01.03.2023, 13:36 26586
Қазақстанда жылдық инфляция 21,3%-ға дейін өсті
Достарға айту
Өткен айда азық-түлік тауарлары - 1,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 0,8%, ақылы қызметтер 1,3% өсті
Астана. 1 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстандағы жылдық инфляция ақпан айында 21,3%-ға дейін өсті. Азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15% өсті, деп хабарлайды ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы.
Бір айдын ішінде тұтыну бағаларының индексі (2023 жылғы ақпан) 1,3% құрады. Өткен айда азық-түлік тауарлары - 1,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 0,8%, ақылы қызметтер 1,3% өсті.
Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен.
Ақпанда басты пияз - 28,5%, қызанақ - 17%, ақбас қырыққабат - 10,9%, қияр - 9,8%, қызылша - 5,4%, тәтті бұрыш - 4,7%-ға қымбаттаған", - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ баға күрішке - 4,4%-ға, салқындатылған балыққа - 3,6%, консервіленген сүтке - 2,8%, кертік батон мен шоколадпен глазирленбеген кәмпиттерге - әрқайсысы 2%-ға, майлылығы 2,5% айран мен тұздалмаған сары майға - әрқайсысы 1,8%-ға, пастерленген сүтке - 1,6%-ға өскен. Осы ретте айлық мәнде құмшекер 2,3%, қарақұмық жармасы 1,5%-ға арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде бағаның ең көп өсімі ақпанда жуу және тазалау құралдарында байқалды.
Мәселен, өткен аймен салыстырғанда кір сабын - 2,8%, кір жуу ұнтағы, ыдыс жууға арналған құралдар - әрқайсысы 2,5%-ға, ағартқыштар - 2,4%, дәретхана қағазы 2,1% қымбаттады. Баллондағы сұйытылған газ 1,6% қымбаттады", - делінген есепте.
Жолаушы тасымалындағы баға бойынша әуе көлігінің қызметтері - 21,5%-ға, темір жол көлігінің қызметтері 2,3% өсті. Коммуналдық қызметтер бойынша орталықтан жылыту тарифтері - 7,1%, ыстық су - 6,3%, су бұру - 3,1%, тұрғын үйді күтіп ұстау - 1,8%, суық су - 1%, электр энергиясы 0,7%-ға өсті.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Алматы облысында - 1,8% (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгісі - 0,7% Қызылорда облысында тіркелді. Аймақтық бөліністе азық-түлік тауарлары Қарағанды облысында - 2,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - Жетісу облысында - 1,4%-ға, ақылы қызметтер Павлодар облысында - 2,9%-ға ең жоғары өсім көрсеткен.
2023 жылғы ақпанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 21,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15% өсті.
2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда пияз - 105%, кір сабын - 90,3%, кеңсе тауарлары - 71,8%, қияр - 56,8%, ағартқыштар мен балалар сабыны - әрқайсысы 56,3%-дан, қант - 55%, консервіленген сүт - 49,1%, күріш - 44,9%, макарон өнімдері - 41,1%, ұн 40,2% қымбаттаған. Жылдық мәнде, керісінше, ақбас қырыққабат 30,1%-ға арзандады.
Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында базалық мөлшерлеменің сақталатынын жариялай отырып, Ұлттық банк биыл базалық сценарийде жылдық инфляция 9-12%, 2024 жылы - 6-8%, 2025 жылы - 4-6% шегінде қалыптасатынын мәлімдеді. Өткен жылғы жоғары база әсерінен жылдық инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында күтілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
13.01.2026, 14:23 2236
Қазақстанда дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтердің ауқымды тізбесі ққс-тан босатылды
Достарға айту
Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік препараттар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден босатылды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тиісті шаралар дәрілік заттардың 3000-нан астам атауын қамтиды, оның 1 200 атауы орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудада сату кезінде ҚҚС-тан босатылуға жатады.
Сондай-ақ сирек және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды.
Қосымша қосылған құн салығынан ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын импортталатын фармацевтикалық субстанциялар босатылады.
Аталған шаралар 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған "Денсаулық сақтау саласындағы қосылған құн салығынан босатудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1203 қаулысымен бекітілген және 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі шеңберінде іске асырылады.
Қабылданған шешім пациенттерді қолдауға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ медициналық ұйымдарға қаржылық жүктемені азайтуға және отандық фармацевтика саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Бұдан басқа, жаңа Салық кодексіне сәйкес көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізу кезінде ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесін қолдану көзделген. 2026 жылғы қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 5 %-ды, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 10%-ды құрайды.
Сонымен бір мезгілде Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп рецептілік дәрілік заттарды реттеу мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Осы шараларды іске асыру денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және халықты әлеуметтік қорғауды нығайту жөніндегі кешенді мемлекеттік саясаттың бөлігі болып табылады.
Өткен жылдың ортасында Денсаулық сақтау министрлігі бөлшек сауда желісіндегі дәрілік заттарға шекті бағаларды реттеу тетігін енгізгенін естеріңізге сала кетейік. Нәтижесінде бүгінде 3 780 атау бойынша дәрілік препараттардың бағасы орта есеппен 26 %-ға төмендегені тіркелді.
2025 жылы шекті бағаны бұзудың 28 фактісі анықталып, жалпы сомасы 5,7 млн теңгеге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды.
Дәріханаға барған кезде дәрілік заттардың өзекті бағаларын Dari.kz мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
13.01.2026, 10:45 3786
Жоғары маржиналды дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайту стратегиясы 2026 жылы да жалғасады
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Үкіметте вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа маусымдағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жөнінде осы жылғы алғашқы жиын өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, биыл егістік алқаптарының жалпы көлемі 23,8 млн гектарды құрайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Егісті әртараптандыру стратегиясы аясында дәнді дақылдар алқаптары қысқартылып, 15,9 млн гектар болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 112,4 мың гектарға аз. Негізінен бұл бидай егістігінің қысқаруы есебінен жүзеге асады: биыл ол 12,1 млн гектар болады, ал өткен жылы 12,2 млн гектар болған еді.
Сонымен қатар жоғары маржиналды және қайта өңдеуде сұранысқа ие дақылдардың егістік алқаптары ұлғайтылуда. Мәселен, майлы дақылдар 55,2 мың гектарға артып, 4,045 млн гектарды құрайды, арпа - 93,8 мың гектарға (2,4 млн гектар), жүгері - 42,9 мың гектарға (217,5 мың гектар), мал азықтық дақылдар - 37,4 мың гектарға (3,1 млн гектар) ұлғаяды.
Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша Fufeng Group компаниясының тік интеграцияланған жаңа индустриялық паркін шикізатпен қамтамасыз ету үшін жүгері егістігін едәуір арттыру қажет. Биыл алғашқы кезеңді іске қосу барысында зауытқа 500-700 мың тонна жүгері қажет болады, ал кейін бұл көлем 1 млн тоннаға жетеді. Мал азықтық дақылдар алқаптарының ұлғаюы биыл мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарламаның басталуымен байланысты болмақ", - деп атап өтті Азат Сұлтанов.
Жаңа вегетациялық кезеңге дайындық және Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егістік көлемінің болжамды ұлғаюы аясында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының фермерлерімен кездесулер өткізілді. Су көп қажет ететін дақылдарды азайтып, оның орнына су сыйымдылығы төмен әрі терең өңдеудің жаңа өндірістерінде сұранысқа ие дақылдарға көшу нұсқалары талқыланды. Атап айтқанда, Қызылорда облысында күріш егістігін 8,5 мың гектарға, Түркістан облысында 7,4 мың гектарға қысқарту мәселесі қарастырылуда. Мақта егістігінің болжамды көлемі 148,5 мың гектар болған жағдайда, тамшылатып суару қолданылатын алқаптар 15 мың гектарға ұлғаяды, ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алқаптар 11 мың гектарға қысқартылады. Барлық мәселелерді пысықтау үшін жұмыс тобы құрылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрліктеріне ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану, заманауи суару және ирригация әдістерін қолдануды ескере отырып, жерді пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуді тапсырды.
Табысты егіс науқанының негізгі құрамдас бөліктері - тыңайтқыштар, сапалы тұқым және арзандатылған дизель отыны. Қажетті ресурстарды уақтылы сатып алу үшін Аграрлық несие корпорациясы өткен жылдың қазан айынан бастап фермерлерден жеңілдікпен несиелеуге өтінім қабылдауды бастады. Бүгінгі күні жалпы сомасы 241 млрд теңгеге 1 694 өтінім түсті. Оның ішінде 1 520 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 180 млрд теңге көлемінде қаржы алды. Өтінімдердің ең көбі Түркістан (28%), Ақмола (13%), Солтүстік Қазақстан (13%), Қостанай (11%) және Қарағанды (6%) облыстарынан.
Егіс науқанына арналған арзандатылған дизель отыны бойынша Gosagro жүйесі арқылы жалпы көлемі 454,3 мың тоннаны құрайтын шамамен 18 мың өтінім қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,8 мың тоннаға артық. Жиынтық қажеттілік Энергетика министрлігіне жолданды. Вице-премьер Энергетика министрлігіне шаруаларға арналған дизель отынының жеңілдікті бағасын қысқа мерзімде айқындауды және өңірлерді мұнай өңдеу зауыттарына бөлу кестесін бекітуді тапсырды. Дизель отынын жеткізу ақпан айында басталады.
2026 жылғы көктемгі егіске қажетті 2,3 млн тонна тұқымның ішінде 1,5 млн тонна жаздық дақылдар сараптамаға жеткізілді. Алдын ала тексеруден 1,3 млн тонна тұқым өткізілді, оның 98,1%-ы кондициялық деп танылды, яғни егу стандартының 1 және 2 сыныбына сәйкес келеді.
Биыл минералды тыңайтқыштар себу жоспары 2,3 млн тоннаны құрайды. Оларды уақтылы сатып алу және енгізу бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Келесі отырысқа агротехнологияларды, суару әдістерін қолдану және суармалы суға қажеттілікті есептеу жұмыстары қамтылған 2026 жылғы егін егу науқаны бойынша толық есептер мен жоспарлар пакетін ұсыну міндеті қойылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.01.2026, 15:29 4106
Қазақстанда 2025 жылы 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды
Достарға айту
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі экономиканы индустриялық дамыту және әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. 2025 жылы 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілді. Жаңа нысандар еліміздің әртүрлі аймақтарында орналасқан және машина жасау мен металлургиядан бастап химия және жеңіл өнеркәсіпке дейінгі өндірістік бағыттардың кең ауқымын қамтиды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Іске қосылған өндірістік нысандар қатарында:
- "Astana Motors Manufacturing Kazakhstan" ЖШС (Алматы қаласы, машина жасау) Инвестициялар - 182 млрд теңге, 3 600 жұмыс орны, қуаты жылына 120 мың жеңіл автокөлік шығару.
- "KIA Qazaqstan" ЖШС (Қостанай облысы, машина жасау), қуаты - жылына 70 мың бірлік автомобиль, инвестициялар - 131,5 млрд теңге, 1500 жұмыс орны.
- "EkibastuzFerroAlloys" ЖШС (қара металлургия, Павлодар облысы), қуаты - 240 мың тонна ферросилиция, инвестициялар - 92,4 млрд теңге, 800 жұмыс орны
- "KamLitKZ" ЖШС (Қостанай облысы, машина жасау), қуаты - жылына 74 000 бірлік, инвестициялар - 82,5 млрд теңге, 550 жұмыс орны.
- "KamLitKZ" ЖШС, Қостанай облысы, қуаты - жылына 90 000 бірлік, инвестициялар - 78,2 млрд теңге, 100 жұмыс орны
- "Qaragandy Power Silicon" ЖШС (Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты), (қара металлургия, Қарағанды облысы), қуаты - жылына 175 мың тонна, инвестициялар - 62,7 млрд теңге, 1145 жұмыс орны.
- "ТЭМПО-Казахстан" ЖШС (қара металлургия, Қарағанды облысы), қуаты - жылына 250 мың тонна, инвестициялар - 37,9 млрд теңгеден астам, 547 жұмыс орны
- "ТексолТранс" ЖШС (машина жасау, Атырау облысы), инвестициялар - 30,8 млрд теңге, 180 жұмыс орны құрылды, шығару - 2 160 жартылай вагон, 885 платформа, 165 жабық вагон және 900 цистерна.
- "Kazferro Limited" ЖК (қара металлургия, Павлодар облысы), ферросилиций өндірісі - 60 000 тонна, инвестициялар - 27 млрд теңгеден астам, 350 жұмыс орны.
- "Гранд Материк" ЖШС (жеңіл өнеркәсіп, Атырау облысы): полиэтиленнен қап шығару - жылына 200 000 дана, инвестициялар - 10 млрд теңге, 35 жұмыс орны.
- "CENTRAL ASIA ALUMINIUM" ЖШС (түсті металлургия, Түркістан облысы): алюминий профилінің өндірісі - жылына 20 мың тонна, инвестициялар - 8 млрд теңге, 250 жұмыс орны.
- "Sauran Bricks" ЖШС (құрылыс материалдарын өндіру, Шымкент қаласы): автоклавты газоблокты шығару - жылына 200 мың м3 дейін, инвестициялар - 7,8 млрд теңге, 150 жұмыс орны.
- "СЛ Групп" ЖШС (түсті металлургия, Алматы облысы): қуаты - жылына 20 000 дана радиатор, инвестициялар - более 7,3 млрд теңге, 200 жұмыс орны.
- "Евразийский Механический завод" ЖШС (машина жасау, Павлодар облысы), қуаты - жылына 8 700 бұйым, инвестициялар - 7,2 млрд теңгеден астам, 60 жұмыс орны
- "Hong Shun"ЖШС (химия өнеркәсібі, Алматы облысы): қуаты - жылына 200 000 тонна, инвестициялар - 7 млрд теңгеден астам, 90 жұмыс орны
- "Алтын Дала Мақта" ЖШС (резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, Түркістан облысы): қуаты - тәулігіне 60 тонна, инвестициялар - 6,7 млрд теңге, 60 жұмыс орны.
- "ТК Газоблок" ЖШС (құрылыс материалдарын өндіру, Алматы облысы): минералды жылытқыштар шығару - жылына 15 000 тонна металл конструкциясы, инвестициялар - 6,2 млрд теңге, 50 жұмыс орны
- "Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты" ЖШС: (түсті металлургия, Қарағанды облысы): қуаты - жылына 48 000 тонна, инвестициялар - 6,2 млрд теңге, 115 жұмыс орны
- "Синтез Урал" ЖШС (химия өнеркәсібі, Батыс Қазақстан облысы): қуаты - жылына 10 000 тонна метилэтанол, инвестициялар - 6 млрд теңге, 35 жұмыс орны.
- "KazFeltec" ЖШС (жеңіл өнеркәсіп, Ақтөбе облысы): қуаты - жылына 2 112 тонна, инвестициялар - 5 млрд теңге, 40 жұмыс орны.
- "ALLIANCE BUILDINGS" ЖШС (құрылыс материалдарын өндіру, Шымкент қаласы):қуаты - жылына 150 000 бірлік, инвестициялар - 4,8 млрд теңгеден астам, 200 жұмыс орны
- "KazPan" ЖШС (құрылыс материалдарын өндіру, Астана қаласы): қуаты - жылына 1,5 млн м2, инвестициялар - 4,5 млрд теңге, 50 жұмыс орны.
- "Bir beldeu bir zhol technology" ЖШС (машина жасау Түркістан облысы): қуаты - жылына 518,4 мың дана, инвестициялар - 4,2 млрд теңге, 45 жұмыс орны.
- "QILU Agro" ЖШС (машина жасау Солтүстік Қазақстан облысы), қуаты - жылына 1 000 бірлік техника, инвестициялар - 3,5 млрд теңге, 50 жұмыс орны, шығару - тракторлар 500 бірлік, тіркеме техникасы 150 бірлік, аспалы техника 200 бірлік, суару жүйелері 150 бірлік.
- "MARVIK PARTNERS" ЖШС (жеңіл өнеркәсіп, Шымкент қаласы): қуаты - жылына 8 млн сызықтық метр мата, инвестициялар - 3,2 млрд теңге, 200 жұмыс орны.
- "Himmel Aluminium" ЖШС (қара металлургия, Шымкент қаласы): қуаты - құю 14 400 тонна, жаншу 2 400 тонна, сырлау 6 000 тонна, инвестициялар - 3,2 млрд теңге, 150 жұмыс орны.
- "Euro Glass" ЖШС (құрылыс материалдарын өндіру, Шымкент қаласы): қуаты - жылына 500 мың м2, инвестициялар - 3 млрд теңге, 50 жұмыс орны.
- "Алтын Групп" ЖШС (машина жасау, Алматы қаласы): қуаты - жылына 250 000 модуль, инвестициялар - 2,9 млрд теңге, 87 жұмыс орны.
- "Багдар ЛТД" ЖШС (құрылыс материалдарын өндіру, Алматы қаласы): қуаты - жылына 67,1 млн дана, инвестициялар - 2,4 млрд теңге, 58 жұмыс орны.
- "БайконурСтройСнаб" ЖШС (машина жасау, Астана қаласы): қуаты - жылына 240 000 тежегіш бөлшек, инвестициялар - 1,5 млрд теңгеден астам, 45 жұмыс орны.
- "Kapital Construction" ЖШС (қара металлургия, Алматы қаласы): қуаты - жылына профильді құбырлар - 1,7 мың тонна, арматуралық тор - 510 мың м2, кварц агломераты - 25,5 мың м2, инвестициялар - 1,5 млрд теңгеден астам, 100 жұмыс орны.
- "AynaGlass" ЖШС (құрылыс материалдарын өндіру, Қызылорда облысы): қуаты - жылына 720 мың м2, инвестициялар - 1,5 млрд теңге, 55 жұмыс орны.
- "ПолиТрейд Қазақстан" ЖШС (резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, Шымкент қаласы): қуаты - жылына 100 млн метр, инвестициялар - 1,3 млрд теңге, 30 жұмыс орны.
Жаңа өндірістердің іске қосылуы экономиканы әртараптандыруға, өңірлерді дамытуға және елдің өнеркәсіптік базасын нығайтуға маңызды үлес болды. Жүзеге асырылған жобалар 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және 841 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік берді, бұл одан әрі экономикалық өсу үшін берік негіз қалыптастырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.01.2026, 13:26 4496
Қазақстанның 2025 жылғы ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрады
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға өсті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет экономиканы әртараптандыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда. Өткен жылы экономикалық өсімге негізгі үлесті көлік, құрылыс және сауда салалары қосты.
Өнеркәсіп өндірісінің индексі жыл қорытындысы бойынша 7,4%-ды құрады. Өңдеу секторы 6,4% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетуде. Көрсеткіштер азық-түлік өндірісінің 8,1%-ға, өңделген мұнай өнімдерін өңдеу 5,9%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің 9,8%-ға, металлургияның 1,2%-ға, машина жасау өнімдерінің 12,9%-ға ұлғаюына байланысты қамтамасыз етілді. Өсім Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.
Жыл қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы өсім 20,4%-ды құрады (қаңтар-қарашада - 20,3%). Бұл жүк тасымалы көлемінің, ең алдымен автомобиль және теміржол көлігі арқылы тасымалдаудың ұлғаюына, сондай-ақ бірқатар өңірде жолаушылар тасымалының артуына байланысты болды. Қосымша көлік қызметтерінің, оның ішінде жүктерді экспедициялау, әуе қозғалысын басқару, әуежайлардың, қоймалар мен пакгауздардың қызметтерінің, астық және тоңазытылған жүктерді сақтау қызметтерінің көлемінің артуы байқалады.
Құрылыс саласында өсім 15,9%-ды құрады, бұл 2025 жылғы қаңтар-қараша (14,7%) көрсеткішінен жоғары. Өсім жайлы мектептер, медициналық нысандар, көлік және инженерлік инфрақұрылымдар салуды қоса алғанда, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен қамтамасыз етілген. 2025 жылғы қаңтар-желтоқсанда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 20,1 млн шаршы метрді құрады, бұл 2024 жылғы деңгейден 5,1%-ға жоғары.
Сауда саласында да оң серпін сақталды: 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өсім 8,9%-ды құрады (қаңтар-қарашада - 8,8%). Негізгі үлес жалпы көлемнің үштен екісінен астамын құраған көтерме саудаға тиесілі болды. Көтерме сауда көлемінің өсу қарқынына астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіпорындар - 2,6 есе, машиналар мен жабдықтар - 99,8%, фармацевтикалық тауарлар - 44,1%, автомобильдер мен жеңіл автокөлік құралдары - 33%, сүт өнімдері, жұмыртқа мен майлар - 25,8%, қант, шоколад және қантты кондитерлік өнімдер - 21,2%, кең ассортименттегі тауарлар - 12,5% әсер етті.
Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы көрсеткіштер 5,9% құрады. Өсім өсімдік шаруашылығында (7,8%) және мал шаруашылығында (3,3%) оң динамика қамтамасыз етілген. Ақпарат және байланыс саласында өсім 3,6%-ды құрады.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың жиынтық өсімі негізгі салалардың тұрақты дамуын көрсетті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
12.01.2026, 09:21 4741
Олжас Бектенов сарапшылармен экономиканы дамыту мәселелерін талқылады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық блок сарапшыларымен кездесу өткізді. Онда экономикалық даму және экономиканың басым салалары, сондай-ақ сыртқы тәуекел мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиынды аша отырып, Үкімет басшысы орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың нақты әл-ауқатын арттыру басым міндет болып қала беретінін атап өтті.
Олжас Бектенов сараптама мен кеңестер алу үшін жұмыс тәсілдерін жан-жақты талқылау бойынша кездесулердің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында сарапшылар қауымдастығының өкілдері экономикалық өсудің негізгі мәселелері мен бағыттарына өз бағасын берді. Сарапшылар сондай-ақ жаһандық процестер мен әлемдік конъюнктураның ықпалын ескере отырып, ұлттық экономиканың даму қарқыны бойынша болжамын айтты. Салалық жаңғыртудың басымдықтары, нарықтың неғұрлым өзекті сұраныстары және олармен технологиялық бастамаларды өзара байланыстыру бойынша ұсыныстар айтылды.
AERC қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев, NAC Analytica басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов, AERC қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының бас директоры Жәнібек Айғазин, Visor инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин, Зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі Әнуар Боранбаев, CSI жеке консалтингтік компаниясының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов, "TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы" қоғамдық қорының директоры Асқар Қысықов, "Комментарий" талдау тобының жетекшісі Эльдар Шамсутдинов пікірлері мен ұсыныстарын айтып, сөз сөйледі.
Инфляцияға қарсы күрес шаралары, отандық өндірісті ұлғайту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, ЖИ-ді дамыту үшін электр энергиясын өндіру, инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.
Салық реформасын талқылау кезінде өтпелі кезеңнің маңыздылығы атап өтілді. Үкіметтің шешіміне сәйкес ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Салықтар бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар қарыздың негізгі сомасы 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтелген жағдайда есептен шығарылады.
Кездесуді қорытындылай келе Премьер-министр Үкімет пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы тұрақты диалогтың маңыздылығын атап өтіп, жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.01.2026, 14:25 40051
БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылды
Достарға айту
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады, деп хабарлайды enpf.kz.
Бұл норма Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға төленетін зейнетақы төлемдеріне қолданылмайды.
Бұрын қалай болды?
Бұрын БЖЗҚ-дан берілетін барлық зейнетақы төлемдері, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері де, табыс ретінде қарастырылып, төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС ұсталатын.
Зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынбай тұрып аударылып, жеке табыс салығы төлем жасау кезінде ұсталатын. Бұл ретте түзету сомалары мен салықтық шегерімдер ескерілді.
Тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ЖТС ұсталатын. Алушы өз қалауы бойынша салықты төлем алған кезінде бірден немесе зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырып, төлемдер кестесіне сәйкес төлеу тәсілін таңдай алатын.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қалай болады?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының резиденттері үшін зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды. ЖТС тек Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға берілетін зейнетақы төлемдерінен ғана ұсталады.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған ЖТС төлеу міндеттемелері жойылады, алайда бұрын бюджетке төленген салық сомалары қайтарылмайды.
Әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табысқа қатысты тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 882 еселенген мөлшері шегінде салықтық шегерім қолдану құқығына ие.
Бұл санатқа I, II немесе III топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың немесе қорғаншылардың бірі, жетім балаларды асырап алған (қамқорлығына алған) ата-аналардың бірі, әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер және өзге де тұлғалар жатады. Аталған тұлғалардың толық тізбесі Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 404-бабында көрсетілген. Егер осы санатқа жататын алушылар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде ЖТС-ты бірден төлеген болса, олар БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен және растайтын құжаттармен жүгініп, жаңа Салық кодексіне сәйкес ЖТС-ты қайта есептеп, қайтару мәселесін БЗТ алынған күннен бастап үш жыл ішінде жүзеге асыра алады.
Тағы қандай өзгерістер бар?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаның өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бұрын бұл шегерімдер Салық кодексінде белгіленген мөлшерде төлем көзінен салық салынатын табысқа қолданылатын.
Бұл ретте жұмыс берушінің БЖЗҚ-ға өз қызметкерінің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның (қызметкердің) табысы болып есептелмейді. Тиісінше, оған ЖТС салынбайды. Ал жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатады.
Яғни, бұл жағдайда қызметкер де, жұмыс беруші де салықтық жеңілдікке ие болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.01.2026, 19:15 46966
Қазақстанда банктік қарыздар бойынша шекті мөлшерлеме белгіленді
Достарға айту
Қазақстанда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейлері айқындалды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Осылайша, банктік қарыздар бойынша ең жоғары жылдық мөлшерлемелер белгіленді:
- кепілсіз банктік қарыздар бойынша - 46%;
- кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша - 35%;
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша - 25%.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46%-дан аспауы тиіс.
Ал мерзімі 45 күнге дейінгі және сомасы 45 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын микрокредиттер бойынша мөлшерлеме тәулігіне 0,3%-дан, ал жылдық есеппен 179%-дан жоғары болмауы қажет.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.01.2026, 14:14 48081
Роман Скляр XINFA GROUP басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюн мырзамен Павлодар облысында өнеркәсіп паркінің құрылысын талқылады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр XINFA GROUP басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюнмен Қазақстан аумағында қазіргі заманғы өнеркәсіптік парк құрылысының инвестициялық өзара іс-қимыл және практикалық аспектілері мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
XINFA GROUP - сингапурлық компания, энергетика, алюминий және химия өнеркәсібі, сондай-ақ экологиялық құрылыс және аграрлық технологиялар саласында әртараптандырылған портфелі бар әлемдегі ең ірі индустриялық холдингтердің бірі. Компания 1972 жылы құрылған және бірнеше негізгі өндірістік бағыттар бойынша жаһандық көшбасшылық позицияларға ие.
Павлодар облысында толық циклді ауқымды өнеркәсіптік парк құру жөніндегі инвестициялық жобаның тұжырымдамасы көмірден, бокситтерден, мыстан, флюориттен және әктастан жоғары қайта бөлу өнімдерін шығару мақсатында шикізатты терең өңдеуді көздейді. Атап айтқанда, алюминий, алюминий және мыс өндіру бойынша металлургия өндірістерін салу, жаңартылатын энергия көздері базасындағы нысандарды қоса алғанда, энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ сода, көміртекті материалдар және экологиялық құрылыс шешімдері өндіретін кәсіпорындарды іске қосу жоспарлануда. Инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен $15 млрд деңгейінде бағаланады, болашақ индустриялық парктің ауданы - 3 мың гектардан астам.
Xinfa Group басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюн компания боксит, көмір және мыс кен орындарын қоса алғанда, Қазақстанның ресурстық базасына алдын ала талдау жүргізгенін және терең өңдеу тізбегін қалыптастыру мен қосылған құны жоғары өнім шығару контекстінде олардың өнеркәсіптік әлеуетін оң бағалайтынын атап өтті.
Роман Скляр Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытына сүйене отырып, өнеркәсіптік жаңғыртуды, стратегиялық инвестицияларды тартуды және технологиялық индустрияны дамытуды мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары ретінде қарастыратынын атап өтті. Үкімет халықаралық индустриялық топтармен ұзақмерзімді әріптестік тетіктерін қоса алғанда, ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу үшін орнықты құқықтық және институционалдық база қалыптастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша жобаны одан әрі егжей-тегжейлі пысықтауға, индустриялық әріптестікті кеңейтуге және ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік расталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
13.01.2026, 09:52Ақмола облысында әлеуметтік сала мәселелері талқыланды 13.01.2026, 08:51 64712025 жылы Отбасының цифрлық картасы арқылы 276 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді13.01.2026, 11:01 4621Қазақ-словен экономикалық дипломатиясының жаңа серпіні13.01.2026, 12:30 3696Су арналарын цифрландыру: елімізде 2028 жылға қарай 3,6 млн "ақылды" су есептеу құрылғылары қолданысқа беріледі13.01.2026, 10:45 3686Жоғары маржиналды дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайту стратегиясы 2026 жылы да жалғасады
06.01.2026, 20:48 199441Заңнамалық актілер жаңа Цифрлық кодекске сәйкес келтіріледі07.01.2026, 09:29 178476Православиелік қазақстандықтар Рождество мерекесін тойлап жатыр07.01.2026, 10:33 178351Мемлекет басшысы Рождество мерекесімен құттықтады06.01.2026, 20:02 151816Премьер-министр төтенше жағдайларға қарсы күрес және алаяқтықтың заманауи түрлерін анықтау үшін цифрлық құралдарды әзірлеп шығару қажеттігін атап өтті08.01.2026, 10:10 1104312026 жылы Қазақстанда медицина қызметкерлерінің еңбек ақысы көтеріледі және құқықтық қорғалуы күшейтіледі
17.12.2025, 17:47 232491Ташкентте қазақ киносының күндері өтті17.12.2025, 15:52 227996Венада Айман Мұсақожаеваның концерті өтті15.12.2025, 23:30 226296Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды15.12.2025, 23:10 223296Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 22:01 214296Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді

