22.04.2024, 15:39 68216

ТЖМ Қазақстан өңірлеріндегі су тасқыны жағдайы туралы мәлімдеме жасады

ТЖМ Қазақстан өңірлеріндегі су тасқыны жағдайы туралы мәлімдеме жасады
Сурет: ТЖМ
Өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар, азаматтарды құлақтандыру, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Азаматтық қорғау қызметтері, волонтерлер және тартылған ұйымдар Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жалғасуда. Өңірлерден ТЖ министрлігінің қосымша күштері мен құралдары тартылуда. Келген күштер мен құралдар учаскелерге бөлініп, жұмысқа кірісті.

Өткен тәулікте Орал қаласының "Стеновик" бау-бақша қоғамынан 4 адам құтқарылып, 61 адам эвакуацияланды. Қалған тұрғындар бұған дейін алдын ала эвакуацияланған болатын. 1497 адам уақытша орналастыру пункттерінде, қалған тұрғындар туыстарының үйлеріне орналастырылды. Саяжай үйлерде қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру мақсатында аралау жалғасуда.

Осы сағатта 23 085 адам өз үйлеріне оралды. 8 872 адам, оның ішінде 3 852 бала эвакуациялау пункттерінде.

4 554 тұрғын үй мен 2 767 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 11,4 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 5,3 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысында 5 842 жеке тұрғын үй мен 1 061 аула аумағынан судың бағытын бұру және су сору жұмыстары жалғасуда.

Су жүрген 32 автожол, су шайған 56 автожол, оның ішінде 9 көпір және 45 жол төсемі бақылауда қалуда. 32 елді мекен көлік қатынасынсыз қалуда, оларға қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары құрылды.

Жедел желі телефонына 2 132 қоңырау түсті.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 852 адам, 4 973 техника, 874 су сору құралы, 389 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны