29.10.2021, 21:07 96014

Қазақстандық шенеуніктерге "Астана-LRT" ісі бойынша халықаралық іздеу жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. 29 ҚАЗАН - "Астана-LRT" ісі бойынша ұрлық жасады деп айыпталған қазақстандық шенеуніктер Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке Интерпол саласы бойынша халықаралық іздеу жарияланды.
 
Қазақстандағы ең ірі жемқорлық ісіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Жұмысы жарты жолда тоқтап қалған ЛРТ-ның миллиардтарын қалтасына басып елден қашқандардың алды кері қайтарылуы мүмкін.
 
Бұл бірінші кезекте АҚШ-та бой тасалап жүрген елорда әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбековке қатысты. Экстрадиция мәселесін Америка тарапы қарап жатыр. Құқық қорғау орындары Талғат Арданның да қайда жүргенін біледі.
 
Тергеу мәліметінше жеңіл рельсті көлік желісі құрылысының басы-қасында болғандар алты миллиард теңгені жымқырған. Оның тек 45 миллион теңгесі қайтарылыпты. Бұл сомаға "Астана LRT" компаниясының экс-басшысы мен экс-шенеуніктің қатысы жоқ. Өйткені Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков тергеу басталмай жатып-ақ елден қашып үлгерген. Ал олардың отбасы мүшелері шетелдегі алаңсыз өмірлерін әлеуметтік желіде жариялауға қымсынған емес. Тіпті қалай дұрыс тамақтану керегі туралы интернетте жиі жазба жариялап, елге ақыл үйретіп жүр. Мәжілісмендер осыдан соң Бас прокуратураның қашқындарды іздеп жатқанына күмән келтірген. Бірақ құқық қорғау органдары қашқындарды елге қайтару ісін тоқтатқан емеспіз деп сендірді. 
 

Түркияның Интерполынан Стамбұл қаласындағы Бақыркей ауданының қылмыстық соты Бас прокуратураның ұстап беру туралы сұрау салуы негізінде Талғат Арданды қамауға алу (сырттай) жөнінде қаулы шығарғаны туралы ақпарат алынды. Қазір Түркия аумағында іздестірілушіні анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ Қанат Сұлтанбековтің Америка Құрама Штаттары аумағында анықталуына байланысты АҚШ Әділет министрлігінің атына оны ұстап беру туралы сұрау салу жіберілді. Сұрау салу америкалық тараптың қарауында жатыр", - деді ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын депутат Мақсат Раманқұлов өзінің депутаттық сауалында LRT туралы істі "ұрлық пен жазасыздықтың ескерткіші" деп атап, Бас прокуратураны істің негізгі фигуранттарына қатысты әрекетсіздігі үшін айыптады.

Astana LRT соты Нұр-Сұлтанда 2020 жылдың күзінде басталды. Жеті айыпталушыға 5,8 миллиард теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр. Прокурор кінәлілерді 11 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
 
Ақпарат көзі: ktk.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны