12.08.2025, 18:11 11106

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету: әрбір мектеп пен колледжге учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бекітілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды. Отырыста Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер министрліктерінің басшылары, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның сөзінше, барлық білім беру нысандарына тексеру жүргізілген. Жол инфрақұрлымына қатысты ұсыныстар енгізілген. Мектептердің маңында жаяу жүргінші бағдаршамдары, жасанды кедергілер, жол белгілері және ақпараттық паннолар, қоршаулар және автотұрақтар орнатылған. Қазір олардың 95%-ы талаптарға сәйкес келеді. Дегенмен, кемшіліктер де бар. Биылғы жылы мектептердің қасында жаяу жүргіншілерге арналған бірде-бір бағдаршам орнатылмаған өңірлер бар. Олар - Алматы қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстары. Әкімдіктер бұл жұмысты жандандыру қажет.

Сондай-ақ 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында "Назар аударыңыз, балалар!" іс-шарасы өтеді. Мақсат - балалардың жолдағы жарақатын азайту. 1 қыркүйектен бастап патруль жасақтары оқу орындарына жақын жерлерге жібереміз. Барлық мектептер мен колледждерге учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бекітіледі. Мектептерде қауіпсіздік ережелері бойынша сабақтар өткізіледі. Оқу-ағарту министрлігі оларды өткізуге жәрдем көрсету қажет", - деді Бауыржан Әленов.


Министрдің бірінші орынбасары, өз баяндамасында білім беру объектілерінің қауіпсіздігі туралы да тоқталды. Биыл антитеррорлық қорғау талаптарына сәйкестігін анықтау үшін 1 773 нысан тексерілген. Бүгінде оқу орындары 100% бейнебақылаумен жабдықталған. 800-ден астам заң бұзушылық анықталып, 141 басшы жауапкершілікке тартылған. Оларға 43 миллион теңге айыппұл салынды.

Қазір оқу орындары 100% бейнебақылаумен жабдықталған. Бірақ, олардың тек 81%-ы жедел басқару орталығына қосылған, оның ішінде 75%-ы жекеменшік және 87% мемлекеттік мекемелер. Ең нашар көрсеткіш Жамбыл облысында, полицияға тек 16% қосылған, олардың ішінде бірде-бір мемлекеттік білім беру ұйымы жоқ. Түркістан облысында - 50%, оның ішінде жеке меншік объектілер бойынша - тек 17%.

Дабыл түймелері бойынша. Барлығы 96% объекті жабдықталған. Алайда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарына және Алматы қаласына толық қосылуды қамтамасыз ету қажет. Әкімдіктерден 1 қыркүйекке дейін ескертулерді жоюды сұраймын. Келесі бағыт - объектілерді күзету. 700-ден аса оқушылары бар ұйымдар лицензияланған күзет ұйымдарын тарту қажет. Оларда радиобайланыс құралдары, қызметтік қару, жедел мобильді топтары болуы керек. Қазір олар мемлекеттік мекемелердің 98%-ын күзетеді. Алайда, бірқатар өңірлерде бұл көрсеткіштер төмен. Атап айтқанда, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында. Ал жекеменшік ұйымдардың 84%-ы қамтылған. Келесі облыстарда жұмыс нашар ұйымдастырылған. Алматы облысында - 54%, Жамбыл облысында - 70%, Жетісу облысында - 76%. Бұл жұмысты аяқтау қажет. Осы ретте, күзетке тек лицензиясы бар ұйымдарды тарту керек. Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктерге кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсыруды ұсынамыз. Министрлік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды", - деді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны