19.01.2023, 12:56 25346

Қазақстан Президенті Мәжіліс депутаттарын тарату бойынша кеңес өткізді

Қазақстан Президенті Мәжіліс депутаттарын тарату бойынша кеңес өткізді
Сурет: akorda.kz
Тоқаев барлық айтылған ой-тұжырымдарды ескеріп, нақты шешім қабылдайтынын мәлімдеді

Астана. 19 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-Министрмен Парламент Мәжілісін тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы референдумда саяси өзгерістерге, соның ішінде Парламентті және мәслихаттарды жасақтау тәртібін жаңартуға қолдау білдіргенін айтты.

Мен қыркүйектегі Жолдауымда алда тұрған сайлау науқандары туралы айттым. Соған сәйкес өткен жылдың қараша айында кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Жуырда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Енді Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуіміз керек", - деді Президент.


Мемлекет басшысы Конституцияның 63-ші және 86-шы баптарына сәйкес өткізген кеңес барысында Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов және Премьер-Министр Әлихан Смайылов сөз сөйледі.

Кездесу соңында Президент барлық айтылған ой-тұжырымдарды ескеріп, нақты шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

19.01.2023, 13.20 толықтырылды

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізуге қанша қаражат бөлінгенін хабарлады.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын Парламентте қарау барысында Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге 2023 жылға 33,4 млрд. теңге сомасында шығыстар қарастырылды (бұған дейін бюджет жобасында 2025 жылға қарастырылған)", - деп хабарлады ведомствода.


Бұл шығыстар:

- саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша;

- бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша жаңа аралас сайлау жүйесін енгізуді ескере отырып есептелген.

Бұған дейін Қазақстанда Сенат депутаттарының сайлауы өткен болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны