01.03.2023, 10:41 17846

Ақпан айында теңге 3,2%-ға нығайды

Ақпанда Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ
Ақпан айында теңге 3,2%-ға нығайды
Астана. 1 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Ақпан айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,66 теңгеге дейін 3,2%-ға нығайды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Ұлттық Банкте хабарлағандай, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 103-тен 130 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы өткен айда шамамен 295 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды дербес жүзеге асырады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату ақпанда 590 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 23%-ды құрады және бір күнде 30 млн АҚШ долларынан аспады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.


Бұдан басқа, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк ақпанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жүзеге асырды, оның жалпы сомасы 226 млн АҚШ доллары на шықты немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 9% болды.

Ақпанда Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Сарапшылардың болжамына сәйкес, наурызда Ұлттық қордан нақты сату көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттерді бөлуге арналған өтініміне байланысты болады. Қаржы министрлігінің қажетті трансферттердің сомасы бойынша ағымдағы болжамды бағдарлары негізінде алдын ала Ұлттық Банк теңге түсімдеріне қарай 750-ден 850 млн АҚШ долларына дейін мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау үшін наурызда 200-ден 240 млн АҚШ долларына дейін мөлшерде валюта сатып алынады деп күтіледі.

Еске салайық, Қазақстанда бір жылда инфляция 20%-дан астамға өсті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны