04.06.2026, 18:40 5181

Варшава университетінде Түрік халықтары мәдениеті орталығы ашылды

Варшава университетінде Түрік халықтары мәдениеті орталығы ашылды
Сурет: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Варшава университетінде Түркі халықтарының мәдени орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жаңа академиялық алаң түркі әлемінің тарихын, тілдері мен мәдениетін зерделеуге жәрдемдесуге бағытталған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Орталық Варшава университетінің Азия және Африка мәдениеттері факультетінің бастамасымен, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының және Польшада аккредиттелген түркітілдес мемлекеттер елшіліктерінің қолдауымен құрылды.

Іс-шарада Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Раимқұлова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа құрылымның түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми, білім беру және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Елшілігінің өкілі Орталықтың құрылуы академиялық зерттеулерді дамытуға, мәдениетаралық диалогты кеңейтуге және Польша мен түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Достық пен мәдени ынтымақтастықтың белгісі ретінде Елшілік Орталыққа қазақ халқының қонақжайлылық, береке мен ұлттық дәстүрлерге құрметінің нышаны саналатын дәстүрлі қазақ кәдесыйы - торсықты сыйға тартты.

Салтанатты рәсімге Варшава университетінің оқытушылары мен зерттеушілері, студенттер, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны