21.09.2022, 17:36 19441

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді
АСТАНА. 21 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын", - делінген Ақорда сайтында жарияланған құжатта.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдады.
 

Мен Жолдауымда сайлау мерзімін жария түрде және ашық айттым. Осылайша, біз басты мемлекеттік институттар – Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құрамыз. Осы бастама жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім. Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Сондықтан мен бүгін бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Конституцияның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым", - деді Мемлекет басшысы.

 
Ол бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап беретінін атап өтті.
 

Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады", - деді Тоқаев.

 
Президент Жолдауда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынатынын еске салды. Оның бәрі жақын арада жүзеге асырылуы керек. 
 

Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз", - деп атап өтті Тоқаев.

 
Президент барша азаматтарды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға, еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсетуге шақырады. 
 

Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!", - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

 
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзде кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынған болатын.
 

Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын", - деді Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. 

 
Сондай-ақ, ол Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келгенін айтты. 
 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынады. 
 
17 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда Конституцияда Республика Президенті өкілеттігінің бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу көзделген.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны