22.02.2022, 18:15 13161

Қаржы министрлігі: ҚР мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы айырмашылықтар $5,7 млрд құрайды

Қазақстан Республикасы мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы айырмашылықтар $5,7 млрд құрайды.
Қаржы министрлігі: ҚР мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы айырмашылықтар $5,7 млрд құрайды
Сурет: depositphotos.com
НҰР-СҰЛТАН. 22 АҚПАН - Қазақстан Республикасы мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы айырмашылықтар $5,7 млрд құрайды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселесі қаралды. Бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдау туралы ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Бірінші. Тауарларды импорттау кезінде дұрыс декларация бермеу және құнын төмендету. Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы $5,7 млрд құрайды.

Қазақстан статистикасының Қытаймен алшақтығының негізгі себептері келесідей: 

  • статистиканы қалыптастырудың методологиялық ерекшеліктері; 
  • Қытай тауарларының Қазақстан Республикасы арқылы транзитінің бір бөлігі Қытай Халық Республикасының статистикасында Қазақстан Республикасына экспорт ретінде көрсетіледі. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың жекелеген елдерінің оң алшақтықтарымен расталады; 
  • қытай тауар өндірушілері субсидиялар мен қосылған құн салығын қайтарып алатындықтан экспорттық бағаны көтеруге мүдделі; 
  • Қазақстандық импорттаушылардың дұрыс декларацияламауы және кедендік құнды кемітуі; 
  • «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы өткізілетін пошта тасымалдары мен тауарлар біздің статистикамызда есепке алынбайды. 

Бұл жағдайда, жоғарыда аталған $5,7 млрд болған алшақтықтың құрылымы мынадай: 

  • $0,3 млрд әдіснамалық аспектілерге байланысты; 
  • $2,6 млрд Қазақстан Республикасы арқылы Қытай Халық Республикасы тауарларының транзиті бойынша; 
  • $2,8 млрд – дұрыс емес декларациялауға келеді. 

Негізгі сауда топтары: киім, аяқ киім, ойыншықтар. 

Жалпы, $2,8 млрд дұрыс декларацияламау кезіндегі республикалық бюджеттің болжамды шығындары 150 млрд теңгеге бағаланады. 

Екінші. Қытай Халық Республикасымен шекарада әкімшілендіруді күшейтуге байланысты Қытайдан Қырғызстанға тауарлар импортының ағылуы байқалады. 

Осы жылдың басынан бастап Қырғызстанға Қытай импортының 5 есеге өсуі, Қырғызстаннан Қазақстанға импорттың 2,5 есеге өсуі тіркелді. 

Бұдан басқа, қазір Қытай Халық Республикасымен шекарада 900-ге жуық автокөлік, ал уақытша сақтау қоймаларында 1200-ге жуық автокөлік әкімшілендіруді жеңілдетуді күтуде. 

Жыл басынан бері шекара маңындағы бекеттер бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі 23%-ға, ал көлемі – 26%-ға азайған. 

Үшінші. «Бір күндік фирмалар» болды. Олардың саны 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Халық Республикасынан импорттаушылардың жалпы санының 20%-дан астамын құрайды. 

Төртінші. Кейінгі іске асыру кезеңдерінде жалған электрондық шот-фактураларды жазып беру. Айналым сомасы 6 трлн теңгеден асатын 8 мыңнан астам компания анықталды.

Осы жылдан бастап тауарларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функцияларды орталықтандыру толығымен аяқталды.

Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан “Электрондық декларациялау орталығы” мен “Ахуалдық орталық” құрылды. Бұл барлық техникалық құралдар қосылған өткізу пункттеріндегі жедел жағдайдың мониторингін жүзеге асыруға және бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Аталған орталықтардың жұмысы басталғаннан бері 28 мыңнан астам бұзушылық анықталды, бюджетке қосымша 23 млрд теңге өндірілді", - деді Е. Жамаубаев.


5 мыңнан астам тауар позициясы бойынша құндық индикаторлар өзектендірілді, оның ішінде 767-сі Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде біріздендірілген. Осы тізбені кеңейту бойынша жұмыс жалғасады. 

Қытайдан халық тұтынатын тауарларды әкелу бойынша мемлекет тарапынан оператор болып «KTZ Express» айқындалды. Сондай-ақ бұл компания «Нұр Жолы» өткізу пунктінің ішінде тауарларды тасымалдауды ұйымдастырушы болады. 

Бұл басқа импорттаушылар үшін өзіндік бенчмарк ретінде қызмет етеді. Бұл ретте, адал бәсекелестік сақталады және нарықты монополияландыруға жол берілмейді. Тең нарықтық жағдайларды және дұрыс декларациялауды қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен кездесулер жүргізіледі. Уәкілетті экономикалық операторлар мен Қытай Халық Республикасынан басқа да ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуда. Соңында тиісті шаралар қабылданатын болады", - деді қаржы министрі.


Экономикалық қауіпсіздікті қорғау мақсатында Қырғыз Республикасынан тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын субъектілерге қатысты тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы ішінара салықтық тексерулер жүргізіледі. 

Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар 90%-дан астам жағдайда растауда. Жыл басынан бері 538 автокөлік құралы тексерілді, оның 506-сы бойынша мәлімделмеген қытай тауары анықталды. 

Жақында Алматы қаласында Қырғызстан мен Ресейден келген әріптестерімізбен кездесуде электрондық шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттар алмасу арқылы бақылау жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді. Осылайша, ағымдағы жылдың басында Қытай Халық Республикасымен шекарада туындаған мәселелер жоспарлы түрде шешіледі", - деді министр.


Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру туралы айтатын болсақ, ең алдымен, АСТАНА-1 және Е-терезе ақпараттық жүйелерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. 

Бүгінгі күні кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады. 4 млн астам кедендік декларация шығарылды, оның 82%-ы 1 минут ішінде автоматты түрде өткізілген. Құжаттарды беру уақыты 2 есеге қысқартылды. Енді кедендік тазарту кезінде оларды қашықтан алуға болады", - деді Е. Жамаубаев. 


Бүгінгі таңда 5 мыңға жуық пайдаланушы тіркеліп, мемлекеттік органдармен 15 интеграция жүзеге асырылды. Электрондық шот-фактуралар негізінде тауарларды бақылап отыру жүйесі жұмыс істейді, ол импорттан соңғы тұтынушыға дейінгі өткізудің бүкіл тізбегі бойынша салықтық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. 

Енді тауарлардың құнын төмендету есебінен импорт кезінде толық төленбеген қосылған құн салығы сатудың келесі кезеңдерінде өтеліп алынады. 

Қадағалау жүйесін енгізу қосылған құн салығы бойынша түсімдерді 1,5 есеге ұлғайтуға, сондай-ақ көлеңкелі экономика үлесін 2020 жылы 20,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Тауарларды өткізу бағытын бақылауда навигациялық пломбалар қолданылатын болады.















 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны