13.01.2022, 15:18 24846

Тоқаев: мемлекеттің басты міндеті – отандастарымыздың игілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету

Тоқаев: мемлекеттің басты міндеті – отандастарымыздың игілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету
НҰР-СҰЛТАН. 13 ҚАҢТАР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкіметтің басты міндеттерін атап өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Мемлекет басшысының Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.
 

Мемлекеттің басты міндеті – отандастарымыздың игілігі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету. Әділ бәсекені дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы – жаңа экономикалық бағыттың негізгі қағидалары. Үкімет ұлттық валютаның тұрақты бағамын қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс. Теңгені бекемдемей және инфляцияны төмендетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, инвесторлардың сеніміне ие болу мүмкін емес", - деп жазды Тоқаев Twitter-де.

 
Сонымен қатар, оның айтуынша, өңірлер арасындағы даму алшақтығын еңсеруге баса мән беру керек. Жұмыспен қамту мәселесін шешіп, еліміздің барлық облысының әлеуметтік және мәдени дамуына жағдай жасау керек. Аймақтарда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады.
 
Президент жалпыхалықтық "Қазақстан Халқына" қоры азаматтардың нақты проблемаларын шешуге қызмет ететінін атап өтті. Қор сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларды емдеуге көмектесіп, әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысын қаржыландырады. Алматыны қалпына келтіруге қаржы бөлінеді.
 

Мемлекетіміздің тұтастығын, бейбітшілік пен келісімді бірлесіп сақтай алдық. Азаматтарымыз экстремистермен күресте патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетті. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл – шынайы жаңарудың кезеңі. Табысты әрі өркендеген Қазақстанды бірге құрамыз!" - деді Мемлекет басшысы.

 
Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтарда ҚР Президенті Алматыға келді. Ол жедел штаб отырысын өткізіпкүш құрылымдарының қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларымен кездесіп, жедел жәрдем ауруханасына барды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны