01.11.2022, 13:56 13746

Ұлытау облысының дамуына 1,4 триллион теңге инвестиция салу жоспарлануда

Жоба 9 бағыттан және түрлі сала бойынша іске асыруды көздейтін 126 іс-шарадан тұрады.
Астана. 1 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Ұлытау облысының 5 жылдық кезеңге арналған кешенді даму жоспарын іске асыру үшін инвестициялар көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен - 124,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен - 49 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестициялар - 1,2 трлн теңге, деп хабарлады Үкімет отырысында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
 
Жоба 9 бағыттан және түрлі сала бойынша іске асыруды көздейтін 126 іс-шарадан тұрады, деп хабарлады Ұлытау облысының әкімі.
 
Оның айтуынша, өңірдің негізгі проблемалары күрделі экологиялық ахуал, ауыз су сапасының төмендігі, салық түсімдерінің үлесі 90%-дан асатын қала құраушы кәсіпорынға деген тәуелділік деңгейінің жоғарылығы, оған қоса экономиканың әлсіз әртараптандырылуы, халықтың кетуі болып отыр. Әлеуметтік бағытта денсаулық сақтау және білім беру салаларында кадр тапшылығы байқалады, инженерлік инфрақұрылымның тозуы 80%-дан асады, апаттық тұрғын үй үлесі жоғары, жолдардың тозу деңгейі шамамен 30% және елдің негізгі көлік дәліздерінен қашықтығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері мен жеміс-көкөніс дақылдарының негізгі түрлерін өсіру мүмкіндігінің жоқтығы негізгі азық-түлік өнімдері бойынша бағаның өсуіне әсер ететін және облыс экономикасының дамуын тежейтін негізгі факторлар болып табылады.
 
Өңірді индустриялық-инновациялық дамыту шеңберінде жалпы инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден асатын 3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 16 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
 

Олар: өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытының құрылысы, қуаты орташа мұнай өңдеу зауыты, гидрометаллургиялық өңдеу жолымен қара мыс концентраттарын өндіретін зауыт, құрамында алтыны бар кендерді үймелі шаймалау жөніндегі қайта өңдеу кешені, Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехы", - деді Әбдіғалиұлы.

 
Өңір басшысының айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен саласында 11 инвестициялық жобаны іске асыру өңірге 8 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді және облыс тұрғындарын ет және сүт өнімдерімен, картоппен және көкөністермен қамтамасыз етеді. Жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру бойынша жемшөп базасын құру, сондай-ақ 2026 жылға қарай майлы дақылдардың егіс алқаптарын кезең-кезеңімен 5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
 
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта 130 км жылу желілері мен жылу станциясын жаңғырту, Сәтбаев қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін заманауи бу-газ жабдықтарын салу қажет.
 
Өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үйтас-Айдос су тартқышы қайта жаңартылады, Қожамсейіт кен орнының су тартқышы және Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысына дейін су тартқыш, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау ауданының 12 ауылдық елді мекенінде су құбыры желілері салынады.
 
Барлығы 300 км сумен жабдықтау және 127 км су бұру желілері салынып, реконструкцияланады.
 

Газ инфрақұрылымын дамытуға 34 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды, Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданының кенттері, Сәтбаев қаласының жеке секторы, Жезқазған қаласының Кеңгір ауылы газдандырылады", - деді әкім.

 
Көлік және логистика бағыттары бойынша Жезқазған қаласындағы Теміржол вокзалы мен әуежайдың қолданыстағы ғимараттарын қайта жаңарту және жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа, облыс орталығының Шымкент қаласымен жаңа әуе қатынасы ашылады.
 
Мектепке дейінгі білім беру және медициналық мекемелердің, сондай-ақ инфрақұрылымның жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 4 балабақша, 4 оқушы сарайы және 5 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы көзделген. Сондай-ақ Жезқазған қаласында Ұлытау облысының білім беру қызметкерлері үшін қызметтік тұрғын үй салу жоспарлануда.
 

2026 жылға қарай өнеркәсіп көлемінің 41%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 35%-ға өсуі қамтамасыз етіледі. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 есе, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есе артады. 9,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру және 1 трлн теңгеден астам жеке инвестиция тарту мультипликативті әсер береді", - деп атап өтті облыс әкімі Б. Әбдіғалиұлы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны