31.08.2021, 21:06 7535

Жаңа қорғаныс министрі ант берді

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне бірқатар міндет жүктеді.
НҰР-СҰЛТАН. 31 ТАМЫЗ - Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесу өткізіп, жаңадан тағайындалған министр Мұрат Бектановты таныстырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы жаңа министрдің білімі мен тәжірибесі Қарулы Күштерге жүктелетін міндеттерді орындауға септігін тигізетініне сенім білдірді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев әскер әлемдегі және аймақтағы күрделі жағдайда кез келген сыртқы қауіп-қатерге тойтарыс беруге, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болуы керек екенін айтты.
 
Президент Арыс пен Жамбыл облысының Байзақ ауданындағыдай төтенше оқиғаларға жол бермеудің аса маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте Жоғарғы Бас Қолбасшы оқ-дәрілер қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмасын әскерилердің есіне салып, бұл бағытта бірқатар жұмыстар жасалғанын, дегенмен әлі де шешімін күткен түйінді мәселелердің бар екенін атап өтті.
 
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне бірқатар міндет жүктеді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қарулы күштерін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын толықтай жүзеге асыру қажет екеніне, әскери қауіпсіздіктің сын-қатерлеріне шұғыл әрекет ету үшін басқару органдарының дайындық іс-шараларын жалғастыра беруге назар аударды.
 
Президент Қарулы күштерді жабдықтау бойынша міндеттемелерді орындау барысында отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенімен келісіп жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар офицерлер мен келісім-шарт бойынша алынатын қызметкерлерге сапалы дайындық жүргізуді қамтамасыз етуге, офицерлер мен генералдар қатарында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге шақырды.
 
Жоғарғы Бас Қолбасшы оқ-дәрі сақтайтын барлық қоймаларда және басқа да қару-жарақ сақтайтын жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шешім қабылдауды, сондай-ақ елді мекендерден алыс жерде оқ-дәрі сақтайтын замануи қоймалар салу жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Бұған қажетті қаражат "Қауіпсіз ел" Ұлттық жобасынан қарастырылуы тиіс.
 
Мемлекет басшысы жиын соңында жаңа министрге және барлық әскерилерге аса жауапты қызметте табыс тіледі. Тағайындалған министр Мұрат Бектанов Үкімет мүшесі ретінде ант қабылдады.
 
Жиын барысында отставкаға кеткен бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, Президенттен, Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың ағайын-туысынан және зардап шеккендерден кешірім сұрады.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шықты. Нәтижесінде 15 адам қайтыс болды, тағы біреуін іздеу жалғасуда. 90-нан астам адам жарақат алды. 
 
Оқиға себептерін анықтаумен құрылған жедел-тергеу тобы айналысуда. Алдын ала болжамдар бойынша себептер әртүрлі болуы мүмкін. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, өздігінен жану, химиялық реакция. Сондай-ақ қасақана өртеу немесе диверсия сияқты болжамдар да қарастырылуда. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны