07.10.2025, 15:09 98316

Бізге таза әрі ашық экономика қажет: Олжас Бектенов көлеңкелі экономика үлесін азайту жұмыстарын жандандыруды тапсырды

Бізге таза әрі ашық экономика қажет: Олжас Бектенов көлеңкелі экономика үлесін азайту жұмыстарын жандандыруды тапсырды
Сурет: Depositphotos
Үкімет отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысы биыл жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15%-ға дейін азайту міндетін қойды. Бұл көрсеткішті одан әрі төмендете беруге тиіспіз. Бізге таза әрі ашық экономика керек. Көріп отырғандай, бұл бағытта жаңа тәсілдер қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Айтылған ұсыныстарды жалпы қолдаймыз. Осы бағытта барлық мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілеріНің жұмысын күшейту қажет. Бұл жұмыс тек хат-хабар алмасып, есеп берумен ғана шектелмеуге тиіс. Экономика және салық тұрақтылығы, цифрландыру, сондай-ақ бизнес жүргізуді оңайлату ісінде сапалы әрі кешенді шешімдер қажет", - деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.


Олжас Бектенов Үкімет отырысында цифрландыруды стратегиялық міндет деп атады және бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет бірқатар ведомствоны атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканың барлық саласын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл - стратегиялық міндет. Бірқатар секторда, оның ішінде сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Барлық мүдделі министрлік өз саласында жаппай цифрландыруды қамтамасыз етуі қажет", - деп атап өтті Премьер-министр.


Премьер-министр экономиканы цифрлық жаңғырту шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік органдар арасында көш бастауы тиіс екенін баса айтты.

Тек жүйелі қадамдар ғана мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа сервистік моделін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық бастамаларды іске асыру үшін тиісті ресурстар қажет. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі келесі жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің өз алдына Деректерді өңдеу орталығын құруы керек", - деп атап өтті Олжас Бектенов.


Премьер-министр кедендік әкімшілендірудің жан-жақты әрі ашық болуы республикалық бюджет кірістерінің көлеміне айтарлықтай әсер ететінін атап өтті. Сондықтан Қаржы және Сауда министрліктері экспорттық және импорттық операцияларға мониторинг жасауды күшейтуі қажет.

Тәуекелдер бейінін жаңартып, жүк тасымалдарын "жасыл дәліз" қағидаты бойынша транзиттеу үшін жағдай жасау адами фактордың алдын алуы тиіс. Жүктерді тексеру деректерін талдау кезінде жасанды интеллектіні енгізу қажет. Бұл сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге әрі шекарадан өту процестерін жеделдетуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.


Қаржы министрлігіне Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды үйлестіру жұмысын күшейту тапсырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны