27.06.2022, 17:26 13296

Тоқаев: біз тек қана шикізат мәртебесін ұстанып қалмауымыз керек

Тоқаев: біз тек қана шикізат мәртебесін ұстанып қалмауымыз керек
НҰР-СҰЛТАН. 27 МАУСЫМ - Қазақстан үшін сенімді әрі бәсекеге қабілетті инфрақұрылымы бар биржа нарығы жөнінде мәлімдеу өте маңызды, деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысында, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Біз әлеуетімізді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Еліміз криптоактивтерді шығару бойынша екінші орында тұр. Алайда біз тек қана шикізат мәртебесін ұстанып қалмауымыз керек. Осы орайда, Үкімет қаржы реттеушілерімен және "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесе отырып, кешенді цифрлық экожүйені дамыту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 
Оның айтуынша, бұл аймақтық және жаһандық саудада көшбасшылыққа ие болу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. 
 
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және "жасыл" жобаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, былтыр орнықты қаржыландыру нарығының көлемі 500 есе ұлғайып, 250 миллион доллардан асты. Оның ішінде жасыл облигациялар мен несиелердің 58 пайызын АХҚО Жасыл қаржы орталығы нақтылады.
 

Бұл экономиканы көміртегінен арылту және көміртегін аз пайдалану технологияларын дамыту жөніндегі жаһандық міндеттерді еліміздің сәтті шешуге қабілетті екенін дәлелдеуіне ықпал етеді. Үкіметті, "Астана" халықаралық қаржы орталығын және Кеңес мүшелерін осы бағыттағы жұмыстың қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруге шақырамын", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы жиынды қорытындылай келе, АХҚО-ның 2021 жылы атқарған жұмысының жылдық есебін бекітті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны