13.01.2022, 18:53 60156

Алматыда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салды

Алматыда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салды
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
АЛМАТЫ. 13 ҚАҢТАР - Алматы қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының саптық алаңында өткен бітімгершілік контингенттерді шығарып салу рәсіміне ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің сайты.
 
ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері тобының қолбасшысы генерал-полковник Анатолий Сердюков барлық жеке құрамға батыл шешімдері мен әскери борышын мінсіз орындағандары үшін шынайы алғысын білдірді. Сонымен қатар, қолбасшы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығына көпұлтты бітімгершілік контингентінің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектескені үшін ризашылығын білдірді.
 
Бірқатар бітімгерлер ҚР Қорғаныс министрі М.Таласовтың бұйрығымен "Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін" медальдарымен және грамоталармен марапатталды.
 

Сіздер стратегиялық және басқа да маңызы бар нысандарды күзетуді қамтамасыз еттіңізідер. Бітімгершілік контингент келіп қазақстандық әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары содырларды іздестіру және ұстау бойынша өздерінің тікелей міндеттеріне кірісе алды", – деді М.Таласов.

 
Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда елдегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше мемлекеттеріне елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін әскери көмек сұрап жүгінген болатын. Сол күні ҰҚШҰ бітімгерлерді Қазақстанға жіберді. Бітімгершілік күштерінің құрамына Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстан Қарулы Күштерінің бөлімшелері кірді.
 
Бітімгерлер мемлекеттік, әскери және әлеуметтік нысандарды күзету міндеттерін орындады
 
ҰҚШҰ біріккен бітімгершілік контингентін Қазақстаннан кезең-кезеңімен шығару ағымдағы жылғы 13-23 қаңтар аралығында жүзеге асырылатын болады.
 
Бұған дейін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысы барысында Қазақстанда ҰҚШҰ бітімгерлерінің негізгі миссиясы аяқталғанын хабарлаған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны