19.07.2021, 23:47 17464

Қазақстанда вакцинация паспорттарын қолдан жасағаны үшін жаза күшейтіледі

НҰР-СҰЛТАН. 19 ШІЛДЕ - Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты кеңес барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинация паспорттарын қолдан жасағаны үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Тоқаевтың айтуынша, иммунитет қалыптастыру үдерісін тежеп отырған тағы бір өзекті мәселе – вакцинацияның жалған паспорттары. 
 

Мұндай теріс құбылыстардың алдын алып, олардың таралуына жол бермеу маңызды. Жұмыс басталды. Енді оны белсенді жалғастыру керек", - деді ол.

 
Мемлекет басшысы ІІМ жанынан Ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырды, ол жұмысты үйлестіріп, қоғамшылдар мен халықтан ақпарат алып, өңдейтін болады.
 

Бұл өте ауыр қылмыс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін іс-әрекет. Вакцинация паспортының қолдан жасалуына жол берген тұлғаларға қатысты қатаң жаза қолдануды тапсырамын. Мен бұл мәселені кеңейтілген отырыста көтергенмін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы вакциналау деңгейі төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін шұғыл түрде көшпелі бригада жасақтауды тапсырды. Аймақтың ерекшелігін ескеру, көңіл-күйді алдын-ала зерттеу өте маңызды.
 
Ол сондай-ақ "антиваксерлер" туралы айтты.
 

Екпе салдырғысы келмейтін адамдармен жұмыс барысында саралау әдісін қолданған жөн. Бұл топ біркелкі емес. Екпе салдырудан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың ішінде ойланып жүргендері көп. Барлық әдіс-тәсілді пайдалану, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы олардың көзін жеткізу керек. Батыстың кейбір дамыған елдері көз жеткізу әдісінен мәжбүрлеу шараларына көшіп жатыр. Ірі еңбек ұжымдарының қызметіне байланысты ерекше жағдайлар болмаса, біз ондай қадамға бармаймыз. Сондықтан өз дегенінен қайтпайтын азғана антиваксерлерге бола, отбасыларын өз еңбегімен асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қатерге тіге алмаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 
Сонымен қатар, ол вакциналарды тасымалдау мен сақтаудың барлық аспектілерін нақты қарастырған жөн деп атап өтті.
 

Өкінішке орай, соңғы деректер барлық өңірлер бұл жұмысты дұрыс құрмағанын көрсетеді. Жекелеген өңірлерде вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзу фактілері анықталды. Бұл вакцинаның тиімділігінің төмендеуіне себеп болды", - деді Президент.

 
Сөз сөйлеу барысында ол пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болғанын атап өтті.
 

Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, "үшке" тапсырады", - деп қосты Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны