08.07.2021, 22:42 9309

Capital Bank салымшылары кепілдік төлемдердің үштен бірін алды

Алғашқы күндері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген өтемді алуға өтініш берген 189 азаматқа агент банк арқылы шамамен 518,7 млн теңге төледі.
НҰР-СҰЛТАН. 8 ШІЛДЕ - ҚДКБҚ алғашқы төлем күндері ішінде "Capital Bank Kazakhstan" АҚ салымшылары алдындағы міндеттемелерінің үштен бірін орындады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
 "Capital Bank Kazakhstan" АҚ салымшыларына агент банк ретінде таңдап алынған "Еуразиялық банк" АҚ арқылы кепілдік берілген өтемді төлеу 2021 жылдың 3 шілдесінде – банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру күнінен бастап 6 жұмыс күнінен кейін басталды. 
 

Алғашқы күндері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген өтемді алуға өтініш берген 189 азаматқа агент банк арқылы шамамен 518,7 млн теңге төледі. Бұл банк салымшылары алдындағы міндеттемелердің жалпы көлемінің 30,8 пайызын құрайды", - деп нақтылады қорда.

 
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген өтемді алуға жүгінбеген салымшылдарға төлем мерзімі кезінде (2021 жылдың 2 шілдесінен бастап, соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейінгі аралықта) агент банктің кез келген бөлімшесіне барып, өтем алуға өтініш беруге кеңес береді. Қолда жеке басты куәландыратын құжат болуы керек. Салымшының орнына басқа адам (сенімхат бойынша өкіл, мұрагер, басқа да құқық иеленуші) өтініш берген жағдайда агент банкке: сенімхат, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе басқа да құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады.Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
 
Салымшылар агент банктің бөлімшелеріне бармастан бұрын, "Еуразиялық банк" АҚ сайтында (eubank.kz/capital-bank/): төлем сомасын тексеру, бөлімшенің жұмыс кестесі және жұмысбастылығына қатысты онлайн-сервистерді пайдалана алады. 
 

Еске саламыз, агент банк кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана емес, Қазақстанның басқа да елдімекендерінде орналасқан бөлімшелері арқылы қабылдайды. Ақпарат "Еуразиялық банк" АҚ – www.eubank.kz ресми сайтында қолжетімді. Бұдан басқа агент банк өтем алуға өтінішті бөлімшеге келмей-ақ, www.eubank.kz сайтында онлайн түрінде толтыруды ұсынады", - деп атап өтті қорда.

 
Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, сондай-ақ ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ [email protected] электрондық поштасы арқылы хабарласа алады. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны