15.06.2026, 12:24 3281
Қарағанды облысының прокуроры тағайындалды
Сурет: Қарағанды облысының прокуратурасы
Достарға айту
Мемлекет басшысының келісімімен және Бас Прокурордың бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Мұрат Әжінұрұлы Тлеубердиев Қарағанды облысының прокуроры лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Қарағанды облысының прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Бүгін жаңа прокурорды Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды.
Мұрат Әжінұрұлы еңбек жолын Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі болып бастады.
Әр жылдары Алматы қаласы Әуезов және Алмалы аудандарының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы болып қызмет істеген.
2023 жылғы мамырдан Түркістан облысының прокуроры болды.Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы І дәрежелі "Айбын" және ІІ дәрежелі "Айбын" ордендерімен наградталған.
Прокуратураның құрметті қызметкері.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
15.06.2026, 15:19 266
Үкіметте цифрландыру және ЖИ саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылады
Достарға айту
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Киммен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасыз қызметінен.
Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы цифрландыру, жасанды интеллект, GovTech және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Жиында Қазақстандағы "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасын жүзеге асыру мәселесіне назар аударылды.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған ҚР жаңа Конституциясы технологиялық инновациялар мен жеделдетілген цифрлық трансформация арқылы экономиканы нығайтуға мүмкіндік ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айқындады. Бұл жыл Цифрландыру жылы деп жарияланып, экономиканың барлық саласына ЖИ шешімдерін ауқымды енгізуге басымдық беріліп отыр. 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазақстанның цифрлық трансформация бағдарламасын ілгерілетуге Дүниежүзілік банктің қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткім келеді. Біз жоспарлаған барлық бастаманың уақтылы жүзеге асырылуына үлкен мән береміз", - деді Олжас Бектенов.
Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким Қазақстанда цифрландыру деңгейі жоғары екенін атап өтті. Маңызды жобалардың қатарында Деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, Каспий арқылы суасты талшықты-оптикалық кабелін салу, ауылдық жерлерде байланысты қамтамасыз ету және цифрлық мемлекеттік сервистер, жасанды интеллект және технопарктер саласындағы бастамалар бар. Дүниежүзілік банк осы бастамаларға қолдау көрсетуге дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким Қазақстанды Дүниежүзілік банктің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі жаһандық стратегиясының негізгі серіктес әрі қатысушы ел болуға шақырды. Бағдарлама цифрлық экономикаға инвестиция тартуға бағытталған. Типтік келісім бағыттары цифрлық байланыс пен инфрақұрылымды дамыту, цифрлық мемлекеттік платформалар мен сәйкестендіру жүйелерін жетілдіру, деректерді реттеу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамыту және жасанды интеллект экожүйесін ілгерілетуді қамтиды. Елдерге арналған цифрлық келісімдер әр мемлекеттің ұлттық басымдықтарына сәйкес бейімделеді. Осылайша, Қазақстан Республикасының ұлттық күн тәртібі Дүниежүзілік банктің қолдауымен нақты инвестициялық жобалармен және реформалармен үйлестірілетін болады.
Премьер-министр Олжас Бектенов вице-президент Сангбу Кимге және Дүниежүзілік банк командасына Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтып, Үкіметтің Дүниежүзілік Банктің бағдарламасына қатысуға дайындығын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 13:46 1191
СІМ қазақстандық жанкүйерлерге 2026 жылғы әлем чемпионаты қатысты бірқатар ұсыныстар берді
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақстандық жанкүйерлерге 2026 жылғы әлем чемпионаты қатысты бірқатар ұсыныстар берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
АҚШ, Канада және Мексика мемлекеттерінде өтетін әлем чемпионаты кезеңінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауларыңызды және жеке қауіпсіздік мәселелеріне мұқият қарауларыңызды сұраймыз", дейді министрлік өкілдері.
Мекеме атап айтқанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін әрдайым өзіңізбен бірге алып жүру, жергілікті құқық қорғау органдары мен іс-шара ұйымдастырушыларының талаптарын сақтау, ресми іс-шаралар аймақтарынан тыс адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап, ресми көлік қызметтерін пайдалану, жеке заттарды қараусыз қалдырмау, жергілікті билік органдары мен төтенше жағдай қызметтерінің хабарламаларын қадағалау, төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл көмек қызметтеріне дереу хабарласу қажет екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, Әлем чемпионаты кезеңінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін келесі визалық талаптар қолданылады:
АҚШ аумағына кіру үшін тек Америка Құрама Штаттарының визасы талап етіледі.
Канада аумағына кіру үшін тек Канаданың визасы талап етіледі.
Мексика аумағына кіру үшін кез келген шетелдегі Мексиканың консулдық мекемелерінде рәсімделген визасы, немесе төменде көрсетілген құжаттардың бірі болған жағдайда кіруге болады, яғни Канадада, Америка Құрама Штаттарында, Жапонияда, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде, Шенген келісіміне қатысушы кез келген мемлекетте немесе Тынық мұхиты альянсына мүше елдердің бірінде тұрақты тұру құқығын растайтын құжат, Канада, Америка Құрама Штаттары, Жапония, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі немесе Шенген кеңістігіне қатысушы кез келген мемлекеттің қолданыстағы визасы, Мексика мақұлдаған АТЭС іскер саяхатшысының картасы (APEC Business Travel Card, ABTC), Теңіз экипажының мүшесі болып табылған тұлғаның теңізші куәлігі (теңізші кітапшасы), Әуе кемесі экипажы мүшесінің мәртебесін растайтын құжат.
Құжаттарыңыз жоғалған, құқық қорғау органды тарапынан ұсталған, өміріңізге немесе денсаулығыңызға қауіп төнген немесе өзге де төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының жақын орналасқан шетелдік мекемесіне дереу хабарласуларыңызды сұраймыз", деп мәлімдеді министрліктен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 13:30 1941
СІМ Шенген аймағына кірудің жаңа талаптарын мәлімдеді
Сурет: depositphotos
Достарға айту
2025 жылғы 12 қазанда қысқа мерзімді сапарларға келетін ЕО азаматтары болып табылмайтын үшінші елдердің азаматтарын тіркеуге арналған жаңа EES жүйесінің (кіру/шығу жүйесі) пилоттық жобасы күшіне енді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бұл жүйе қысқа мерзімді виза қажет ететін немесе визадан босатылған үшінші елдердің азаматтарына қолданылады. Кіруге рұқсат берілмеген жағдайлар да осы жүйеде тіркелетін болады.
Электрондық тіркеу процесі барысында жол жүру құжаты мен жеке деректерді, сондай-ақ кіру және шығу күндері жинақталып, электрондық түрде тіркейледі және сақталады. Жеке деректерді жинау мен сақтау шарттары кіру/шығу жүйесін (EES) белгілейтін (ЕО) 2017/2226 Регламентінде көрсетілген. EES жүйесі азаматтарға қатысты келесі мәліметтерді тіркейді:
- жол жүру құжатындағы толық мәліметтер;
- ЕО елдеріне кіру және шығу күні мен орны (ESS пайдаланылатын елдерде);
- бет әлпеттің суреті мен саусақ іздері (яғни биометриялық деректер);
- қажет болған жағдайда, кіруден бас тарту туралы ақпарат.
Визасыз ЕО елдеріне келетін үшінші ел азаматтарының және жеңілдетілген транзиттік құжат иелерінің саусақ іздері EES жүйесінде сақталады. Шенген аймағына кіру үшін виза қажет азаматтардың саусақ іздері Визалық ақпараттық жүйеде (VIS) сақталады.
Жүйе, сондай-ақ, қажеттілігіне байланысты қосымша жеке ақпаратты Визалық ақпараттық жүйеден (VIS) және Еуропалық туристік ақпарат және рұқсат беру жүйесінен (ETIAS) алады. Бұл мәліметтерге сапарға рұқсат статусы және (қажет болған жағдайда) отбасы мүшесі статусы жатады.
Қазіргі таңда EES жүйесі ЕО елдерінде (Кипр мен Ирландияны қоспағанда), сондай-ақ Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцарияда қолданылады.
Маңызды: егер биометриялық деректерді ұсынудан бас тартылса, EES арқылы ЕО елдеріне кіруге рұқсат берілмейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.06.2026, 13:05 41186
ШЫҰ: Жаңа белес пен зор мүмкіндіктер
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Дүние дидарында диалог қай кезде де бәтуаластыққа жол бастайтын ең басты құндылық саналады. Елдердің бірлік пен бітімгершілік жолында өзара құлақ асуы және дәуір сұраныстарына сай тізе қосып жауап әзірлеуі халықаралық жүйенің орнықтылығын айқындай түседі. Әсіресе өзгерістер мен дағдарыстар тұсында мұндай бірлескен қадамдардың маңызы зор. Осы ретте қазіргі әлемде мемлекеттер арасындағы өзара сенімге селкеу түсуін диалогтің уақыт өткен сайын тапшы "ресурсқа" айналып бара жатқанының салдары дер едік.
Дей тұрғанмен, дәл бүгінгі халықаралық саясатта елдердің сындарлы үндестігін орнатып, бейбітшілік пен өзара сенімді нығайтуға, тату көршілік пен ынтымақтастық тың әлеуетін ашуға қалтқысыз қызмет етіп жатқан іргесі берік көпжақты құрылымдардың да жарқын мысалдары бар. Осындай бірегей бірлестіктердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын сеніммен атап өтуге болады.
Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 2001 жылғы 15 маусымда құрылған ШЫҰ бүгінде әлемдегі ең ірі өңірлік көпжақты ұйымдардың бірі ретінде орнықты.
Бірлестіктің ширек ғасырға созылған дара даму жолы ШЫҰ үшін сенім қалыптастырудың, мәміле іздеудің және Еуразия кеңістігіндегі әріптестікті нығайтудың бірегей тарихына айналды. Ұйым осы уақыт ішінде тарихи тұрғыдан алғанда күрделі әрі серпінді даму жолынан өтіп, өзінің өміршеңдігін ғана емес, ерекше тиімділігі мен қажеттілігін жан-жақты дәлелдеді.
ШЫҰ-ның шежіресі 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері іргесін қалаған "Шанхай бестігінен" бастау алады. Бірлестіктің алға қойған негізгі мақсаттарына қолдау білдіре отырып, 2001 жылы оған Өзбекстан қосылды. Нәтижесінде, "Шанхай бестігі" Шанхай ынтымақтастық ұйымы ретінде керегесін кеңейтіп, оның Орталық Азиялық түпқазығы қағылды. Қазіргі таңда ШЫҰ-ға әлемнің 10 мемлекеті - мүше. Бүгінде ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіреді. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесіне Еуразия құрлығының 60 пайыздан астамы, Жер шары халқының жартысына жуығы және әлемдік ішкі жалпы өнімнің едәуір бөлігі тиесілі екеніне тоқталып өтуіміз керек.
Осы уақыт ішінде ұйым халықаралық және өңірлік ықпалды құрылымдар қатарындағы өзінің абырой-беделін жылдан-жылға дәйекті түрде нығайтып келеді. Халықаралық бірлестік қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз етудің қайратты тетігі ретінде танылды. Осы жерде атап өтер жайт, бүгінде біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаһандық рөлінің артып келе жатқанына куә болып отырмыз.
Ұйымның өзара тиімділікке және тең құқыққа бағытталуы, сондай-ақ оның қандай да бір идеологияның үстемдігіне жол бермеуге негізделген сындарлы әрі прагматикалық ынтымақтастық тәсілі - баға жетпес құндылық. Бұл тәсіл "Шанхай рухы" деген атауға ие болды және ұйымға мүше мемлекеттер таңдаған ерекше даму стратегиясын айқындайды. Уақыттың өзі көрсетіп бергендей, ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл тетіктері өзінің өміршеңдігі мен жоғары тиімділігін барынша дәлелдеді.
Соңғы саммиттердің нәтижелері ұйымның алға қойған міндеттері мен мақсаттарының ауқымдылығын айқын түрде паш етті. Яғни ШЫҰ-ның саясат, қауіпсіздік, сауда, экономика және гуманитарлық саладағы өзекті өңірлік мәселелер бойынша шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдай алатынын тағы бір мәрте танытты.
Бұл орайда Қазақстан ұсынған жоба бойынша 2024 жылы қабылданған ШЫҰ-ның "Әділетті бейбітшілік, келісім және даму жолындағы әлемдік бірлік туралы" бастамасы осы іргелі істің жарқын үлгісіне айналды. Бұл - сенімді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау қағидаттарын қамтитын бұрын-соңды болмаған кешенді құжат. Уақыт өте келе аталған бастама БҰҰ Бас Ассамблеясына ресми құжат ретінде ұсынылды.
Қауіпсіздік мәселесі - ШЫҰ-ның күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың қатарында тұр. Осы кезеңде Ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы бірлескен күресте айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Бұл жауапты жұмыста ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымына ерекше рөл жүктелген. Қабылданған шаралардың тиімділігі терроризм инфрақұрылымын жоюға қатысты нәтижелі қадамдармен дәйектеліп отыр. Ақпарат алмасудың жедел жүйесі қалыптастырылып, терроризмге қарсы тұрақты оқу-жаттығулар өткізіліп келеді. Сарапшылардың бағалауынша, күш-жігерді үйлестірудің арқасында ШЫҰ кеңістігіндегі террористік әрекеттердің саны тұрақты түрде азайып келеді.
Сонымен қатар өңір ауқымында көлік, энергетика, инвестиция және технология салаларындағы тұрақты өзара байланыстарға негізделген Еуразиялық кеңістіктің қалыптасуы Ұйымның қол жеткізген қомақты жетістіктерінің бірі саналады. Дәлірек айтқанда, қатысушы елдердің егемендігін құрмет тұтатын, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттарына сүйенетін икемді экономикалық әріптестік үлгісі құрылды.
Жемісті ықпалдастықты нығайту жолындағы нақты қадамдардың бірі ретінде ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп келеді. Болашақта бұл қаржы институты ұйым кеңістігіндегі экономикалық және гуманитарлық жобаларды іске асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналады деген сенім бар.
Бұған қоса ШЫҰ елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызы жыл санап артып келеді. Бүгінде ұйым аясында өзіндік өрнегімен танылған бірқатар брендтік жоба жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында ШЫҰ университеті, "Шекарасыз білім беру" жобасы, "Рухани киелі орындар" бағдарламасы, ШЫҰ-ның туристік және мәдени астаналары, Жастар форумы және басқа да көптеген бастамалар бар. Бұл жобалар ұйымның мәртебесін асырып қана қоймай, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын маңызды көпір қызметін атқарып жүр.
Қазақстан ШЫҰ қағидаттарының берік жақтаушысы саналады әрі ұйымның институционалдық дамуы мен халықаралық беделін арттыруды тұрақты түрде қолдап келеді.
Атап айтқанда, еліміздің 2017 жылғы төрағалығы кезінде Ұйымның құрамына Үндістан мен Пәкістан қабылданып, ШЫҰ кеңістігі кеңеюінің алғашқы кезеңі лайықты жүзеге асырылды. Ал 2024 жылғы Астана саммитінде ШЫҰ алғаш рет "ондық" форматында үн қатты. Дәл осы саммитте Беларусь Республикасы толыққанды мүше ретінде алғаш рет алқалы жиынға қатысты.
Бұған қоса Қазақстанның бастамасымен және басқа мүше мемлекеттердің қолдауымен ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы, Шекара мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісім, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Қазақстанның ұйым аясындағы басым бағыттарының бірі - ерекше екпінмен өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға бейімделу арқылы ШЫҰ қызметінің тиімділігін арттыру.
Астана Ұйымды жаңғыртуды, оның институттарын заманауи сын-қатерлерге бейімдеуді және ынтымақтастықтың тәжірибелік мазмұнын күшейтуді дәйекті түрде қолдап келеді.
Осы тұрғыда Қазақстанның 2023-2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы ерекше маңызға ие болды. 2024 жылғы Астана саммитінде ұйым қызметін жетілдіру үдерісі басталып, оның институционалдық тұрақтылығын нығайтуға, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жағдайында ШЫҰ жаңа геосаяси және экономикалық шынайы ахуалға дер кезінде бейімделуі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан ұйым қызметіне кешенді талдау жүргізуді, оның ішінде шешім қабылдау тетіктерін, бірлескен жобаларды іске асыру барысын және салалық құрылымдардың қызметін үйлестіру мәселелерін қарастыруды ұсынды.
Қазақстан бастамашылық еткен ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі қазіргі таңда мүше мемлекеттер тарапынан белсенді түрде талқыланып жүр. Бұл іргелі бастаманың негізгі мақсаты - ұйымның тәжірибелік тиімділігін арттыру және оның Еуразия кеңістігіндегі халықаралық ынтымақтастықтың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі рөлін күшейту.
Қазақстан ұйымның экономикалық құрамдас бөлігін нығайтуды да қолдайды. Бұл бағыт - ШЫҰ әлеуетінің толық пайдаланылмауына байланысты жиі сынға ұшырайды және осы тақылеттес пікірлердің белгілі бір дәрежеде негізі бар екенін мойындау қажет.
Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша ШЫҰ әлемдегі ең ірі бірлестіктердің санатына жатады. Мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы әртүрлі бағалаулар бойынша шамамен 1 трлн долларды құрайды. Ұйым құрамында әлемдегі ең ірі энергия өндірушілер мен тұтынушылар бар. Сонымен қатар өңір аумағы арқылы халықаралық маңызы бар негізгі құрлықтық көлік дәліздері өтеді.
ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті ұйымның серпінді экономикалық ынтымақтастықтың маңызды орталықтарының біріне айналуына толық мүмкіндік туғызады. Алайда бұл әлеует әлі де толық көлемде игерілген жоқ. Осыны ескере отырып, Қазақстан бірлескен инвестициялық жобаларды жандандыруды, өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануды және ұйымға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытуды ұсынады.
Өз тарапынан Қазақстан цифрлық бейімделу деңгейі жоғары әрі қызмет көрсету саласында мол тәжірибе жинақтаған орта держава ретінде ШЫҰ аясында цифрлық трансформация, инновацияларды енгізу және электрондық сауда, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект салаларындағы жаңа ынтымақтастық алаңдарын қалыптастыру бағыттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
ШЫҰ мемлекеттері үшін экологиялық мәселелер экономикалық тұрақтылықты, азық-түлік қауіпсіздігін және халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Өңір үшін климаттың өзгеруі, шөлейттену, су ресурстарының азаюы және қоршаған ортаның ластануы мәселелері ерекше өзекті болып отыр. Орталық Азия су қауіпсіздігі тұрғысынан әлемдегі ең осал өңірлердің бірі саналады. Сондықтан экологиялық күн тәртібі ШЫҰ үшін стратегиялық маңызға ие.
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Су проблемаларын талдау орталығын құру бастамасына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Бұл құрылымның қызметі су ресурстарын тиімді және орнықты пайдалану саласындағы технологиялар мен үздік тәжірибелерді біріктіруге, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдерді бірлесіп енгізуге бағытталмақ.
Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда ШЫҰ көпсалалы халықаралық ұйым ретінде толықтай қалыптасқаны айдан анық. Ұйымдағы әрбір ынтымақтастық бағыты "Шанхай рухын" сақтай отырып және барлық мүше мемлекеттердің белсенді қатысуымен үйлесімді дамып келеді.
Осы тұста айрықша атап көрсететін тақырып - қауіпсіздік саласындағы ауқымды жұмысына қарамастан, ШЫҰ әскери блок немесе үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталған жабық одақ емес. ШЫҰ - ашық ынтымақтастық кеңістігі.
Қазақстан дәстүрлі түрде тең құқықты диалогті, шешімдерді бәтуаластық негізінде қабылдауды және текетірестік тәсілдердің пайда болуына жол бермеуді қолдайды. Тек ШЫҰ Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарына адалдық таныту арқылы ұйымның теңгерімді дамуын және ашық әрі сенімді көпжақты диалогті қамтамасыз етуге болады.
Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ әртүрлі саяси дәстүрлері, экономикалық модельдері мен мәдени ерекшеліктері бар мемлекеттердің ұстанымдарын ортақ мақсаттар мен болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік төңірегінде біріктіре алатынын бірнеше рет дәлелдеді.
Бұл мерейтойлық белестің жүріп өткен жолына қарағанда қажырлы еңбек, дипломатиялық шеберлік, саяси көрегендік және мемлекеттердің өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға деген шынайы құлшынысы жатқанын көреміз.
Бүгінде ШЫҰ өзіндік даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бұл - ынтымақтастықтың тиімділігі жаһандық тұрақтылыққа және миллиондаған адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін көкжиегі кең кезең.
Уақытпен екшелген мол тәжірибе, өзара іс-қимылдың бірегей әлеуеті және "Шанхай рухының" мызғымас қағидаттарына адалдық - Ұйымның алдағы уақытта да халықаралық сахнадағы маңызды орталықтардың бірі болып қала беруіне мүмкіндік туғызатынына кәміл сенемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: "Біздің халықтарымыз ШЫҰ-дан зор үміт күтеді. Олар Ұйым аясындағы өзара ымыра мен ортақ мүдделерді ескеруге негізделген нәтижелі ынтымақтастық қазіргі сын-қатерлер мен болашақтағы қиындықтарды абыроймен еңсеруге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді".
Дереккөз: egemen.kz
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.06.2026, 14:53 59846
Қазақстандағы БҰҰ өңірлік орталығы: жобаларды іріктеуде қандай критерийлер қолданылады
Сурет: depositphotos.com
Достарға айту
Қазақстанда Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы өз жұмысын бастайды. Орталық жүзеге асыратын жобаларды іріктеу кезінде қандай критерийлер қолданылатыны туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сенат отырысында айтып берді.
Ең алдымен өңірлік жобаларға басымдық беріледі. Әрбір мемлекеттің стратегиялық даму жоспарларын үйлестіру және өзара ықпалдастыру арқылы БҰҰ орталығы жекелеген елдерде тиісті жобаларды іске асыратын болады. Бұл жобалар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларда жүзеге асырылады, ал әрбір мемлекет аталған басымдықтарға негізделген кешенді өзара іс-қимыл жоспарын әзірлейді", - деді Ержан Ашықбаев.
Сонымен қатар, спикер барлық бағдарламалар Біріккен Ұлттар Ұйымының қатаң талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, орталық жыл сайын іске асырылған жобалар туралы, сондай-ақ өзінің қаржылық жағдайы мен бөлінген қаражаттың пайдаланылуы жөнінде есеп беріп отырады.
Еске салсақ, бүгін ҚР Парламенті Сенаты "Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.
Орталық техникалық көмекті кеңейтумен, тәжірибе алмасуды және сараптамалық қолдауды ұйымдастырумен, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-мен және Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанмен өзара іс-қимылын нығайтумен айналысады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.06.2026, 12:45 61851
Қазақстан СІМ Дмитрий Харристің азаматтығы туралы ақпаратты тексеріп жатыр
Достарға айту
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өзін Ресей аумағында ұстап отырғанын мәлімдеген Дмитрий Харристің азаматтығы туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Сенаттағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Біз Харрис азаматынан келіп түскен өтінішті алғанымызды растаймыз. Ресей Федерациясының құзыретті органдарының мәліметіне сәйкес, аталған азамат Ресей Федерациясының азаматы ретінде де тіркелген", - деп Ержан Ашықбаевтың сөзін "Казинформ" халықаралық ақпарат агенттігі келтіреді.
Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттар өтініш иесіне қажетті консулдық қолдау көрсетіп жатыр.
Ең алдымен, оның нақты қай мемлекеттің азаматы екенін анықтап алуымыз қажет. Осы мақсатта біздің Астрахань қаласындағы Бас консулдығымыз аталған азаматпен, сондай-ақ Ресей Федерациясының құзыретті органдарымен тікелей байланыста жұмыс істеп жатыр", - деп қосты Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Дмитрий Харристің Ресей Федерациясының аумағында ұсталып отырғанын айтып, Қазақстанның мемлекеттік органдарынан көмек сұрағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.06.2026, 10:29 90216
"Үлкен Алтай - 2026" конференциясы: ШҚО әкімі инвесторларды бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Бүгін Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай қаласында "Үлкен Алтай - 2026" халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған өңір делегациясы қатысты. Ауқымды жиынға еліміздің бірнеше аймағынан бөлек, Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның өкілдері жиналды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Шара шымылдығын өз сөзімен ашқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзян конференцияға келген барлық делегация мүшелеріне алғыс білдіріп, өзара қарым-қатынасты дамыта түсуге ниетті екендіктерін және түрлі бағыттағы жобаларды іске асыруға әзірліктерін жеткізді.
Жиын барысында ШҚО әкімі баяндама жасап, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Жылы қабылдап, конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өзара ынтымақтастықты дамытуға тұрақты түрде көңіл бөліп келе жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Алтай - Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия халықтарын біріктіреді. Бүгінде ол табиғи бай мұрасы ауқымды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалармен үйлесім тапқан жаңа мүмкіндіктер мекеніне айналуда. Шығыс Қазақстан үшін 2026-2027 жылдары "Біздің ортақ үйіміз - Алтай" халықаралық үйлестіру кеңесіне төрағалық ету үлкен мәртебе. Біз бұл жауапты міндетті өзара іс-қимылды жандандыруға, серіктестік байланыстарды нығайтуға және Үлкен Алтай өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге берілген мүмкіндік ретінде қарастырамыз", - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шығыс Қазақстан Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Моңғолия және Орталық Азия елдерін байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық тораптардың бірі ретіндегі әлеуетін одан әрі күшейтуге ниетті.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін өңірде заманауи көлік инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ірі көпір пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда 1,5 мың шақырымнан астам автокөлік жолы жөнделіп, қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар шекара маңындағы Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі әуежайдың құрылысы басталды.
Аталған жобалардың нәтижесі қазірдің өзінде айқын сезіліп жатыр. Негізгі көлік дәліздері арқылы жүк тасымалдау уақыты бір тәулікке жуық қысқарды. Қытай Халық Республикасымен шекарадағы "Майқапшағай" автокөлік өткізу бекетін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Ресей Федерациясымен шекарадағы "Уба" өткізу пунктін жаңғырту, Шемонаиха ауданындағы Үлбі өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жоспарланған. Біз жыл сайын 1 миллионға дейін турист қабылдауға дайынбыз. Марқакөл мен Катонқарағайдан бөлек, Риддер қаласының маңы мен Бұқтырма су қоймасының жағалауы да өңірдің бірегей туристік бағыттарының қатарында. Қытай, Ресей және Моңғолия инвесторларын облыс аумағында заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобаларды бірлесе іске асыруға шақырамыз", - деді облыс әкімі.
Ары қарай панельдік сессиялар өтіп, Шығыс Қазақстан облысының басқарма басшылары мен аудан әкімдері баяндама жасайды. Сондай-ақ өңір делегациясының мүшелері B2B кездесулерге қатысып, шетелдік әріптестерімен өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқыға салады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.06.2026, 10:55 110261
Президент Иордания Короліне құттықтау жеделхатын жолдады
Сурет: akorda.kz
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев II Абдалла бен әл-Хусейн мен оның отандастарын Иорданияның төл мерекесі – Корольдің Таққа отырған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен өзара қолдау рухындағы сан қырлы ынтымақтастық қос халықтың игілігі жолында қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Президент Корольдің жауапты қызметіне толағай табыс, ал Иордания халқына құт-береке тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
15.06.2026, 11:34Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы инвестициялық, экономикалық және гуманитарлық салалардағы әріптестікті кеңейтуде 15.06.2026, 11:48 8216Қазақстан мен Нидерланд 160 млн еуро көлеміндегі бірлескен жобаларды іске асыру туралы келісімге қол жеткізді15.06.2026, 11:52 7911Қазақстан Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті (дербес деректерді қорғау) жанындағы бақылаушы мәртебесін алды15.06.2026, 12:01 7686Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасының туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады15.06.2026, 12:17 6766Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
08.06.2026, 11:23 138821Елімізде 2026 жылғы егіс науқаны табысты аяқталды08.06.2026, 12:18 137356Түркістан облысының прокуроры тағайындалды12.06.2026, 20:00 131026Қазақстанның Сыртқы істер министрі Франция Елшісін қабылдады12.06.2026, 15:51 130726Корея Республикасының Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды12.06.2026, 21:12 129476Қазақстан СІМ басшысы Таиланд Елшісін қабылдады
22.05.2026, 20:31 251401Үкіметте ЕАЭО-ның шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері талқыланды22.05.2026, 17:13 237006Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады22.05.2026, 14:48 207471ШҚО-да "Ұлан" көлік-логистикалық кешені пайда болады21.05.2026, 13:04 194556Италия сенаторы Қазақстандағы саяси реформалардың жоғары деңгейін атап өтті21.05.2026, 14:05 194526Қазақстан мен БАӘ авиация мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

