28.03.2023, 09:12 18301

Санитарлық дәрігерлер Шымкентте оқушылардың жаппай улануының себебін анықтады

Ішек таяқшасы тобындағы бактериялар табылды
Санитарлық дәрігерлер Шымкентте оқушылардың жаппай улануының себебін анықтады
Сурет: Depositphotos
Шымкент. 28 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мектеп оқушыларының жаппай улану дерегі бойынша жүргізілген тергеудің аралық қорытындысын жариялады. Сүртінділерді зерттеулер нәтижелері бойынша, ішек таяқшасы тобындағы бактериялар табылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне 22.03.2023 ж. таңғы сағат 07:00 шамасында қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан 12 науқас оқушы "Жедел ішек инфекциясы, жедел гастроэнтерит, ауыр дәрежесі, 2 дәрежелі сусыздану?" болжамды диагнозымен жатқызылғаны туралы хабарлама келіп түскен", - деп хабарлады департамент.


Ведомствоның мәліметі бойынша, осыған байланысты, жедел жүргізілген санитариялық-эпидемологиялық зерделеу барысында оқушылар Шымкент қаласына 2023 жылдың наурыз айының 20-25 күндер аралығына жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық бағытындағы Республикалық олимпиадаға қатысуға басқа аймақтардан келгені анықталды.

Барлығы 860 адам (784 оқушылар және 76 команда жетекшілері) келген. Олимпиадаға қатысуға келгендердің барлығы үш мекенжай бойынша қаладағы оқу орындарының жатақханаларына орналастырылған:

- Ж.Адырбеков көшесі, №135 "Білім инновация" ер балаларға арналған №1 лицей интернатында 282 бала және 24 команда жетекшілері;

- Г.Орманов көшесі №13a "Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатында" 246 бала және 24 команда жетекшілері;

- Дулати көшесі 200Б мекен жайдағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің №5 жатақханасында 256 бала және 28 команда жетекшілері.

Барлығы 22.03.2023 ж. бастап 23.03.2023 ж. дейін қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 15 науқас оқушы "Жедел ішек инфекиясы, жедел гастроэнтерит, ауыр дәрежесі, 2 дәрежелі сусыздану?" болжамды диагнозымен жатқызылды. Ауруханаға түскен кездегі науқастардың шағымдары: диарея, құсу, бас ауруы, дене қызуының жоғарылауы, ішінің бүріп ауыруы, жалпы әлсіздік", - деп нақтылады департаментте.


Барлық 15 науқас Дулати көшесі 200Б мекен жайда орналасқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің №5 жатақханасында тұрған.

№5 жатақхана тұрғындары үшін тамақтану (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) осы жатақхананың буфет-асханасында ұйымдастырылған, ал тамақ Ильяев көшесі, №8 мекен-жайдағы М.Әуезов атындағы ОҚУ "А" корпусының асханасында әзірленіп, №5 жатақханаға автокөлікпен жеткізіліп отырған. Зерделеу барысында зертханалық зерттеулерге тағам үлгілері, су сынамасы, сүртінді, асхана қызметкерлерінен бактериятасымалдаушылыққа бактериологиялық зерттеуге анализдер алынған. Сүртінділерді зерттеулер нәтижелері бойынша ішек таяқшасы тобындағы бактериялар (ІТТБ) табылды, қалған сынамалар жұмыс барысында", - деп хабарлады ведомствода.

Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, 25.03.2023 ж. барлық 15 науқас бала сауығып, стационардан шығарылды, барлық балаларда бактериологиялық зерттеулер нәтижесі - теріс, "Басқа және анықталмаған гастроэнтерит және инфекциялық колит" қорытынды диагнозымен шығарылды.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 23 наурызында №5 жатақханада тұратын 1 олимпиадаға қатысушы "Желшешек" диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауын жалғастыруда.

Зерделеу жүргізу нәтижесінде келесі шаралар қабылданды:

- Департаментпен келісім бойынша 2023 жылғы 23 наурыздан бастап №5 жатақханада тұратын олимпиадаға қатысушыларды тамақтандыру №1 қалалық мектеп-гимназиясының асханасына ауыстырылды;

- Берілген ұсыныстарға сәйкес, оқушылардың қатысуымен өтетін олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі тоқтатылды;

- 2023 жылдың 3-8 сәуірінде Шымкент қаласында өткізу жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралды, енді олимпиада аймақтарда өткізіледі.

Науқастармен қарым қатынаста болғандардың барлығына медициналық бақылау жүргізілді. Зерделеу және санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар жалғасуда.

Шымкент қаласында 20-25.03.2023 ж. аралығында оқушылар арасында жаратылыстану-математика бағытындағы Республикалық олимпиаданы өткізу Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен келісілмеген және өтетіні жөнінде хабардар етілмеген. Ағымдағы жағдайға сәйкес және КВИ тіркелуінің жалғасуына (пандемия жойылған жоқ), сонымен қатар көршілес елдерде қызылшамен сырқаттанушылық өсіп, Шымкент қаласында 2 жағдайы тіркелуіне байланысты, аурулардың таралуын болдырмау және алдын алу мақсатында Департамент алдағы уақытта Республикалық олимпиадаларды ұйымдастырушыларға олимпиадаларды өткізуді Қазақстан Республикасының инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясымен келісуді ұсынады", - деп қорытындылады ведомствода.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны