02.03.2026, 18:16 181

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масато Канданы қабылдады

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масато Канданы қабылдады
Сурет: Akorda
Қасым-Жомарт Тоқаев Масато Кандаға ілтипат көрсетіп, АДБ жетекшісі лауазымына кіріскеніне бір жыл болғанымен және банктің алдағы 60 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Қазақстан Президенті 30 жылдан астам уақыт ішінде Азия даму банкі елімізде жалпы сомасы 7 миллиард доллардан асатын 170-тен аса жобаға қолдау көрсеткенін айтты. Осылайша, банк экономикалық өсімге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосты.

Мемлекет басшысы экономиканың басты секторларындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспары жөнінде әңгімеледі. Бұл елімізде орнықты даму мен құрылымдық өзгерістерді қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.

Масато Канда Азия даму банкі Қазақстанмен арадағы ықпалдастық аясын кеңейтуді басым бағыт санайтынын жеткізді. Банк тұрғын үй құрылысы, төтенше жағдайларды басқару және өзге де маңызды стратегиялық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін растады.

АДБ жетекшісі еліміздің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша алдыңғы орында тұрғанын атап өтіп, аса маңызды минералдар секторын ілгерілетуде, ірі инвестициялық бастамаларды іске асыруда зор әлеует бар екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Азия даму банкі арасында орнықты және ұзақ мерзімді серіктестік орнаған, еліміз өзара тиімді кооперацияны одан әрі кеңейтуге әзір.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны