23.09.2022, 16:12 30151

Қазақстанда жоғары оқу орындарында білім алу үшін сараланған гранттар енгізу жоспарлануда

Қазақстанда жоғары оқу орындарында білім алу үшін сараланған гранттар енгізу жоспарлануда
АСТАНА. 23 ҚЫРКҮЙЕК - Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында жоғары оқу орындарында білім алу үшін сараланған грант енгізу жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
Министр еске салып өткендей, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында сараланған гранттар моделін енгізуді тапсырды, яғни, 30-дан 100%-ға дейін. Бүгінде жұмыс тобы құрылды. Қазіргі грант беру жүйесімен үйлестіре отырып, әлемдік тәжірибе зерттелуде.
 

Демографиялық толқынды алдын ала ескеріп, жоғары білімге қолжетімділік тетіктері пысықталады. Биыл студенттердің 60%-ы ақылы негізде оқиды. Осы санаттағы студенттерді қолдау үшін оларға жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру несиелерін алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет", - деді Саясат Нұрбек.

 
Ол сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әрбір бала 18 жасқа толғанға дейін аударылатын арнайы шоттағы жинақтар елеулі көмек болатынын атап өтті.
 

Оны келешекте білім алуға жұмсауына болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, талапкерлер көп жағдайда жүрек қалауымен, өз қабілетіне сай мамандықты таңдамайды. 2019 жылдан бастап Президенттің тапсырмасымен "Жаңа мамандықтар атласы" жобасы жүзеге асырылуда. Биылдан бастап өңірлік атластар жасалатын болады"", - деді Саясат Нұрбек.

 
Оның айтуынша, былтыр Павлодар облысында пилоттық жоба табысты жүзеге асырылды. Осы аптаның басында Маңғыстау облысында өңірлік атласты пысықтау жұмыстары басталды. Ақтөбе өңірі, ШҚО, Алматы, Астанада осындай жұмыстар басталады.
 
Министр атап өткендей, биыл қазақстандық мектептерге 400 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барды. Ал мектеп бітірушілер саны 177 мыңды құрады. Жалпы жоғары сынып оқушыларының сыны 426 мың бала. 
 

Осыған байланысты гранттар санын жыл сайын ұлғайту көзделген. Биыл 88 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артық. 2025 жылға дейін мемлекеттік гранттар саны жыл сайын 10%-ға артады. Бүгінде студенттердің жалпы саны 609 мыңнан асты. Оның 60% пайызы ақылы білім алуда", - деді министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны