"Жайлы мектеп" жобасы аясында Ақтөбе облысында 20 мектеп салынады
Достарға айту
"Жайлы мектеп" жобасы аясында Ақтөбе облысында 17 мыңнан астам оқушы заманауи мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлады өңір әкімдігі.
Осы мақсатта облыста 20 мектеп бой көтереді деп жоспарлануда. Оның 14-і - 2024 жылы, алтауы - 2025 жылы пайдалануға беріледі. Білім беру нысанының басым бөлігі Ақтөбеде салынады, өйткені мұнда Батыс-2 сияқты жаңа тұрғын үй алаптары пайда болуда. Оқушыларға орын тапшы. Сонымен қатар, 1 мектеп - Қандыағаш қаласында, 4 мектеп - ауылдарда бой көтереді. Осылайша, Шұбарқұдық ауылында апатты мектеп мәселесі шешіліп, Кеңқияқ ауылында жаңа ғимарат салынады.
Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта жобаларды уақытылы іске асыру бойынша шаралар қабылдануда, айтарлықтай проблемалық мәселелер жоқ.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Сондай-ақ, білім басқармасына жаңа мектептердің кадрлық құрамын қалыптастыруға қатысты жұмыстарды бастау жүктелді.
"Жайлы мектеп" жобасы аясында барлық мектептер бірыңғай стандартқа сай салынып, заманауи техникамен жабдықталады. Балаларды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болады.
Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бірегей платформасы арқылы жаһандық аренада бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуде
Достарға айту
Бірінші шақырылымдағы Құрылтай құрамындағы әйелдердің үлесі 34 пайызға жетті. Бұл туралы "Бейбітшілік мәдениетін ілгерілететін әйелдер көшбасшылығы" тақырыбында өткен Бейбітшілік мәдениеті саласындағы іс-қимыл бағдарламасы жөніндегі жоғары деңгейдегі форум барысында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі.
Сондай-ақ, ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 "Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік" қарарын жүзеге асыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған жаңа Ұлттық іс-қимыл жоспарының бекітілген мәлім етті.
Сонымен қатар ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосқан маңызды үлесі ерекше аталып өтіліп, бұл бағытта 2018 жылдан бері 20 қазақстандық әскери қызметші әйел халықаралық миссиялардағы міндеттерін абыроймен атқарып келеді.
"2025 жылғы форумның қорытындысы бойынша қабылданған Астана бейбітшілік декларациясы БҰҰ күн тәртібіндегі өркениетаралық диалог пен қоғамдық келсімді нығайтудың маңызды құралы болып табылатыны атап көрсетілді", - деп толықтырды баспасөз қызметінен.
Шақырымдарға созылған кептелістер: алматылықтар қала жолдарындағы ахуалға наразылық танытуда
Алматыда оқу жылының басталуы мен көшелердегі жөндеу жұмыстарына байланысты бірнеше шақырымға созылған кептелістер пайда болды
Достарға айту
Қала тұрғындары күндіз қала қозғалысын тұралатып тастаған жол кептелістеріне шағымдануда, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Қаланың орталығында көлік кептелісі күшейіп, Төле би, Тимирязев көшелерін, Абай және Әл-Фараби даңғылдарын, сондай-ақ Сейфуллин - Сәтбаев және Мұқанов - Шевченко көшелерінің қиылыстарын қамтыды.
Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, Құлжа тасжолында Алматыға қарай бірнеше шақырымға созылған кептеліс те пайда болған.
Кептелісте тұрған тұрғындар жолдағы жағдайға наразылық білдіріп, видео түсіруде.
Қыркүйекте мектептерде оқу басталып, студенттер қалаға оралған кезде көлік қозғалысының қиындауы үйреншікті жағдайға айналғанына қарамастан, тұрғындар бұған көбіне дайын болмай шығады. Ал, қала билігі тарапынан алдын ала берілетін ақпарат көп жағдайда жеткіліксіз болады.
Биыл жол жөндеу мен көшелерді қайта жаңғырту жұмыстары жағдайды одан әрі қиындата түскен.
Қыркүйек айында билік қала тұрғындарына мүмкіндігінше жеке көлікпен жүруден бас тартып, қашықтан жұмыс істеуге көшуді ұсынды. Алайда бұл шара кептеліс мәселесін шеше алмады. Сонымен қатар қала тұрғындары жаппай метроға ауысып, станцияларда да ұзын-сонар кезек пайда болды.
Алматыда көлік кептелісі мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр.
Polisia.kz-тің өткен жылғы мәліметі бойынша, күн сайын мегаполис көшелеріне басқа өңірлерден келетін көліктерді қоса алғанда, 1,5 миллионнан астам көлік шығады. Сондай-ақ, Алматыға облыстан күн сайын көптеген көлік кіреді.
6 қыркүйекте Алматыда GT SPORT FEST спорт фестивалі өтеді
Төле би көшесінің Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі
Достарға айту
Алматыда 6 қыркүйекте Қала күніне орай өтетін GT SPORT FEST спорт фестиваліне байланысты Төле би көшесінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Сағат 00:00-ден 23:00-ге дейін Төле би көшесі Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейін көлік қозғалысы толығымен жабылады.
Шектеулер фестиваль қатысушылары мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Жүргізушілерден бағыттарын алдын ала жоспарлап, қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескерулерін сұрайды.
GT SPORT FEST фестиваліне мыңға жуық әуесқой және кәсіби спортшы қатысады деп күтілуде. Бағдарламада 3×3 стритбол, киберспорт, брейкинг, BMX және автошоу сияқты іс-шаралар қарастырылған.
Қараманас ауылының мектебіне Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді
Мектеп 1913 жылы жазушы дүниеге келген ауылда орналасқан
Достарға айту
Ташкент облысы Бостандық ауданының Қараманас ауылындағы №34 жалпы орта білім беретін мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері және қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен екі елдің жазушыларының "Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет - дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы" форумы аясында және де жаңа оқу жылының басталуына орай ұйымдатырылды.
Форум екі елдің әдебиет және мәдениет өкілдерінің басын қосып, қазақ-өзбек мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға, ортақ рухани мұраны сақтауға және шығармашылық диалогты кеңейтуге бағытталған тағы бір маңызды алаңға айналды.
"Мектеп 1913 жылы жазушы дүниеге келген Қараманас ауылында орналасқан. Білім ордасына оның есімінің берілуі ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауға деген құрметтің және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достықты нығайтудың жарқын көрінісі болды",- деп айиылған хабарламада.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Х.Султонов, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Е.Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор А.Райымқұлова, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, Қазақстан мен Өзбекстан Жазушылар одақтарының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, мәдениет және әдебиет қайраткерлері қатысты.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде бұл оқиғаның жай ғана мектептің ашылуы емес, қазақ пен өзбек халықтарының сан ғасырлық ортақ тарихының, мәдениеті мен рухани жақындығының жемісі екенін атап өтті.
Мерекелік іс-шара дәстүрлі алғашқы қоңырау рәсімінен басталып, "Рахметолла Райымқұлов: ұрпақтарды біріктіретін мұра" тақырыбындағы ашық сабақпен жалғасты.
Сондай-ақ, жаңартылған мектеп кітапханасы мен Р.Райымқұловтың мемориалдық бұрышы ашылып, кітапхана қоры қазақ және өзбек әдебиетінің жаңа басылымдарымен толықты. Екі елдің Жазушылары одақтарының өкілдері тарихи жадыны сақтауда және гуманитарлық байланыстарды дамытуда әдебиеттің ерекше рөлін атап өтті.
Алғашқы қоңырау жаңа кезеңнің символына айналды: жазушының есімі туған жеріне қайта оралып, жаңа ұрпақтың жадында және білімінде мәңгі сақталмақ.
Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын
Сурет: qr-pib.kz
Достарға айту
Бүгін, 3 қыркүйек Қазақстанда алғаш рет қазақтың тазысы мен төбетіне арналған күн аталып өтілуде, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
"Тазы ұлттық ит тұқымы ретінде халқымыздың мәдени мұрасы мен дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі саналады. Ол адалдықты, ептілік пен күшті бейнелейтін "Жеті қазынаның" қатарына кіреді", - деп мәлім етті президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Ғасырлар бойы тазы мен төбет Ұлы далада адамзаттың сенімді серігі болған. Тазыны аңшылыққа пайдаланса, төбетті мал мен мүлікті қорғауға пайдаланған.
Gov.kz
Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық ит тұқымдарын сақтау және дамыту жұмыстары қолға алынған. Оларды сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша заң қабылданып, Қазақстан Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі болды.
2024 жылы тазы тұқымы алдын ала халықаралық деңгейде танылып, Қазақстан ресми түрде осы ит тұқымының шыққан елі ретінде бекітілді.
Қазір қазақстандық тазылар ірі халықаралық көрмелерге қатысып жүр, асыл тұқымды иттер базасы кеңейіп, өсірушілер саны артып келеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстан кинологтар одағының бірыңғай асыл тұқым кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Олардың нақты саны бұдан да көп, өйткені ауылдар мен шалғай аудандардағы иттердің бір бөлігі әзірге орталықтандырылған есепке алынбаған.
Мамандар өңірлерде асыл тұқымды иттерді тексеруді жалғастырып, олардың шығу тегі туралы мәліметтер жинап, есепке алуды жалғастыруда. Бұл тазының тұқымдық белгілері мен генетикалық әртүрлілігін сақтау қажеттілігінен туындап отыр.
Қазақ тазысы шетелде де белсенді таныстырылып келеді. 2025 жылы бұл тұқым Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде ресми түрде таныстырылса, 2026 жылғы маусымда Болоньяда өткен World Dog Show көрмесінде Қазақстанның 12 тазысы таныстырылды.
Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы салынып жатыр. Орталықта таза тұқымды иттерді асырау және өсіру, бірыңғай шежіре кітабын жүргізу, кинология саласындағы мамандарды даярлау, сондай-ақ көрмелер, байқаулар, сынақтар мен жарыстар өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, 2026 жылдың ақпан айында Үкімет қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026-2036 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіткен.
Қазақстандықтар eGov-та ауруханаға түскені туралы хабарланатын жақындарын көрсете алады
Сенімді үш тұлғаға дейін көрсетуге болады
Достарға айту
eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасының пайдаланушылары енді ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама жіберу үшін үш сенімді байланыс тұлғаларын көрсету мүмкіндігі пайда болды, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Сервис төтенше жағдайларда мысалы, пайдаланушы жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен жайсыз сезінсе немесе басқа да себептермен ауруханаға жатқызылып, жақындарымен өздігінен байланыса алмаған жағдайда, ол алдын ала көрсеткен сенімді байланыс тұлғаларына тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл жақындарына адамның ауруханаға жатқызылғанын жедел білуге және дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Үш сенімді байланыс тұлғасына дейін көрсетуге болады. Олар кәмелетке толған және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс.
Сервисті eGov.kz порталында қосу үшін "Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу" қызметін таңдап, сенімді тұлғаның ЖСН-ін көрсету, дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісім беру, содан кейін сұрау салуды жіберу қажет.
Сенімді тұлғаға SMS-хабарлама келеді. Келісім беру үшін 911, бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Жауап бес сағат ішінде берілуі тиіс. Келісім алынғаннан кейін пайдаланушы сұрау салуға қол қояды, ал мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі.
eGov Mobile қосымшасында қызмет "Мемлекеттік қызметтер" - "Денсаулық сақтау" бөлімінде қолжетімді.
Сервис тегін. Өтінішті өңдеу 10 минутқа дейін созылады. Тіркеуден кейін таңдалған адам пайдаланушы ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлама алып отырады.
Қазақстандық әйел алғаш рет Балқашта 21 шақырымды жүзіп өтті
Сурет: Маңғыстау облысының ҚКО
Достарға айту
Маңғыстаулық заңгер Жаннат Қатарбаева Балқаш көлінде 21 шақырымды жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі атанды, деп хабарлайды Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы.
Қатарбаева ашық суда жүзуден Ultra Oceanman халықаралық жарысына қатысқан. 2026 жылы бұл жарыс Балқашта алғаш рет ультра ұзақ қашықтықта өткізілді.
Жаннат Қатарбаева Жаңаөзенде дүниеге келген. Қазір Астанада тұрады және заңгер болып жұмыс істейді.
Ол алты жылдан бері жаттықтырушы Дмитрий Деревянконың жетекшілігімен жүзумен айналысады. Қазақстанда өткен жарыстарда 8 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ спортшы Италиядағы Орта көлінде ашық суда 14 шақырымды жүзіп өткен.
Қатарбаеваның айтуынша, оның жетістігі әйелдердің жасына қарамастан спортпен айналысып, алдына жаңа мақсаттар қоя алатынын көрсетеді. Ол өз үлгісі арқылы әйелдерді белсенді өмір салтын ұстануға және өз күшіне сенуге ынталандырғысы келеді.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасы: тұрғындар үй қабырғасы тағы да опырылуы мүмкін деп қауіптенуде
Сурет: Астана ТЖД бейнежазбасынан скриншот
Достарға айту
Астанада тұрғын үй қасбетінің бір бөлігі опырылып, фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сотта осы үйдің тұрғыны Валерия Самсонова куә ретінде айғақ берді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Тоғызыншы қабатта тұратын Самсонованың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада қасбеттің бір бөлігі опырылғаннан кейін әкімдік техникалық қабатта нығайту жұмыстарын жүргізуге көмектескен.
"Қайта опырылып кетпеуі үшін қасбеттің кірпіштерін алып тастады. Үйдің одан әрі ажырап кетпеуі үшін швеллерлермен бекітті. Бұл жұмыстар желтоқсан мен қаңтар айларында жүргізілді. Осыдан екі апта бұрын дәлізімізде жарықтар пайда болды. 9-қабатта және техникалық қабатта қабырғалар қатты ажырап барады... Екінші кіреберістің техникалық қабатында да ажырап кеткен жерлер бар. Қазір не болатынынан қорқып отырмыз. Бұрын 9-қабаттан 7-қабатқа дейін жарықтар болған еді, енді одан төменге тарай бастады. Үй одан әрі бұзылып барады", - деді ол.
Куәгердің айтуынша, соңғы айларда тұрғындар үйдің жағдайына назар аударуды сұрап, мемлекеттік органдарға ұжымдық түрде өтініш жасаған.
"Бұдан әрі де опырылып кете ме деп қорқамыз. Үйдің жанында балалар алаңы бар. Егер кірпіштер құласа, адамдар қаза болуы мүмкін. Қазір қабырғалар тез ажырап барады, бұрын жарықтар мұндай жылдамдықпен ұлғаймайтын... Қабырғамыз кез келген сәтте опырылып түсуі мүмкін", - деді Самсонова.
Куәгер сондай-ақ, сараптама қорытындысы бойынша үй апат алдындағы жағдайда деп танылғанын атап өтті.
Самсонова қасбеттің бір бөлігі алынғаннан кейін тұрғындар кірпіш қалаудағы ақауларды көргенін де мәлімдеді.
"Қалау жұмыстары кірпіш сынықтарынан, сынған кірпіштерден жасалған... Арматуралық тор жоқ, кірпіш қалауда ерітінді де жоқ... Мұның бәрін қасбетті алып тастағаннан кейін көрдік. Біздің жақтағы кірпіш те дәл осындай болып шығады, сондықтан кез келген сәтте опырылып кетуі мүмкін деп қорқамыз", - деді ол.