15.06.2026, 17:22 4356
Қазақстандықтарға АҚШ визасын беруден бас тарту себептерін түсіндірілді
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстандықтардың АҚШ визасын алуға қатысты туындаған сұрақтарына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев түсініктеме берді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Оның мәлімдеуінше, виза беруден бас тартудың негізгі себептерінің бірі - құжаттардың талаптарға сәйкес келмеуі.
Азамат немесе өтініш беруші белгілі бір құжаттар тізімі бойынша өтініш тапсырады. Егер құжаттар талаптарға сай болса және азамат тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар болмаса, мемлекет виза беру туралы шешім қабылдайды. Ал, құжаттарда кемшіліктер болса, әдетте азаматқа қосымша сұрақтар қойылып, қосымша құжаттар сұралады. Менің білуімше, қажетті құжаттар ұсынылған жағдайда визалардың басым бөлігі мақұлданады", - деді Ерлан Жетібаев.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев әлеуметтік желілерде тараған Ресей азаматтарының Қазақстан арқылы өтініш беріп, АҚШ визасын қазақстандықтарға қарағанда жиірек алатыны туралы ақпаратқа қатысты да түсініктеме берді.
Бізде мұндай ақпарат жоқ. Менің білуімше, АҚШ елшілігі бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме немесе статистика жариялаған жоқ", - деді ресми өкіл.
Ерлан Жетібаевтың айтуынша, әрбір виза өтініші қолданыстағы рәсімдерге сәйкес жеке тәртіппен қаралады және шешім қабылдау кезінде өзге факторлар ескерілмейді.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев қазақстандықтардың АҚШ визасына берген өтініштерінің шамамен 45-46 пайызының мақұлданбайтындығын мәлімдеген болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
15.06.2026, 19:37 2591
Гонконгте "Алматы қаласының туризм күндері" өтті
Сурет: ҚР СІМ
Достарға айту
Гонконгте "Алматы қаласының туризм күндері" өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасының ҚХР Гонконг АӘА-дағы Бас консулдығы, Алматы қаласы Туризм басқармасы және қазақстандық турагенттіктер Гонконгта өткен "International Travel Expo" (ITE) халықаралық туризм көрмесіне қатысты.
Көрмеге 500-ден астам шетелдік туристік ведомстволары мен компаниялары қатысып, 30-дан астам елдің павильондары орнатылды.
Іс-шара барысында отандық туристік компаниялар Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырып, қытайлық және гонконгтық серіктестермен байланыс орнатты, сонымен қатар Қазақстан Республикасына туристік ағынның өсімін нығайту бойынша ынтымақтастықты белсендіру туралы келіссөздер жүргізді.
2026 жылдың 11 маусымында аталған көрме аясында Гонконгта "Алматы Туризм күндері" атты роуд - шоу өтті.
Іс-шараның ашылу салтанатында Бас консулдық өкілдері және Алматы қаласы Туризм басқармасының Туризмді насихаттау бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбихан сөз сөйледі. Іс-шараға Гонконгтың мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, мәдениет және өнер қайраткерлері, жергілікті туристік компаниялардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Роуд - шоу барысында қазақстандық туристік компаниялардың өкілдері (Sky Way, Turan Asia, Vision Travel және т.б.) гонконгтық туроператорларымен B2B кездесулер өткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Тараптар Гонконгтан Қазақстанға туристерді жіберу жұмыстарын белсендіру туралы келісті.
Кеш барысында қонақтарға ұлттық тағамдар, билер мен ұлттық аспаптар сүйемелдеген әндер орындалып, естелік сыйлықтар таратылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 17:05 4741
Алтын Орда мұрасы бойынша халықаралық симпозиумның қорытындылары ЮНЕСКО-да таныстырылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Астанада өткен Алтын Орда тарихына арналған симпозиумның қорытындылары Өркениеттер арасындағы халықаралық диалог күніне орай ЮНЕСКО бас кеңсесінде ұйымдастырылған "Жібек жолының мұрасы, саяхат пен дәстүр: мәдениетаралық диалог бағында" атты халықаралық конференция барысында көтерілген тақырыптардың арасында болды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Іс-шараға ЮНЕСКО басшылығы, Жібек жолының құрлық бойы және теңіз бағыттары бойында орналасқан мемлекеттердің елшілері, тарих пен мәдени мұра саласындағы беделді ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов өз сөзінде еліміздің Жібек жолының дамуына қосқан үлесін және оның экономикалық және мәдениетаралық алмасулардың да маңызды құралы ретіндегі рөлін атап өтті.
Осы тұрғыда Елші конференция қатысушыларын 2026 жылғы 19-20 мамырда Астанада өткен "Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумның қорытындыларымен таныстырды.
Оның айтуынша, Қазақстан астанасында өткен іс-шараға Азия, Еуропа, Америка және Таяу Шығыстың 20-дан астам елінен 300-ден астам делегаттың қатысуы Алтын Орда мен Ұлы Дала тарихын зерттеуге маманданған түрлі ғылыми мектептердің қызығушылығын көрсетті. Бұл өз кезегінде аталған мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени мұрасын жүйелі түрде зерттеудің жоғары халықаралық маңызын әрі осы тақырыптар кешені бойынша ғылыми ізденістерді одан әрі тереңдетудің өзектілігін айқын дәлелдеді.
Елші атап өткендей, Жібек жолының солтүстік тармағын бақылап, Ұлы Даладағы сауда бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Алтын Орда дәуірінде оның аумағы арқылы Қытай жібегі, Үндістан дәмдеуіштері, Ресей аң терілері, Орталық Азия жылқылары, Еуропа, Таяу және Орта Шығыс елдерінің қолөнер бұйымдары сияқты көптеген тауарлар тұрақты түрде тасымалданып отырған.
Оның айтуынша, Жошы Ұлысының экономикалық қуаты оның билеушілері атынан соғылған сансыз көп теңгелерінен де көрініс тапқан. Ал Еуразияның түрлі өңірлерінен табылып жатқан осы теңгелер бүгінгі күні Жібек жолының осы бөлігіндегі сауда және басқа да алмасулар тарихын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
ЮНЕСКО қамқоршылығымен өткен Алтын Орда мұрасы жөніндегі ауқымды симпозиум халықаралық ғылыми қауымдастықтың Еуразия мен Ұлы Даланың өзара сабақтас тарихын неғұрлым кең әрі жаңашыл тұрғыдан терең сараптауға жоғары қызығушылық танытып отырғанын айқын көрсетті", - деп атап өтті дипломат.
Өз кезегінде, Астанадағы симпозиумға ЮНЕСКО делегациясын бастап келген ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо іс-шараның жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өткенін атап өтті. Ол мұндай бастамалардың Еуразия халықтарының адамзаттың ортақ мәдени мұрасына қосқан үлесін жан-жақты зерттеу үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, Қазақстанға ЮНЕСКО-ның Жібек жолы бағдарламасын ұзақ мерзімді қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
Бағдарлама соңында конференция қатысушылары Жібек жолы елдерінің, соның ішінде Қазақстанның аспаздық мұрасын танытатын ұлттық тағамдардан дәм татты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 15:19 6281
Үкіметте цифрландыру және ЖИ саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылады
Достарға айту
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Киммен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасыз қызметінен.
Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы цифрландыру, жасанды интеллект, GovTech және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Жиында Қазақстандағы "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасын жүзеге асыру мәселесіне назар аударылды.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған ҚР жаңа Конституциясы технологиялық инновациялар мен жеделдетілген цифрлық трансформация арқылы экономиканы нығайтуға мүмкіндік ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айқындады. Бұл жыл Цифрландыру жылы деп жарияланып, экономиканың барлық саласына ЖИ шешімдерін ауқымды енгізуге басымдық беріліп отыр. 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазақстанның цифрлық трансформация бағдарламасын ілгерілетуге Дүниежүзілік банктің қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткім келеді. Біз жоспарлаған барлық бастаманың уақтылы жүзеге асырылуына үлкен мән береміз", - деді Олжас Бектенов.
Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким Қазақстанда цифрландыру деңгейі жоғары екенін атап өтті. Маңызды жобалардың қатарында Деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, Каспий арқылы суасты талшықты-оптикалық кабелін салу, ауылдық жерлерде байланысты қамтамасыз ету және цифрлық мемлекеттік сервистер, жасанды интеллект және технопарктер саласындағы бастамалар бар. Дүниежүзілік банк осы бастамаларға қолдау көрсетуге дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким Қазақстанды Дүниежүзілік банктің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі жаһандық стратегиясының негізгі серіктес әрі қатысушы ел болуға шақырды. Бағдарлама цифрлық экономикаға инвестиция тартуға бағытталған. Типтік келісім бағыттары цифрлық байланыс пен инфрақұрылымды дамыту, цифрлық мемлекеттік платформалар мен сәйкестендіру жүйелерін жетілдіру, деректерді реттеу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамыту және жасанды интеллект экожүйесін ілгерілетуді қамтиды. Елдерге арналған цифрлық келісімдер әр мемлекеттің ұлттық басымдықтарына сәйкес бейімделеді. Осылайша, Қазақстан Республикасының ұлттық күн тәртібі Дүниежүзілік банктің қолдауымен нақты инвестициялық жобалармен және реформалармен үйлестірілетін болады.
Премьер-министр Олжас Бектенов вице-президент Сангбу Кимге және Дүниежүзілік банк командасына Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтып, Үкіметтің Дүниежүзілік Банктің бағдарламасына қатысуға дайындығын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 13:46 7241
СІМ қазақстандық жанкүйерлерге 2026 жылғы әлем чемпионаты қатысты бірқатар ұсыныстар берді
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақстандық жанкүйерлерге 2026 жылғы әлем чемпионаты қатысты бірқатар ұсыныстар берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
АҚШ, Канада және Мексика мемлекеттерінде өтетін әлем чемпионаты кезеңінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауларыңызды және жеке қауіпсіздік мәселелеріне мұқият қарауларыңызды сұраймыз", дейді министрлік өкілдері.
Мекеме атап айтқанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін әрдайым өзіңізбен бірге алып жүру, жергілікті құқық қорғау органдары мен іс-шара ұйымдастырушыларының талаптарын сақтау, ресми іс-шаралар аймақтарынан тыс адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап, ресми көлік қызметтерін пайдалану, жеке заттарды қараусыз қалдырмау, жергілікті билік органдары мен төтенше жағдай қызметтерінің хабарламаларын қадағалау, төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл көмек қызметтеріне дереу хабарласу қажет екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, Әлем чемпионаты кезеңінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін келесі визалық талаптар қолданылады:
АҚШ аумағына кіру үшін тек Америка Құрама Штаттарының визасы талап етіледі.
Канада аумағына кіру үшін тек Канаданың визасы талап етіледі.
Мексика аумағына кіру үшін кез келген шетелдегі Мексиканың консулдық мекемелерінде рәсімделген визасы, немесе төменде көрсетілген құжаттардың бірі болған жағдайда кіруге болады, яғни Канадада, Америка Құрама Штаттарында, Жапонияда, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде, Шенген келісіміне қатысушы кез келген мемлекетте немесе Тынық мұхиты альянсына мүше елдердің бірінде тұрақты тұру құқығын растайтын құжат, Канада, Америка Құрама Штаттары, Жапония, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі немесе Шенген кеңістігіне қатысушы кез келген мемлекеттің қолданыстағы визасы, Мексика мақұлдаған АТЭС іскер саяхатшысының картасы (APEC Business Travel Card, ABTC), Теңіз экипажының мүшесі болып табылған тұлғаның теңізші куәлігі (теңізші кітапшасы), Әуе кемесі экипажы мүшесінің мәртебесін растайтын құжат.
Құжаттарыңыз жоғалған, құқық қорғау органды тарапынан ұсталған, өміріңізге немесе денсаулығыңызға қауіп төнген немесе өзге де төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының жақын орналасқан шетелдік мекемесіне дереу хабарласуларыңызды сұраймыз", деп мәлімдеді министрліктен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 13:30 7526
СІМ Шенген аймағына кірудің жаңа талаптарын мәлімдеді
Сурет: depositphotos
Достарға айту
2025 жылғы 12 қазанда қысқа мерзімді сапарларға келетін ЕО азаматтары болып табылмайтын үшінші елдердің азаматтарын тіркеуге арналған жаңа EES жүйесінің (кіру/шығу жүйесі) пилоттық жобасы күшіне енді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бұл жүйе қысқа мерзімді виза қажет ететін немесе визадан босатылған үшінші елдердің азаматтарына қолданылады. Кіруге рұқсат берілмеген жағдайлар да осы жүйеде тіркелетін болады.
Электрондық тіркеу процесі барысында жол жүру құжаты мен жеке деректерді, сондай-ақ кіру және шығу күндері жинақталып, электрондық түрде тіркейледі және сақталады. Жеке деректерді жинау мен сақтау шарттары кіру/шығу жүйесін (EES) белгілейтін (ЕО) 2017/2226 Регламентінде көрсетілген. EES жүйесі азаматтарға қатысты келесі мәліметтерді тіркейді:
- жол жүру құжатындағы толық мәліметтер;
- ЕО елдеріне кіру және шығу күні мен орны (ESS пайдаланылатын елдерде);
- бет әлпеттің суреті мен саусақ іздері (яғни биометриялық деректер);
- қажет болған жағдайда, кіруден бас тарту туралы ақпарат.
Визасыз ЕО елдеріне келетін үшінші ел азаматтарының және жеңілдетілген транзиттік құжат иелерінің саусақ іздері EES жүйесінде сақталады. Шенген аймағына кіру үшін виза қажет азаматтардың саусақ іздері Визалық ақпараттық жүйеде (VIS) сақталады.
Жүйе, сондай-ақ, қажеттілігіне байланысты қосымша жеке ақпаратты Визалық ақпараттық жүйеден (VIS) және Еуропалық туристік ақпарат және рұқсат беру жүйесінен (ETIAS) алады. Бұл мәліметтерге сапарға рұқсат статусы және (қажет болған жағдайда) отбасы мүшесі статусы жатады.
Қазіргі таңда EES жүйесі ЕО елдерінде (Кипр мен Ирландияны қоспағанда), сондай-ақ Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцарияда қолданылады.
Маңызды: егер биометриялық деректерді ұсынудан бас тартылса, EES арқылы ЕО елдеріне кіруге рұқсат берілмейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.06.2026, 12:24 9331
Қарағанды облысының прокуроры тағайындалды
Сурет: Қарағанды облысының прокуратурасы
Достарға айту
Мемлекет басшысының келісімімен және Бас Прокурордың бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Мұрат Әжінұрұлы Тлеубердиев Қарағанды облысының прокуроры лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Қарағанды облысының прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Бүгін жаңа прокурорды Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды.
Мұрат Әжінұрұлы еңбек жолын Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі болып бастады.
Әр жылдары Алматы қаласы Әуезов және Алмалы аудандарының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы болып қызмет істеген.
2023 жылғы мамырдан Түркістан облысының прокуроры болды.Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы І дәрежелі "Айбын" және ІІ дәрежелі "Айбын" ордендерімен наградталған.
Прокуратураның құрметті қызметкері.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.06.2026, 13:05 47236
ШЫҰ: Жаңа белес пен зор мүмкіндіктер
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Дүние дидарында диалог қай кезде де бәтуаластыққа жол бастайтын ең басты құндылық саналады. Елдердің бірлік пен бітімгершілік жолында өзара құлақ асуы және дәуір сұраныстарына сай тізе қосып жауап әзірлеуі халықаралық жүйенің орнықтылығын айқындай түседі. Әсіресе өзгерістер мен дағдарыстар тұсында мұндай бірлескен қадамдардың маңызы зор. Осы ретте қазіргі әлемде мемлекеттер арасындағы өзара сенімге селкеу түсуін диалогтің уақыт өткен сайын тапшы "ресурсқа" айналып бара жатқанының салдары дер едік.
Дей тұрғанмен, дәл бүгінгі халықаралық саясатта елдердің сындарлы үндестігін орнатып, бейбітшілік пен өзара сенімді нығайтуға, тату көршілік пен ынтымақтастық тың әлеуетін ашуға қалтқысыз қызмет етіп жатқан іргесі берік көпжақты құрылымдардың да жарқын мысалдары бар. Осындай бірегей бірлестіктердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын сеніммен атап өтуге болады.
Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 2001 жылғы 15 маусымда құрылған ШЫҰ бүгінде әлемдегі ең ірі өңірлік көпжақты ұйымдардың бірі ретінде орнықты.
Бірлестіктің ширек ғасырға созылған дара даму жолы ШЫҰ үшін сенім қалыптастырудың, мәміле іздеудің және Еуразия кеңістігіндегі әріптестікті нығайтудың бірегей тарихына айналды. Ұйым осы уақыт ішінде тарихи тұрғыдан алғанда күрделі әрі серпінді даму жолынан өтіп, өзінің өміршеңдігін ғана емес, ерекше тиімділігі мен қажеттілігін жан-жақты дәлелдеді.
ШЫҰ-ның шежіресі 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері іргесін қалаған "Шанхай бестігінен" бастау алады. Бірлестіктің алға қойған негізгі мақсаттарына қолдау білдіре отырып, 2001 жылы оған Өзбекстан қосылды. Нәтижесінде, "Шанхай бестігі" Шанхай ынтымақтастық ұйымы ретінде керегесін кеңейтіп, оның Орталық Азиялық түпқазығы қағылды. Қазіргі таңда ШЫҰ-ға әлемнің 10 мемлекеті - мүше. Бүгінде ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіреді. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесіне Еуразия құрлығының 60 пайыздан астамы, Жер шары халқының жартысына жуығы және әлемдік ішкі жалпы өнімнің едәуір бөлігі тиесілі екеніне тоқталып өтуіміз керек.
Осы уақыт ішінде ұйым халықаралық және өңірлік ықпалды құрылымдар қатарындағы өзінің абырой-беделін жылдан-жылға дәйекті түрде нығайтып келеді. Халықаралық бірлестік қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз етудің қайратты тетігі ретінде танылды. Осы жерде атап өтер жайт, бүгінде біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаһандық рөлінің артып келе жатқанына куә болып отырмыз.
Ұйымның өзара тиімділікке және тең құқыққа бағытталуы, сондай-ақ оның қандай да бір идеологияның үстемдігіне жол бермеуге негізделген сындарлы әрі прагматикалық ынтымақтастық тәсілі - баға жетпес құндылық. Бұл тәсіл "Шанхай рухы" деген атауға ие болды және ұйымға мүше мемлекеттер таңдаған ерекше даму стратегиясын айқындайды. Уақыттың өзі көрсетіп бергендей, ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл тетіктері өзінің өміршеңдігі мен жоғары тиімділігін барынша дәлелдеді.
Соңғы саммиттердің нәтижелері ұйымның алға қойған міндеттері мен мақсаттарының ауқымдылығын айқын түрде паш етті. Яғни ШЫҰ-ның саясат, қауіпсіздік, сауда, экономика және гуманитарлық саладағы өзекті өңірлік мәселелер бойынша шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдай алатынын тағы бір мәрте танытты.
Бұл орайда Қазақстан ұсынған жоба бойынша 2024 жылы қабылданған ШЫҰ-ның "Әділетті бейбітшілік, келісім және даму жолындағы әлемдік бірлік туралы" бастамасы осы іргелі істің жарқын үлгісіне айналды. Бұл - сенімді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау қағидаттарын қамтитын бұрын-соңды болмаған кешенді құжат. Уақыт өте келе аталған бастама БҰҰ Бас Ассамблеясына ресми құжат ретінде ұсынылды.
Қауіпсіздік мәселесі - ШЫҰ-ның күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың қатарында тұр. Осы кезеңде Ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы бірлескен күресте айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Бұл жауапты жұмыста ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымына ерекше рөл жүктелген. Қабылданған шаралардың тиімділігі терроризм инфрақұрылымын жоюға қатысты нәтижелі қадамдармен дәйектеліп отыр. Ақпарат алмасудың жедел жүйесі қалыптастырылып, терроризмге қарсы тұрақты оқу-жаттығулар өткізіліп келеді. Сарапшылардың бағалауынша, күш-жігерді үйлестірудің арқасында ШЫҰ кеңістігіндегі террористік әрекеттердің саны тұрақты түрде азайып келеді.
Сонымен қатар өңір ауқымында көлік, энергетика, инвестиция және технология салаларындағы тұрақты өзара байланыстарға негізделген Еуразиялық кеңістіктің қалыптасуы Ұйымның қол жеткізген қомақты жетістіктерінің бірі саналады. Дәлірек айтқанда, қатысушы елдердің егемендігін құрмет тұтатын, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттарына сүйенетін икемді экономикалық әріптестік үлгісі құрылды.
Жемісті ықпалдастықты нығайту жолындағы нақты қадамдардың бірі ретінде ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп келеді. Болашақта бұл қаржы институты ұйым кеңістігіндегі экономикалық және гуманитарлық жобаларды іске асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналады деген сенім бар.
Бұған қоса ШЫҰ елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызы жыл санап артып келеді. Бүгінде ұйым аясында өзіндік өрнегімен танылған бірқатар брендтік жоба жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында ШЫҰ университеті, "Шекарасыз білім беру" жобасы, "Рухани киелі орындар" бағдарламасы, ШЫҰ-ның туристік және мәдени астаналары, Жастар форумы және басқа да көптеген бастамалар бар. Бұл жобалар ұйымның мәртебесін асырып қана қоймай, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын маңызды көпір қызметін атқарып жүр.
Қазақстан ШЫҰ қағидаттарының берік жақтаушысы саналады әрі ұйымның институционалдық дамуы мен халықаралық беделін арттыруды тұрақты түрде қолдап келеді.
Атап айтқанда, еліміздің 2017 жылғы төрағалығы кезінде Ұйымның құрамына Үндістан мен Пәкістан қабылданып, ШЫҰ кеңістігі кеңеюінің алғашқы кезеңі лайықты жүзеге асырылды. Ал 2024 жылғы Астана саммитінде ШЫҰ алғаш рет "ондық" форматында үн қатты. Дәл осы саммитте Беларусь Республикасы толыққанды мүше ретінде алғаш рет алқалы жиынға қатысты.
Бұған қоса Қазақстанның бастамасымен және басқа мүше мемлекеттердің қолдауымен ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы, Шекара мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісім, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Қазақстанның ұйым аясындағы басым бағыттарының бірі - ерекше екпінмен өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға бейімделу арқылы ШЫҰ қызметінің тиімділігін арттыру.
Астана Ұйымды жаңғыртуды, оның институттарын заманауи сын-қатерлерге бейімдеуді және ынтымақтастықтың тәжірибелік мазмұнын күшейтуді дәйекті түрде қолдап келеді.
Осы тұрғыда Қазақстанның 2023-2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы ерекше маңызға ие болды. 2024 жылғы Астана саммитінде ұйым қызметін жетілдіру үдерісі басталып, оның институционалдық тұрақтылығын нығайтуға, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жағдайында ШЫҰ жаңа геосаяси және экономикалық шынайы ахуалға дер кезінде бейімделуі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан ұйым қызметіне кешенді талдау жүргізуді, оның ішінде шешім қабылдау тетіктерін, бірлескен жобаларды іске асыру барысын және салалық құрылымдардың қызметін үйлестіру мәселелерін қарастыруды ұсынды.
Қазақстан бастамашылық еткен ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі қазіргі таңда мүше мемлекеттер тарапынан белсенді түрде талқыланып жүр. Бұл іргелі бастаманың негізгі мақсаты - ұйымның тәжірибелік тиімділігін арттыру және оның Еуразия кеңістігіндегі халықаралық ынтымақтастықтың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі рөлін күшейту.
Қазақстан ұйымның экономикалық құрамдас бөлігін нығайтуды да қолдайды. Бұл бағыт - ШЫҰ әлеуетінің толық пайдаланылмауына байланысты жиі сынға ұшырайды және осы тақылеттес пікірлердің белгілі бір дәрежеде негізі бар екенін мойындау қажет.
Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша ШЫҰ әлемдегі ең ірі бірлестіктердің санатына жатады. Мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы әртүрлі бағалаулар бойынша шамамен 1 трлн долларды құрайды. Ұйым құрамында әлемдегі ең ірі энергия өндірушілер мен тұтынушылар бар. Сонымен қатар өңір аумағы арқылы халықаралық маңызы бар негізгі құрлықтық көлік дәліздері өтеді.
ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті ұйымның серпінді экономикалық ынтымақтастықтың маңызды орталықтарының біріне айналуына толық мүмкіндік туғызады. Алайда бұл әлеует әлі де толық көлемде игерілген жоқ. Осыны ескере отырып, Қазақстан бірлескен инвестициялық жобаларды жандандыруды, өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануды және ұйымға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытуды ұсынады.
Өз тарапынан Қазақстан цифрлық бейімделу деңгейі жоғары әрі қызмет көрсету саласында мол тәжірибе жинақтаған орта держава ретінде ШЫҰ аясында цифрлық трансформация, инновацияларды енгізу және электрондық сауда, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект салаларындағы жаңа ынтымақтастық алаңдарын қалыптастыру бағыттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
ШЫҰ мемлекеттері үшін экологиялық мәселелер экономикалық тұрақтылықты, азық-түлік қауіпсіздігін және халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Өңір үшін климаттың өзгеруі, шөлейттену, су ресурстарының азаюы және қоршаған ортаның ластануы мәселелері ерекше өзекті болып отыр. Орталық Азия су қауіпсіздігі тұрғысынан әлемдегі ең осал өңірлердің бірі саналады. Сондықтан экологиялық күн тәртібі ШЫҰ үшін стратегиялық маңызға ие.
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Су проблемаларын талдау орталығын құру бастамасына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Бұл құрылымның қызметі су ресурстарын тиімді және орнықты пайдалану саласындағы технологиялар мен үздік тәжірибелерді біріктіруге, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдерді бірлесіп енгізуге бағытталмақ.
Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда ШЫҰ көпсалалы халықаралық ұйым ретінде толықтай қалыптасқаны айдан анық. Ұйымдағы әрбір ынтымақтастық бағыты "Шанхай рухын" сақтай отырып және барлық мүше мемлекеттердің белсенді қатысуымен үйлесімді дамып келеді.
Осы тұста айрықша атап көрсететін тақырып - қауіпсіздік саласындағы ауқымды жұмысына қарамастан, ШЫҰ әскери блок немесе үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталған жабық одақ емес. ШЫҰ - ашық ынтымақтастық кеңістігі.
Қазақстан дәстүрлі түрде тең құқықты диалогті, шешімдерді бәтуаластық негізінде қабылдауды және текетірестік тәсілдердің пайда болуына жол бермеуді қолдайды. Тек ШЫҰ Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарына адалдық таныту арқылы ұйымның теңгерімді дамуын және ашық әрі сенімді көпжақты диалогті қамтамасыз етуге болады.
Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ әртүрлі саяси дәстүрлері, экономикалық модельдері мен мәдени ерекшеліктері бар мемлекеттердің ұстанымдарын ортақ мақсаттар мен болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік төңірегінде біріктіре алатынын бірнеше рет дәлелдеді.
Бұл мерейтойлық белестің жүріп өткен жолына қарағанда қажырлы еңбек, дипломатиялық шеберлік, саяси көрегендік және мемлекеттердің өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға деген шынайы құлшынысы жатқанын көреміз.
Бүгінде ШЫҰ өзіндік даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бұл - ынтымақтастықтың тиімділігі жаһандық тұрақтылыққа және миллиондаған адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін көкжиегі кең кезең.
Уақытпен екшелген мол тәжірибе, өзара іс-қимылдың бірегей әлеуеті және "Шанхай рухының" мызғымас қағидаттарына адалдық - Ұйымның алдағы уақытта да халықаралық сахнадағы маңызды орталықтардың бірі болып қала беруіне мүмкіндік туғызатынына кәміл сенемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: "Біздің халықтарымыз ШЫҰ-дан зор үміт күтеді. Олар Ұйым аясындағы өзара ымыра мен ортақ мүдделерді ескеруге негізделген нәтижелі ынтымақтастық қазіргі сын-қатерлер мен болашақтағы қиындықтарды абыроймен еңсеруге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді".
Дереккөз: egemen.kz
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.06.2026, 14:53 64836
Қазақстандағы БҰҰ өңірлік орталығы: жобаларды іріктеуде қандай критерийлер қолданылады
Сурет: depositphotos.com
Достарға айту
Қазақстанда Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы өз жұмысын бастайды. Орталық жүзеге асыратын жобаларды іріктеу кезінде қандай критерийлер қолданылатыны туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сенат отырысында айтып берді.
Ең алдымен өңірлік жобаларға басымдық беріледі. Әрбір мемлекеттің стратегиялық даму жоспарларын үйлестіру және өзара ықпалдастыру арқылы БҰҰ орталығы жекелеген елдерде тиісті жобаларды іске асыратын болады. Бұл жобалар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларда жүзеге асырылады, ал әрбір мемлекет аталған басымдықтарға негізделген кешенді өзара іс-қимыл жоспарын әзірлейді", - деді Ержан Ашықбаев.
Сонымен қатар, спикер барлық бағдарламалар Біріккен Ұлттар Ұйымының қатаң талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, орталық жыл сайын іске асырылған жобалар туралы, сондай-ақ өзінің қаржылық жағдайы мен бөлінген қаражаттың пайдаланылуы жөнінде есеп беріп отырады.
Еске салсақ, бүгін ҚР Парламенті Сенаты "Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.
Орталық техникалық көмекті кеңейтумен, тәжірибе алмасуды және сараптамалық қолдауды ұйымдастырумен, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-мен және Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанмен өзара іс-қимылын нығайтумен айналысады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
15.06.2026, 12:17Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды 15.06.2026, 15:01 13531Тоқаев: Қазақстан АҚШ пен Иран қол жеткізген келісімді құптайды15.06.2026, 12:01 13311Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасының туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады15.06.2026, 11:52 12701Қазақстан Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті (дербес деректерді қорғау) жанындағы бақылаушы мәртебесін алды15.06.2026, 15:45 11976Қазақстан мен Швеция cауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссия құрды
08.06.2026, 11:23 138831Елімізде 2026 жылғы егіс науқаны табысты аяқталды08.06.2026, 12:18 137401Түркістан облысының прокуроры тағайындалды12.06.2026, 20:00 131391Қазақстанның Сыртқы істер министрі Франция Елшісін қабылдады12.06.2026, 15:51 131071Корея Республикасының Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды12.06.2026, 21:12 130186Қазақстан СІМ басшысы Таиланд Елшісін қабылдады
22.05.2026, 20:31 251411Үкіметте ЕАЭО-ның шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері талқыланды22.05.2026, 17:13 237026Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады22.05.2026, 14:48 207491ШҚО-да "Ұлан" көлік-логистикалық кешені пайда болады21.05.2026, 13:04 194576Италия сенаторы Қазақстандағы саяси реформалардың жоғары деңгейін атап өтті21.05.2026, 14:05 194541Қазақстан мен БАӘ авиация мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

