08.09.2022, 16:32 24551

Кеден саласындағы контрабанда туралы іс: бюджетке 21 миллиард теңге қосымша өндірілді

Кеден саласындағы контрабанда туралы іс: бюджетке 21 миллиард теңге қосымша өндірілді
НҰР-СҰЛТАН. 8 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Бас прокуратурасы биылғы жылы кеден саласында басталған тексерулердің нәтижелері бойынша компанияларға 107 млрд теңгеге кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу туралы хабарлама берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Тексеру сыртқы экономикалық қызметтің (СЭҚ) жекелеген қатысушылары Қытай Халық Республикасынан тауарларды әкелу нарығын монополияландырып алғанын көрсетті. Олардың әрқайсысы белгілі бір тауарларға (аяқ киім, киім, қосалқы бөлшектер, техника, жемістер, көкөністер және т.б.) маманданып, елдің нақты аймақтарын өз арасында бөлген. Кедендік төлемдерді төлеуден жалтару үшін импорттаушылар тобы 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы кодекстің талаптарын бұза отырып, әкелінетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп отырған", - деп хабарлады Бас прокуратура.

 
Бас прокуратураның ұсынуы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті 10 компанияға 107 млрд теңге сомаға кедендік төлемдер мен салықтарды қосымша есептеу туралы хабарлама берді. Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 236-бабы – Кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
 
Бүгінгі таңда СЭҚ-тың 7 қатысушысы ("Tex Alliance", "Almobi Group", "Ехрress Кеден Сервис", "Group of the companies TDA", "Ai-To Progress", "Global Logistics Ved" және "TL NIKA кеден" ЖШС) қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке 21 млрд теңге қайтарды.
 

Қалған қоса есептелген сомаларды өндіріп алу, оның ішінде аталған компаниялардың кепілдік мүлкі есебі арқылы жалғасуда", - деді Бас прокуратурада.

 
Еске сала кетейік, мамыр айында ведомство кеденде орын алған заң бұзушылықтан келтірілген зиянның мөлшерін айтқан болатын.
 

Кедендік төлемдерді төлеуден жалтару және тауарларды жалған декларациялау деректері анықталды, соның салдарынан мемлекетке 165 миллиард теңге залал келтірілді", - делінген хабарламада. 

 
Баспасөз қызметінің мәліметінше, тек Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 дерегі анықталды.
 

Уәкілетті экономикалық операторлар кәсіпкерлерді салықтан жалтару үшін соңғы екі жылда 221 миллиард теңгенің шот-фактураларын қолдан жасағаны хабарланды", - делінген ведомство хабарламасында.

 
Еске салайық, 11 қаңтарда Президент Қытаймен арадағы кеден шекарасындағы "бұзақылықты" жоюды тапсырған болатын.
 
Президенттің тапсырмасынан кейін Қазақстан-Қытай шекарасында тексеру басталды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны