09.04.2024, 11:44 23796

Қазақстанда су тасқыны салдарынан 86 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Су тасқыны басталғалы бері 86 мыңнан астам адам, оның ішінде 29 мың бала құтқарылды және эвакуацияланды
Қазақстанда су тасқыны салдарынан 86 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Сурет: ТЖМ
Қазақстанда су тасқыны салдарынан 86 мыңнан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг, сондай-ақ кейбір өңірлерде өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде.

Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Ақмола облысы Талқара, Жабай, Жыланды, Есіл, Қалқұтан, Сарқырама өзендерінде, Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсрепов атындағы ауданның Чистополье ауылының маңындағы Аққанбұрлық өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелерін жағаларын нығайту жұмыстары, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстары жалғасуда.

Зардап шеккен өңірлерге 134 000-ға жуық кг гуманитарлық көмек жеткізілді.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 365 жеке тұрғын үй, 348 аула аумағы су астында қалуда. Бірлескен күштермен 8 млн. астам текше метр еріген қар суы сорылды, 1,2 мың қапшық және 1 мың тонна инертті материал төселді. 2 165 тұрғын үй мен 1 753 аула аумағынан су бұрылды.

Су тасқыны басталғалы бері 86 мыңнан астам адам, оның ішінде 29 мың бала құтқарылды және эвакуацияланды. Тартылған әуе кемелерімен 2 823 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналасу пунктеріне 8 472 адам, оның ішінде 4 055 бала орналастырылды. 81 мыңнан астам ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды. "Жедел желі" телефонына 1 130 қоңырау түсті, психологтар зарджар шеккен адамдарға писхологиялық көмек көрсетуде.

Су жүрген 141 автожол, су шайған 99 автожол, оның ішінде 8 көпір және 91 жол төсемі бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 65 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Ойыл өзенінде су деңгейінің төмендеуі байқалады. Жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда, халықты және инертті материалды, сондай-ақ азық-түлікті тасымалдау үшін понтон өткелі жұмыс істейді. Қарғалы су қоймасындағы еріген қар суы ағынының ұлғаюына және Қарғалы өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақтөбе қаласының бау-бақша ұжымдарынан халықты эвакуациялау жұмыстары жалғасуда, 216 адам, оның ішінде 106 бала эвакуацияланды, олар эвакуациялау пункттеріне және туыстарының үйлеріне орналастырылды. Қарғалы өзенінің бойында қапшықтарды төсеу арқылы жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда.

Атырау облысының Жылыой ауданында Жем өзенінде су деңгейінің төмендеуі байқалады. Еріген қар суын бұру және халыққа көмек көрсету жұмыстары жалғасуда, 5 184 текше метр су сорылды, 43 000 дана қап, 200 тонна инертті материал төселді, су ағынын Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзенінің атырауын бұзды. Атырау қаласынан Құлсары қаласына тікұшақ техникасы арқылы гуманитарлық көмек жеткізілді. Жылыой ауданында барлығы 9 536 адам эвакуацияланды, оның 7000-ы "Теңіз" кен орнының аумағында, қалғандары эвакуациялау пункттерінде және туыстарының үйлеріне орналастырылды. Құлсары қаласында 2 810 тұрғын үй және әртүрлі мақсаттағы 5 ғимарат су астында қалып отыр, эвакуациялау пункттерінде 33 641 адам бар.

Ақмола облысында Қосшы, Жарқайың, Есіл, Целиноград, Шортанды, Ақкөл, Астарахан, Атбасар және Біржан сал аудандарындағы су басқан аумақтардан еріген қар суын бұру жұмыстары жалғасуда. Қардың қарқынды еруіне, Есіл және Қызыл су өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Есіл ауданының Знаменка, Ленин, Садовое ауылдарында 34 аула аумағы мен 14 жеке тұрғын үйді су басып, 142 адам эвакуацияланды. Ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге алдын ала айдалды. Суды бұру және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде, өзен деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Атбасар қаласындағы Жабай өзенінде су тасқыны мен су деңгейінің көтерілу қаупіне байланысты 77 адам, оның ішінде 21 бала эвакуацияланды. Мониторинг жалғасуда.

Қостанай облысында Меңдіқара ауданының Буденовка, Алешинка және Введенка елді мекендерінен алдын ала 118 адам, оның ішінде 43 бала эвакуацияланды. Тобыл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Қостанай қаласы мен Меңдіқара ауданында жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. Жангелді ауданының Көкалат және Аралбай елді мекендеріне тікұшақ техникасы арқылы гуманитарлық көмек жеткізілді.

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл, Есіл, Қызылжар, Жамбыл және Шал ақын аудандарындағы су басқан аумақтардан еріген қар суын бұру жұмыстары жалғасуда. Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Шал ақын ауданының Бірлік, Петровка, Городецкое, Коноваловка, Қаратал ауылдарында 98 адам, оның ішінде 22 бала алдын ала эвакуацияланды. Барлығы эвакуациялау пункттеріне және туыстарының үйлеріне орналастырылды. Ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалады.

Батыс Қазақстан облысында Орал өзенінде жағалауды нығайту жұмыстары жалғасты, 5 250 дана қапшық төселді, бау-бақша қоғамдарынан 22 адам, оның ішінде 6 бала алдын ала эвакуацияланды.

Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 23 мың адам, 2,5 бірлік техника, 448 су сору және 131 жүзу құралы, 5 әуе кемесі жұмылдырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны