12.01.2022, 13:40 34471

Досаев инфляцияны төмендету шараларын атап өтті

Ұлттық Банкінің Төрағасы шараларды іске асыру және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру инфляцияны 2025 жылға қарай 3-4% дәлізінде тұрақтандыруға және нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Досаев инфляцияны төмендету шараларын атап өтті
НҰР-СҰЛТАН. 12 ҚАҢТАР - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Үкімет отырысы барысында шараларды іске асыру және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру инфляцияны 2025 жылға қарай 3-4% дәлізінде тұрақтандыруға және нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бұған дейін 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін іске асыру басталды, бұл жылдық инфляцияны 8,4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл ретте аталған деңгей жоғары деңгейге жатады және ақша-кредит саясатының тиімділігін шектейді деп есептеймін", - деді Досаев Үкімет отырысында.

 
Осыған байланысты Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді ескере отырып, бағаның өсуімен күресуге бағытталған, 2022 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені қабылданатын болады.
 

2021 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға қосқан үлестің жартысын иеленді. Ол инфляцияның жоғары құбылмалылығының басты факторына айналды. Сол себепті кеше Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдер үшін жуырдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуді негізгі басымдық ретінде белгіледі. Ол осы мәселені шешпей, ешқандай шаралар инфляцияны тұрақтандыруға көмектесе алмайтынын атап өтті. Ұлттық Банк әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен ғана жұмыс жүргізбей, инфляцияға өзінің елеулі үлесін қосатын басқа да тамақ өнімдері бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейді", - деді Ұлттық банк төрағасы.

 
Ол биылғы жылғы 1-жартыжылдықта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілген жекелеген тауарлар мен қызметтердің бағаларын 180 күн мерзіміне уақытша реттеу бағаны тұрақтандыруға оң әсер ететінін атап өтті.
 

Алайда, біз реттеуді алып тастағаннан кейін бағаның бірден өсіп кетуіне жол бермеу мақсатында бәсекелестікті дамыту және шамадан тыс делдалдықты жою арқылы нарықтық қағидаттарды енгізу және "осал тұстардың" орнын толтыру үшін осы берілген уақытты пайдаланып қалуымыз керек, өйткені өнім шығарушылар шығынға ұшырау үшін жұмыс істемейді", — деді Е. Досаев.

 
Бұған дейін Ұлттық Банк 2022 жылдың бірінші тоқсанында инфляцияның шыңын болжаған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны