Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапары
Сурет: Akorda
Мемлекет басшысы Франция Президенті Эмманюэль Макронмен бірге "Этноауыл" ұлттық көрмесін аралады. Мемлекеттер басшылары бастаған делегацияны көрме алаңында Жас көрермендер театрының әртістері мен "Қорқыт" этно-фольклорлық ансамблі ән шашумен қарсы алды. Франциядан келген жоғары мәртебелі меймандар жеміс-жидекпен безендірілген "Көк базарды", қолөнер бұйымдарын және қазақ суретшілерінің картиналарын, сондай-ақ отандық дизайнерлер әзірлеген ұлттық сән үлгілерінің дефилесін тамашалады.
Сонымен қатар шетелдік қонақтарға Ұлттық музей қорындағы экспонаттардан ("Алтын адам", "Берел жылқысы", "Сармат көсемі", "Қыпшақ жауынгері" т.б) жасақталған "Ұлы дала алтыны" экспозициясы, Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайдағы ұлттық музыкалық аспаптар таныстырылды. Этноауыл аумағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға балуандарымыз қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін, жас жеткіншектер асық ойынын, ал саятшылар мен құсбегілер тазы иттері мен қыран құстарын көрсетіп, халқымыздың аңшылық дәстүрі туралы әңгімелеп берді.
Мемлекет басшысы қазақ-француз бизнес форумы аясында Францияның бизнес құрылымдарының басшыларымен кездесті. Lactalis Group компаниясының бас директоры Эмманюэль Беньемен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы аталған кәсіпорын Қазақстан нарығына 20 жыл бұрын келген алғашқы француз компанияларының бірі екенін атап өтті. Бүгінде бұл кәсіпорынның бірнеше зауыты мен сүт фермалары елімізде табысты жұмыс істеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық сын-қатерлеріне байланысты агроөнеркәсіп және азық-түлік өнімдерін өндіру салаларындағы ынтымақтастықтың мән-маңызы артып келеді. Осыған орай Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісіне инвестиция тартуды ынталандырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

