14.03.2021, 16:57 19960

ҰҚК ұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметшілер туралы мәлімет берді

Алматы. 14 наурыз. Kazakhstan Today - Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметшілер туралы толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза болған ҚР ҰҚК Авиация қызметі әскери қызметшілері: 

 
- авиация бөлімінің штурманы, 19.10.1984 жылы туған майор Ғабит Есімдеұлы Барлықбаевтың;
 
- авиация бөлімінің ұшу тобының борт технигі, 15.12.1985 жылы туған капитан Досжан Ғалымбекұлы Баймұратовтың;
 
- авиация бөлімінің ұшу тобы экипажының штурманы, 24.11.1994 жылы туған аға лейтенант Мұхтар Қажымұқанұлы Сағымбаевтың;
 
- авиация бөлімінің ұшу тобының аға борт механигі, 10.11.1985 жылы туған сержант Васильков Евгений Борисовичтің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады", - дейді ҰҚК баспасөз қызметі.
 
АН-26 әскери-көлік ұшағының экипажы тәжірибелі әрі кәсіби дайындалған мамандар еді, деп атап өтті ведомствода.
 

Олар өмірінің соңына дейін әскери антқа адал болды. Сарбаздардың жарқын бейнесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жадында мәңгі сақталады. Біз ауыр және орны толмас қазаның қайғысын бірге бөлісеміз", - делінген ҰҚК хабарламасында.


Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше, 13 наурызда, Алматы әуежайының жанында, Қызылту кентінің маңында АН-26 әскери ұшағы авариялық түрде қонды. Ұшақ құлап, өртенді. Оқиға орнында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының жедел жәрдемнің 10 реанимациялық бригадасы жұмыс істеді. 

Жарақат алғандардың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер зардап шеккендердің өмірін құтқару үшін бар күшін салуда. Барлық кадрлар, соның ішінде Қаланың бас реаниматологы жұмылдырылды. 

Қазақстан Президенті экипаждың төрт мүшесінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтып, ұшақ апатының себебін анықтауды тапсырды. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті апатқа ұшыраған АН-26 әскери ұшағы ведомствоның авиациялық қызметіне жататынын растады. Ведомство авиациялық оқиғаның себептеріне тексеру жүргізуде.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны