09.02.2026, 08:39 72501
Электросамокаттар көлік құралы ретінде танылады: полиция мен бизнес өкілдері алдағы өзгерістерді талқылады
Достарға айту
Алматы қаласында электросамокаттарды пайдалануды реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға полиция департаментінің, прокуратураның, қала әкімдігінің басшылығы, сондай-ақ кикшеринг қызметін көрсететін компаниялардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында электросамокаттарды ресми түрде көлік құралы ретінде тануға бағытталған заңнамалық өзгерістер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа нормалар жалға берілетін электросамокаттарды пайдалану үшін бірыңғай әрі міндетті талаптарды енгізуді көздейді. Сонымен бірге бизнес субъектілері үшін өтпелі кезең қарастырылған.
Жиында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, пайдаланушылардың тәртібін бақылау, цифрлық қадағалау тетіктерін енгізу және кикшеринг операторларының жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Баламалы көлік түрлерінің кеңінен қолданылуы жол-көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың көбеюімен қатар жүретіні де атап өтілді.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, негізгі мақсат - қалалық мобильділікті шектеу емес, оны қауіпсіз әрі тиімді басқару.
Электросамокаттар бүгінде жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да өзге көлік құралдарына белгіленген ережелер секілді нақты әрі міндетті болуы тиіс", - деді ол.
Полиция деректеріне сәйкес, 2025 жылы Алматы қаласында электросамокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін самокат пайдаланушыларына қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса электросамокат арнайы тұрақтарға қойылған.
Кеңес аясында кикшеринг операторларына қойылатын талаптар да қаралды. Атап айтқанда міндетті сақтандыруды енгізу, электросамокаттарды нөмірлік белгілермен жабдықтау, геозоналау жүйесін қолдану және Ішкі істер министрлігінің дерекқорларымен интеграциялау мәселелері талқыланды.
Мопедтерді реттеу тәжірибесі жүйелі әрі қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетті. Мұндай тәсіл жол-көлік оқиғаларын азайтып, тәртіпті күшейтеді. Дәл осы әдіс электросамокаттарға да қолданылады. Бұл - азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам", - деп атап өтті Айдын Қабдулдинов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге және жаңа талаптарға бизнес пен пайдаланушылардың кезең-кезеңімен бейімделуін қамтамасыз етуге уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
12.06.2026, 13:05 10196
ШЫҰ: Жаңа белес пен зор мүмкіндіктер
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Дүние дидарында диалог қай кезде де бәтуаластыққа жол бастайтын ең басты құндылық саналады. Елдердің бірлік пен бітімгершілік жолында өзара құлақ асуы және дәуір сұраныстарына сай тізе қосып жауап әзірлеуі халықаралық жүйенің орнықтылығын айқындай түседі. Әсіресе өзгерістер мен дағдарыстар тұсында мұндай бірлескен қадамдардың маңызы зор. Осы ретте қазіргі әлемде мемлекеттер арасындағы өзара сенімге селкеу түсуін диалогтің уақыт өткен сайын тапшы "ресурсқа" айналып бара жатқанының салдары дер едік.
Дей тұрғанмен, дәл бүгінгі халықаралық саясатта елдердің сындарлы үндестігін орнатып, бейбітшілік пен өзара сенімді нығайтуға, тату көршілік пен ынтымақтастық тың әлеуетін ашуға қалтқысыз қызмет етіп жатқан іргесі берік көпжақты құрылымдардың да жарқын мысалдары бар. Осындай бірегей бірлестіктердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын сеніммен атап өтуге болады.
Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 2001 жылғы 15 маусымда құрылған ШЫҰ бүгінде әлемдегі ең ірі өңірлік көпжақты ұйымдардың бірі ретінде орнықты.
Бірлестіктің ширек ғасырға созылған дара даму жолы ШЫҰ үшін сенім қалыптастырудың, мәміле іздеудің және Еуразия кеңістігіндегі әріптестікті нығайтудың бірегей тарихына айналды. Ұйым осы уақыт ішінде тарихи тұрғыдан алғанда күрделі әрі серпінді даму жолынан өтіп, өзінің өміршеңдігін ғана емес, ерекше тиімділігі мен қажеттілігін жан-жақты дәлелдеді.
ШЫҰ-ның шежіресі 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері іргесін қалаған "Шанхай бестігінен" бастау алады. Бірлестіктің алға қойған негізгі мақсаттарына қолдау білдіре отырып, 2001 жылы оған Өзбекстан қосылды. Нәтижесінде, "Шанхай бестігі" Шанхай ынтымақтастық ұйымы ретінде керегесін кеңейтіп, оның Орталық Азиялық түпқазығы қағылды. Қазіргі таңда ШЫҰ-ға әлемнің 10 мемлекеті - мүше. Бүгінде ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіреді. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесіне Еуразия құрлығының 60 пайыздан астамы, Жер шары халқының жартысына жуығы және әлемдік ішкі жалпы өнімнің едәуір бөлігі тиесілі екеніне тоқталып өтуіміз керек.
Осы уақыт ішінде ұйым халықаралық және өңірлік ықпалды құрылымдар қатарындағы өзінің абырой-беделін жылдан-жылға дәйекті түрде нығайтып келеді. Халықаралық бірлестік қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз етудің қайратты тетігі ретінде танылды. Осы жерде атап өтер жайт, бүгінде біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаһандық рөлінің артып келе жатқанына куә болып отырмыз.
Ұйымның өзара тиімділікке және тең құқыққа бағытталуы, сондай-ақ оның қандай да бір идеологияның үстемдігіне жол бермеуге негізделген сындарлы әрі прагматикалық ынтымақтастық тәсілі - баға жетпес құндылық. Бұл тәсіл "Шанхай рухы" деген атауға ие болды және ұйымға мүше мемлекеттер таңдаған ерекше даму стратегиясын айқындайды. Уақыттың өзі көрсетіп бергендей, ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл тетіктері өзінің өміршеңдігі мен жоғары тиімділігін барынша дәлелдеді.
Соңғы саммиттердің нәтижелері ұйымның алға қойған міндеттері мен мақсаттарының ауқымдылығын айқын түрде паш етті. Яғни ШЫҰ-ның саясат, қауіпсіздік, сауда, экономика және гуманитарлық саладағы өзекті өңірлік мәселелер бойынша шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдай алатынын тағы бір мәрте танытты.
Бұл орайда Қазақстан ұсынған жоба бойынша 2024 жылы қабылданған ШЫҰ-ның "Әділетті бейбітшілік, келісім және даму жолындағы әлемдік бірлік туралы" бастамасы осы іргелі істің жарқын үлгісіне айналды. Бұл - сенімді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау қағидаттарын қамтитын бұрын-соңды болмаған кешенді құжат. Уақыт өте келе аталған бастама БҰҰ Бас Ассамблеясына ресми құжат ретінде ұсынылды.
Қауіпсіздік мәселесі - ШЫҰ-ның күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың қатарында тұр. Осы кезеңде Ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы бірлескен күресте айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Бұл жауапты жұмыста ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымына ерекше рөл жүктелген. Қабылданған шаралардың тиімділігі терроризм инфрақұрылымын жоюға қатысты нәтижелі қадамдармен дәйектеліп отыр. Ақпарат алмасудың жедел жүйесі қалыптастырылып, терроризмге қарсы тұрақты оқу-жаттығулар өткізіліп келеді. Сарапшылардың бағалауынша, күш-жігерді үйлестірудің арқасында ШЫҰ кеңістігіндегі террористік әрекеттердің саны тұрақты түрде азайып келеді.
Сонымен қатар өңір ауқымында көлік, энергетика, инвестиция және технология салаларындағы тұрақты өзара байланыстарға негізделген Еуразиялық кеңістіктің қалыптасуы Ұйымның қол жеткізген қомақты жетістіктерінің бірі саналады. Дәлірек айтқанда, қатысушы елдердің егемендігін құрмет тұтатын, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттарына сүйенетін икемді экономикалық әріптестік үлгісі құрылды.
Жемісті ықпалдастықты нығайту жолындағы нақты қадамдардың бірі ретінде ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп келеді. Болашақта бұл қаржы институты ұйым кеңістігіндегі экономикалық және гуманитарлық жобаларды іске асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналады деген сенім бар.
Бұған қоса ШЫҰ елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызы жыл санап артып келеді. Бүгінде ұйым аясында өзіндік өрнегімен танылған бірқатар брендтік жоба жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында ШЫҰ университеті, "Шекарасыз білім беру" жобасы, "Рухани киелі орындар" бағдарламасы, ШЫҰ-ның туристік және мәдени астаналары, Жастар форумы және басқа да көптеген бастамалар бар. Бұл жобалар ұйымның мәртебесін асырып қана қоймай, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын маңызды көпір қызметін атқарып жүр.
Қазақстан ШЫҰ қағидаттарының берік жақтаушысы саналады әрі ұйымның институционалдық дамуы мен халықаралық беделін арттыруды тұрақты түрде қолдап келеді.
Атап айтқанда, еліміздің 2017 жылғы төрағалығы кезінде Ұйымның құрамына Үндістан мен Пәкістан қабылданып, ШЫҰ кеңістігі кеңеюінің алғашқы кезеңі лайықты жүзеге асырылды. Ал 2024 жылғы Астана саммитінде ШЫҰ алғаш рет "ондық" форматында үн қатты. Дәл осы саммитте Беларусь Республикасы толыққанды мүше ретінде алғаш рет алқалы жиынға қатысты.
Бұған қоса Қазақстанның бастамасымен және басқа мүше мемлекеттердің қолдауымен ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы, Шекара мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісім, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Қазақстанның ұйым аясындағы басым бағыттарының бірі - ерекше екпінмен өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға бейімделу арқылы ШЫҰ қызметінің тиімділігін арттыру.
Астана Ұйымды жаңғыртуды, оның институттарын заманауи сын-қатерлерге бейімдеуді және ынтымақтастықтың тәжірибелік мазмұнын күшейтуді дәйекті түрде қолдап келеді.
Осы тұрғыда Қазақстанның 2023-2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы ерекше маңызға ие болды. 2024 жылғы Астана саммитінде ұйым қызметін жетілдіру үдерісі басталып, оның институционалдық тұрақтылығын нығайтуға, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жағдайында ШЫҰ жаңа геосаяси және экономикалық шынайы ахуалға дер кезінде бейімделуі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан ұйым қызметіне кешенді талдау жүргізуді, оның ішінде шешім қабылдау тетіктерін, бірлескен жобаларды іске асыру барысын және салалық құрылымдардың қызметін үйлестіру мәселелерін қарастыруды ұсынды.
Қазақстан бастамашылық еткен ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі қазіргі таңда мүше мемлекеттер тарапынан белсенді түрде талқыланып жүр. Бұл іргелі бастаманың негізгі мақсаты - ұйымның тәжірибелік тиімділігін арттыру және оның Еуразия кеңістігіндегі халықаралық ынтымақтастықтың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі рөлін күшейту.
Қазақстан ұйымның экономикалық құрамдас бөлігін нығайтуды да қолдайды. Бұл бағыт - ШЫҰ әлеуетінің толық пайдаланылмауына байланысты жиі сынға ұшырайды және осы тақылеттес пікірлердің белгілі бір дәрежеде негізі бар екенін мойындау қажет.
Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша ШЫҰ әлемдегі ең ірі бірлестіктердің санатына жатады. Мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы әртүрлі бағалаулар бойынша шамамен 1 трлн долларды құрайды. Ұйым құрамында әлемдегі ең ірі энергия өндірушілер мен тұтынушылар бар. Сонымен қатар өңір аумағы арқылы халықаралық маңызы бар негізгі құрлықтық көлік дәліздері өтеді.
ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті ұйымның серпінді экономикалық ынтымақтастықтың маңызды орталықтарының біріне айналуына толық мүмкіндік туғызады. Алайда бұл әлеует әлі де толық көлемде игерілген жоқ. Осыны ескере отырып, Қазақстан бірлескен инвестициялық жобаларды жандандыруды, өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануды және ұйымға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытуды ұсынады.
Өз тарапынан Қазақстан цифрлық бейімделу деңгейі жоғары әрі қызмет көрсету саласында мол тәжірибе жинақтаған орта держава ретінде ШЫҰ аясында цифрлық трансформация, инновацияларды енгізу және электрондық сауда, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект салаларындағы жаңа ынтымақтастық алаңдарын қалыптастыру бағыттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
ШЫҰ мемлекеттері үшін экологиялық мәселелер экономикалық тұрақтылықты, азық-түлік қауіпсіздігін және халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Өңір үшін климаттың өзгеруі, шөлейттену, су ресурстарының азаюы және қоршаған ортаның ластануы мәселелері ерекше өзекті болып отыр. Орталық Азия су қауіпсіздігі тұрғысынан әлемдегі ең осал өңірлердің бірі саналады. Сондықтан экологиялық күн тәртібі ШЫҰ үшін стратегиялық маңызға ие.
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Су проблемаларын талдау орталығын құру бастамасына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Бұл құрылымның қызметі су ресурстарын тиімді және орнықты пайдалану саласындағы технологиялар мен үздік тәжірибелерді біріктіруге, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдерді бірлесіп енгізуге бағытталмақ.
Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда ШЫҰ көпсалалы халықаралық ұйым ретінде толықтай қалыптасқаны айдан анық. Ұйымдағы әрбір ынтымақтастық бағыты "Шанхай рухын" сақтай отырып және барлық мүше мемлекеттердің белсенді қатысуымен үйлесімді дамып келеді.
Осы тұста айрықша атап көрсететін тақырып - қауіпсіздік саласындағы ауқымды жұмысына қарамастан, ШЫҰ әскери блок немесе үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталған жабық одақ емес. ШЫҰ - ашық ынтымақтастық кеңістігі.
Қазақстан дәстүрлі түрде тең құқықты диалогті, шешімдерді бәтуаластық негізінде қабылдауды және текетірестік тәсілдердің пайда болуына жол бермеуді қолдайды. Тек ШЫҰ Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарына адалдық таныту арқылы ұйымның теңгерімді дамуын және ашық әрі сенімді көпжақты диалогті қамтамасыз етуге болады.
Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ әртүрлі саяси дәстүрлері, экономикалық модельдері мен мәдени ерекшеліктері бар мемлекеттердің ұстанымдарын ортақ мақсаттар мен болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік төңірегінде біріктіре алатынын бірнеше рет дәлелдеді.
Бұл мерейтойлық белестің жүріп өткен жолына қарағанда қажырлы еңбек, дипломатиялық шеберлік, саяси көрегендік және мемлекеттердің өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға деген шынайы құлшынысы жатқанын көреміз.
Бүгінде ШЫҰ өзіндік даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бұл - ынтымақтастықтың тиімділігі жаһандық тұрақтылыққа және миллиондаған адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін көкжиегі кең кезең.
Уақытпен екшелген мол тәжірибе, өзара іс-қимылдың бірегей әлеуеті және "Шанхай рухының" мызғымас қағидаттарына адалдық - Ұйымның алдағы уақытта да халықаралық сахнадағы маңызды орталықтардың бірі болып қала беруіне мүмкіндік туғызатынына кәміл сенемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: "Біздің халықтарымыз ШЫҰ-дан зор үміт күтеді. Олар Ұйым аясындағы өзара ымыра мен ортақ мүдделерді ескеруге негізделген нәтижелі ынтымақтастық қазіргі сын-қатерлер мен болашақтағы қиындықтарды абыроймен еңсеруге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді".
Дереккөз: egemen.kz
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.06.2026, 14:53 28856
Қазақстандағы БҰҰ өңірлік орталығы: жобаларды іріктеуде қандай критерийлер қолданылады
Сурет: depositphotos.com
Достарға айту
Қазақстанда Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы өз жұмысын бастайды. Орталық жүзеге асыратын жобаларды іріктеу кезінде қандай критерийлер қолданылатыны туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сенат отырысында айтып берді.
Ең алдымен өңірлік жобаларға басымдық беріледі. Әрбір мемлекеттің стратегиялық даму жоспарларын үйлестіру және өзара ықпалдастыру арқылы БҰҰ орталығы жекелеген елдерде тиісті жобаларды іске асыратын болады. Бұл жобалар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларда жүзеге асырылады, ал әрбір мемлекет аталған басымдықтарға негізделген кешенді өзара іс-қимыл жоспарын әзірлейді", - деді Ержан Ашықбаев.
Сонымен қатар, спикер барлық бағдарламалар Біріккен Ұлттар Ұйымының қатаң талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, орталық жыл сайын іске асырылған жобалар туралы, сондай-ақ өзінің қаржылық жағдайы мен бөлінген қаражаттың пайдаланылуы жөнінде есеп беріп отырады.
Еске салсақ, бүгін ҚР Парламенті Сенаты "Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады.
Орталық техникалық көмекті кеңейтумен, тәжірибе алмасуды және сараптамалық қолдауды ұйымдастырумен, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-мен және Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанмен өзара іс-қимылын нығайтумен айналысады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
11.06.2026, 12:45 30861
Қазақстан СІМ Дмитрий Харристің азаматтығы туралы ақпаратты тексеріп жатыр
Достарға айту
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өзін Ресей аумағында ұстап отырғанын мәлімдеген Дмитрий Харристің азаматтығы туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Сенаттағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Біз Харрис азаматынан келіп түскен өтінішті алғанымызды растаймыз. Ресей Федерациясының құзыретті органдарының мәліметіне сәйкес, аталған азамат Ресей Федерациясының азаматы ретінде де тіркелген", - деп Ержан Ашықбаевтың сөзін "Казинформ" халықаралық ақпарат агенттігі келтіреді.
Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттар өтініш иесіне қажетті консулдық қолдау көрсетіп жатыр.
Ең алдымен, оның нақты қай мемлекеттің азаматы екенін анықтап алуымыз қажет. Осы мақсатта біздің Астрахань қаласындағы Бас консулдығымыз аталған азаматпен, сондай-ақ Ресей Федерациясының құзыретті органдарымен тікелей байланыста жұмыс істеп жатыр", - деп қосты Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Дмитрий Харристің Ресей Федерациясының аумағында ұсталып отырғанын айтып, Қазақстанның мемлекеттік органдарынан көмек сұрағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.06.2026, 10:29 59226
"Үлкен Алтай - 2026" конференциясы: ШҚО әкімі инвесторларды бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Бүгін Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай қаласында "Үлкен Алтай - 2026" халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған өңір делегациясы қатысты. Ауқымды жиынға еліміздің бірнеше аймағынан бөлек, Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның өкілдері жиналды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Шара шымылдығын өз сөзімен ашқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзян конференцияға келген барлық делегация мүшелеріне алғыс білдіріп, өзара қарым-қатынасты дамыта түсуге ниетті екендіктерін және түрлі бағыттағы жобаларды іске асыруға әзірліктерін жеткізді.
Жиын барысында ШҚО әкімі баяндама жасап, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Жылы қабылдап, конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өзара ынтымақтастықты дамытуға тұрақты түрде көңіл бөліп келе жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Алтай - Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия халықтарын біріктіреді. Бүгінде ол табиғи бай мұрасы ауқымды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалармен үйлесім тапқан жаңа мүмкіндіктер мекеніне айналуда. Шығыс Қазақстан үшін 2026-2027 жылдары "Біздің ортақ үйіміз - Алтай" халықаралық үйлестіру кеңесіне төрағалық ету үлкен мәртебе. Біз бұл жауапты міндетті өзара іс-қимылды жандандыруға, серіктестік байланыстарды нығайтуға және Үлкен Алтай өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге берілген мүмкіндік ретінде қарастырамыз", - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шығыс Қазақстан Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Моңғолия және Орталық Азия елдерін байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық тораптардың бірі ретіндегі әлеуетін одан әрі күшейтуге ниетті.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін өңірде заманауи көлік инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ірі көпір пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда 1,5 мың шақырымнан астам автокөлік жолы жөнделіп, қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар шекара маңындағы Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі әуежайдың құрылысы басталды.
Аталған жобалардың нәтижесі қазірдің өзінде айқын сезіліп жатыр. Негізгі көлік дәліздері арқылы жүк тасымалдау уақыты бір тәулікке жуық қысқарды. Қытай Халық Республикасымен шекарадағы "Майқапшағай" автокөлік өткізу бекетін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Ресей Федерациясымен шекарадағы "Уба" өткізу пунктін жаңғырту, Шемонаиха ауданындағы Үлбі өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жоспарланған. Біз жыл сайын 1 миллионға дейін турист қабылдауға дайынбыз. Марқакөл мен Катонқарағайдан бөлек, Риддер қаласының маңы мен Бұқтырма су қоймасының жағалауы да өңірдің бірегей туристік бағыттарының қатарында. Қытай, Ресей және Моңғолия инвесторларын облыс аумағында заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобаларды бірлесе іске асыруға шақырамыз", - деді облыс әкімі.
Ары қарай панельдік сессиялар өтіп, Шығыс Қазақстан облысының басқарма басшылары мен аудан әкімдері баяндама жасайды. Сондай-ақ өңір делегациясының мүшелері B2B кездесулерге қатысып, шетелдік әріптестерімен өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқыға салады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.06.2026, 10:55 79366
Президент Иордания Короліне құттықтау жеделхатын жолдады
Сурет: akorda.kz
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев II Абдалла бен әл-Хусейн мен оның отандастарын Иорданияның төл мерекесі – Корольдің Таққа отырған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен өзара қолдау рухындағы сан қырлы ынтымақтастық қос халықтың игілігі жолында қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Президент Корольдің жауапты қызметіне толағай табыс, ал Иордания халқына құт-береке тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.06.2026, 12:18 106781
Түркістан облысының прокуроры тағайындалды
Достарға айту
Бауыржан Мырзакеров Түркістан облысының прокуратурасына жетекшілік етеді, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының келісімімен және Бас Прокурордың бұйрығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Бауыржан Қыпшақұлы Мырзакеров Түркістан облысының прокуроры лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Бауыржан Мырзакеров еңбек жолын Қапшағай гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі болып бастады.
Әр жылдары Сарыөзек, Өскемен, Қапшағай гарнизондарының әскери прокуроры, Бас әскери прокурордың орынбасары, Павлодар облысы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Қызмет бастығының орынбасары, Қызмет бастығы, Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры болып қызмет істеген.
2022 жылғы мамырдан Қарағанды облысының прокуроры болды.
Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін I және II дәрежелі "Даңқ" ордендерімен наградталған. Прокуратураның құрметті қызметкері.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.06.2026, 11:23 109036
Елімізде 2026 жылғы егіс науқаны табысты аяқталды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде елімізде 2026 жылғы егіс науқаны аяқталды. Көктемгі дала жұмыстары еліміздің барлық өңірінде белгіленген агротехникалық мерзімде жүргізілді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Науқанның уақтылы жүргізілуіне Үкімет атарпынан қабылданған мемлекеттік кешенді қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, шаруаларды қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге басымдық берілді.
Қабылданған шаралар егіс жұмыстарының тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру үшін қосымша жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Фермерлерді ерте қаржыландыру және тиімді қолдау тетіктері
Биыл Қазақстандағы жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Барлық аймақта жаппай егіс жұмыстарының басталғанға дейін топырақты дайындауға бағытталған міндетті агротехникалық жұмыстар жүргізілді: ылғалды сақтау, егіс алдындағы өңдеу және көктемгі жер жырту.
Ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша жүргізілген егіс жұмыстарының құрылымы келесідей:
- дәнді дақылдар - 14,6 млн гектар;
- майлы дақылдар - 4,2 млн гектар;
- мал азықтық дақылдары - 1,2 млн гектар;
- мақта - 166 мың гектар;
- көкөніс дақылдары - 120 мың гектар;
- картоп - 126 мың гектар;
- бақша дақылдары - 84 мың гектар;
- қант қызылшасы - 22 мың гектар.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан егіс науқандарын ерте қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл механизм егіншілерге қажетті қаржы ресурстарын алдын-ала тартуға, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен техниканы ең тиімді бағамен уақтылы сатып алуға, сондай-ақ егіс жұмыстарын жүргізуге сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің маусымдық баға өсіміне тәуелділігі төмендейді, егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қамтамасыз етілуде.
2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер қабылдау бұған дейінгіден ерте, 2025 жылдың қазан айында басталды. Жалпы, 2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыру үшін 750 млрд теңге бөлу жоспарланған, 2025 жылы да осы көлемде қаржы бөлініп, 8,5 млн гектарға егін егілген болатын. Осы желі бойынша 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 573 млрд теңгеге қаржыландырылды, бұл 6,8 млн гектардан астам алқапта егін егуге мүмкіндік берді.
Кепіл базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде мемлекеттік кепілдік беру бағдарламасының енгізілгені негізгі көмек болды. 2025 жылы осы құрал аясында 283 млрд теңге несие сомасына 1633 кепілдік берілді. 2026 жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 16 млрд теңге қарастырылды: науқан аясында 273 млрд теңге көлеміндегі несиеге 1733 кепілдік берілді.
Қаражатты фермерлерге дейін жеткізу енді операторлардың кең ауқымды желісі арқылы жүзеге асырылады, олар:
- Аграрлық несие корпорациясы (АНК);
- Екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ);
- микроқаржы ұйымдары (МҚҰ);
- өңірлік инвестициялық орталықтар (ӨИО),
- кредиттік серіктестіктер (КС);
- әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК).
Өңірлердегі көктемгі дала жұмыстарының барысы
Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері дәстүрлі түрде Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары болып қала береді. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі көбінесе осы аймақтардағы егіс жұмыстарының нәтижелеріне байланысты, сондықтан олар үнемі ерекше назарды ұсталады.
Мәселен, СҚО-да егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрады. Егіс құрылымын әртараптандыру шеңберінде дәнді дақылдар алқабы 2,9 млн гектарға дейін оңтайландырылды, оның ішінде бидай - 1,9 млн гектар. Бұл ретте жоғары сұранысқа ие дақылдарға баса назар аударылып отыр: майлы дақылдар алқабы екінші жыл қатарынан 1 млн гектарға жеткізілді. Жемшөп дақылдары 405 мың, картоп 8,6 мың, көкөністер 1,4 мың гектар алқапты алды.
Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы техникасы паркі қарқынды түрде жаңартылуда. Биыл бұл көрсеткішті 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 90 млрд теңгеге 3,5 мың техника сатып алу қарастырылған, оның ішінде 29,9 млрд теңгеге бүгінде 770 данасы сатып алынды.
Ақмола облысында жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарды құрады. Әртараптандыру аясында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың алаңы 4,5 млн гектарға дейін, 184,6 мың гектарға қысқартылды. Соның есебінен анағұрлым сұранысқа ие бағыттар кеңейтілді: майлы дақылдардың егісін 220 мың гектарға ұлғайтылып, олардың көлемі 715 мың гектарға жетті, ал мал азықтық дақылдар 34,1 мың гектарға артып, 370,7 мың гектарды құрады. Картоп пен көкөніс тиісінше 8,6 мың гектар және 1,5 мың гектар аумаққа орналастырылды.
Егістік жұмыстармен қатар өңір жоғары логистикалық және индустриялық әлеуетін де көрсетіп отыр. Жыл басынан бері облыстың астық қабылдау кәсіпорындарынан экспортқа 1,9 млн тонна астық жөнелтілді.
Аршалы ауданында жылына 3 млн тоннаға дейін шикізатты өңдейтін ірі астықты терең өңдеу зауытын салу өңдеу саласын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Кәсіпорында натрий глутаматы, лизин және басқа да өнімдер өндіру жоспарланған. Жоба "Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd." компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жүзеге асыру кезеңі 2026-2028 жылдарға жоспарланған, инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайды. Жоба алғашқы кезеңде 1 мыңға дейін, толық қуатқа шыққанда 3 мыңға дейін жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы техникасын белсенді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 2025 жылғы 7%-бен салыстырғанда 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қаңтар-мамыр айларында өңір шаруалары жалпы құны 38,4 млрд теңгені құрайтын 789 бірлік техника сатып алды.
Қостанай облысында көктемгі егіс науқанының жалпы көлемі 5,2 млн гектар деңгейінде жоспарланды. Диверсификация аясында бидай үлесін қысқарту есебінен майлы дақылдардың алқабы 887 мың гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар 212,3 мың гектарға, картоп 7,5 мың гектарға және біржылдық шөптер 107 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Науқанды жүргізу үшін 1-3 сыныптағы кондициялық тұқымдардың 514,2 мың тоннасы пайдаланылды, сондай-ақ литрі 281 теңгеден аспайтын жеңілдетілген дизель отынының 73,3 мың тоннасы бөлінді.
Бұл ретте өңір астықтан ұн өңдеу бойынша республикадағы көшбасшы орнын сақтап келеді. Облыстың үлесіне еліміздегі ұн өндірісінің 30%-ы тиесілі. Өңірде жылдық қуаттылығы 2 млн тоннаға дейін жететін 35 диірмен кешені жұмыс істейді. 2024-2025 жылдары астық өңдеу саласында жалпы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал 2027-2028 жылдары жылына 415 мың тонна бидайды терең өңдеу қуаты бар Qostanai Grain Industry зауыты мен Tobol center KZ кешенінің құрылысы жоспарланған.
Егін егу алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу
Президент тапсырмаларына сәйкес, биылғы егін егу науқанында жоғары табысты және стратегиялық маңызы бар дақылдарға басымдық берілді. Нәтижесінде майлы дақылдардың егіс алқабы 74 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 4 млн гектардан асады. Ал мал азықтық дақылдарға 3,3 млн гектардан астам жер бөлініп, олардың алқабы 237 мың гектарға кеңейтілді.
Сонымен қатар бидай егістігі алқаптарын кезең-кезеңімен оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде бидай егісінің көлемі 12,1 млн гектарға дейін қысқартылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 125 мың гектарға азайды. Егіс алқаптарын қысқарту бағытындағы түзетулер жүгері дақылының егісіне де қатысты.
Үкімет республикадағы оңтүстік өңірлерге ерекше назар аударуда, мұнда ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын жүйелі түрде оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Су пайдаланудың нақты теңгерімі негізге алынып, егіс құрылымы су ресурстарын пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестікте бекітілді.
- Республика бойынша күріштің егіс алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды.
- Мақта шаруашылығында су үнемдеу бағытына арналған технологиялық өзгеріс жүзеге асырылды: дәстүрлі суару әдістерін 12 мың гектарға қысқарту есебінен, тамшылатып суару технологиясы енгізілген мақта алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғайтылды.
Жеңілдетілген бағадағы дизель отынымен қамтамасыз ету
Энергетика министрлігі еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаттарын ескере отырып, көктемгі егіс науқанына 402,3 мың тонна дизель отынын бөлді.
Үкімет фермерлер үшін жанар-жағармай материалдарының құнын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. Операторлық шығындарды қоса есептегенде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдетілген дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 281 теңге деңгейінде белгіленді. Бұл елдегі жанармай құю станцияларындағы орташа бөлшек бағадан 15%-ға төмен. Қазіргі таңда бөлшек саудадағы дизель отынының бағасы литріне 330 теңге.
Бекітілген жеткізу кестесіне сәйкес, жалпы көлемі 402,3 мың тоннаны құрайтын жоспар аясында аграршылар 324,8 мың тонна дизель отынына келісімшарт жасап, төлем жүргізген. Бұл жалпы жоспардың 81%-ы. Іс жүзінде өңірлерге 300,9 мың тонна немесе жеңілдетілген отынның жалпы көлемінің 75%-ы жөнелтіліп, жеткізілді.
Машина-трактор паркін жаңғырту және мемлекеттік қолдау тетіктері
Оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жоғары өнімділік машина-трактор паркінің техникалық дайындығының арқасында қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының қарамағында 133,9 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы болды. Егістік алқаптарында сервистік қызмет көрсетуді 70 мамандандырылған орталық қамтамасыз етті.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өткен кезеңде егіншілер шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алып, техникалық паркті жыл сайын жаңару деңгейін 6,5%-ға жеткізді. Алдағы егіс науқаны қарсаңында Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне техника паркін жаңғырту қарқынын жеделдету міндетін жүктеді. Осы мақсатта Үкімет отандық машина жасау саласын дамытуға бағытталған өзара байланысты қолдау бағдарламаларының кешенін іске қосты.
Солардың бірі - фермерлер арасында жоғары сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру бағдарламасы. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бағдарламаны қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайтылды. Егер өткен кезеңде отандық өндірістегі техниканы лизингке алуға бюджеттен 250 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа кемінде 300 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Қабылданған шаралар аграршыларды егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары өнімді техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, сабақтас өнеркәсіп салаларының дамуына да қосымша серпін беруіне мүмкіндік жасады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
06.06.2026, 12:47 148536
Қазақстан мен Сауд Арабиясы туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
Сауда серіктестері алдағы жазғы маусымда Қазақстанға туристік бағыт ретінде жоғары қызығушылық бар екенін растады
Достарға айту
Астана. 6 июня. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен "Қазақстанның туристік әлеуеті" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға екі мемлекеттің ресми органдарының, жетекші туристік қауымдастықтарының, іскерлік орталары мен БАҚ өкілдері қатысып, өзара ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Сауд тарапынан Сауд Туризм басқармасының басшылығы, сондай-ақ Корольдіктің "Al Matar", "Almosafer", "Oriental Sky", "Alahram" және "Jayak travel" сынды жетекші туроператорлары мен "Al Hokair Holding Group" және "Al Taleb Group" секілді ірі инвесторлық компанияларының басшылары бас қосты. Қазақстандық тараптан "Kite travel", "Imax Group Kazakhstan" және "Elite life" сияқты отандық туристік нарықтың танымал компаниялары өздерінің бірегей өнімдерін таныстырды.
Кездесудің ашылуында екі ел арасындағы туризм секторының зор әлеуеті мен өзара туристік ағынның оң динамикасы ерекше аталды. Саудтық саяхатшылар үшін Қазақстанның қауіпсіз, қолайлы әрі бірегей эко-туристік бағыт екендігіне ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстел аясында екі елдің туркомпаниялары арасында B2B кездесулері мен келіссөздері ұйымдастырылды. Бұл іскерлік алаңда қатысушылар өзекті ақпаратпен, сонымен қатар жаңа туристік маршруттармен әрі іскерлік байланыстармен алмасты.
Іс-шара қорытындысы бойынша ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берген саудтық серіктестер алдағы жазғы маусымда Қазақстанға деген туристік қызығушылықтың жоғары екенін растап, жаңа бірлескен турпакеттерді іске асыруға ниет білдірді, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы туристік және инвестициялық ықпалдастықты жаңа белеске көтеруге серпін берді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Сауд Арабиясынан Қазақстанға келетін туристер саны тұрақты артып келеді: 2024 жылы бұл көрсеткіш 9 060 адамды құраса, 2025 жылы 11 666 адамға жеткен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
12.06.2026, 15:51Корея Республикасының Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды 12.06.2026, 17:05 Аустрия парламентінің депутаттары парламентаралық диалогты одан әрі жалғастыруға мүдделілік білдірді19586Аустрия парламентінің депутаттары парламентаралық диалогты одан әрі жалғастыруға мүдделілік білдірді12.06.2026, 17:45 19031Белградта Қазақстан - Сербия экономикалық ынтымақтастығы мәселелері талқыланды12.06.2026, 17:50 18706Астанада Қазақстан-Канада іскерлік кеңесі өтті12.06.2026, 19:31 16706Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
06.06.2026, 12:47 148306Қазақстан мен Сауд Арабиясы туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде06.06.2026, 16:06 111626Қазақстан Бледтегі Халықаралық су форумында су саласындағы бастамаларын ілгерілетуде06.06.2026, 15:30 111221Бакуде ТМҰ мүше мемлекеттері ұлттық банктері кеңесінің екінші отырысы өтті08.06.2026, 11:23 108806Елімізде 2026 жылғы егіс науқаны табысты аяқталды08.06.2026, 12:18 106551Түркістан облысының прокуроры тағайындалды
15.05.2026, 21:02 277651Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды22.05.2026, 20:31 251176Үкіметте ЕАЭО-ның шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері талқыланды15.05.2026, 20:45 244076Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді15.05.2026, 19:53 243461Түркістан қаласында ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы өтті15.05.2026, 19:43 240556Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысты

