14.03.2023, 09:03 22401

Қазақстанда құтқарушыларға жұмыстағы қауіп-қатер үшін қосымша ақы төленетін болады

Қосымша ақының мөлшері лауазымдық жалақының 70%-ын құрайды
Қазақстанда құтқарушыларға жұмыстағы қауіп-қатер үшін қосымша ақы төленетін болады
Сурет: gov.kz
Астана. 13 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Жұмыс барысында денсаулыққа және өмірге зиян келуі қаупімен байланысты жұмыс үшін қазақстандық құтқарушыларға қосымша ақы төленетін болады. ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдады.

Қосымша ақының мөлшері лауазымдық жалақының 70%-ын құрайды. Ол жедел-құтқару жасақтары, Республикалық жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлеріне және "Қазселденқорғау" ММ-нің құтқару функциялары бар негізгі қызметкерлеріне төленеді. ҚР ТЖМ деректері бойынша барлығы 2 мыңнан астам құтқарушы қосымша ақы алмақ", - деп хабарлады Үкімет.


Қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық құтқарушылар ақпан айының басында Түркияда болған қатты жер сілкіністерінің салдарын жоюға қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ техникасы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кіріскен болатын. Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды. Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды. 19-20 ақпанда қазақстандық құтқарушылар отанына оралды.

ҚР Президенті Түркия мен Сирияда жұмыс істеген құтқарушылар мен дәрігерлерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны