойын сауық орталықтарының, сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды.
 
Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан "көк" мәртебесі бар болған кезде отельдерге, қонақ үйлерге, әуежайларға, темір жол, автовокзалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, "Қазпошта" АҚ бөлімшелеріне, банктерге, асханалар түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА-орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеулерсіз кіруге рұқсат етіледі.
 
 "Көк" мәртебесі бар келушілердің кіруіне рұқсат берілген бірқатар объектілер үшін: 
 
- "жасыл" аймақта шектеулер алынып тасталады; 
 
- "сары" аймақта 70%-ға дейін, "қызыл" аймақта 60%-ға дейін ресторандар, мәдени объектілер, балалар мен ересектерге арналған ойын және ойын-сауық орындары бойынша толымдылық ұлғайтылды.
 

Елімізде пандемияның бүкіл кезеңінде бизнестің барлық салаларында карантиндік шаралардың мұндай кең ауқымды жеңілдіктері болған жоқ. Бұл өз кезегінде белгіленген қауіпсіз жұмыс алгоритмдерін орындау жолында бизнестің ерекше жауапкершілігі мен адалдығына сенімді арттырады", — деді А. Ғиният.

 

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстауды тапсырамын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес, карантиндік шектеулерді бизнес үшін жеңілдете отырып, қайта қарау тапсырылды. Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек", — деді Ә. Смайылов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны